Әсіресе, Қытай мен Еуропаны жалғайтын құрлық жолында орналасуымыз көп мүмкіндікке жол ашып берді. Бұл ретте Транскаспий халықаралық көлік дәлізі жобасы Қазақстанның соңғы жылдары ерекше назар аударып отырған бағыты болып отыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елімізге ресми сапармен келген Словения президенті Наташа Пирц-Мусармен кездесуде де осы көлік дәлізінің маңызын еске салып, көлік-логистика саласындағы байланыс аясын кеңейтуге көңіл аударған-ды.
Президенттің баспасөз қызметі таратқан ресми ақпараттардың ішінде «Кездесуде екі ел басшылары көлік-логистика саласындағы байланыс аясын кеңейту мәселесін талқылады. Атап айтқанда, Транскаспий халықаралық көлік дәлізі жобасына Словенияның «Лука Копер» теңіз портын қатыстыру жөнінде ортақ пікірге келді. Өзара алыс-берістің көлемін арттыру үшін президенттер құзырлы органдарға нақты шаралар қабылдау туралы тапсырма берді», – делінген. Яғни, Қазақстан кейде «Орта дәліз» деп аталып жүрген Транскаспий халықаралық көлік дәлізінің жетіле түсуіне мүдделі деген сөз. Бұл отандық өнім экспорты мен тауар транзитінің көпвекторлы бағытын дамытуға да айрықша септігін тигізеді.
Сейсенбі күні Астанада өткен Қазақстан – Словения бизнес форумында Қасым-Жомарт Тоқаев бұл бағыттың маңызына тағы да тоқталды. «Қазақстан Еуразиялық экономикалық одақ елдерінде, Орталық Азия аймағында және Қытайда тұратын 1,5 млрд-тан астам тұтынушыға тікелей шығу мүмкіндігін ұсына алады. Еліміздің аумағы арқылы өтетін жүк тасымалының көлемі былтыр рекордтық көрсеткішке, яғни 514 тонна-шақырымға жетті. Қазір Қазақстан Еуропа мен Қытай арасындағы құрлықтық алыс-берістің 90 пайызын қамтамасыз етіп отыр. Біз Орта дәліз және Солтүстік – Оңтүстік секілді халықаралық күре жолдарды белсенді түрде дамытуды қолға алдық. Ақтау және Құрық порттары Каспий теңізіндегі жүк тасымалында маңызды рөл атқарады. Аталған теңіз айлақтарынан жөнелтілетін жүк көлемі былтыр 4,5 млн тоннаға жетті (2023 жылғы 2,5 млн тоннамен салыстырғанда 62 пайыз өсім). Бұл – рекордтық нәтиже. Осы орайда көлік байланысын күшейтіп, сауда-саттықты жандандыру үшін Словенияның ең ірі Копер портымен тәжірибе алмасуды және серіктестікті тереңдетуді көздейміз», – деді Мемлекет басшысы. Осылайша, Президент «Орта дәліз» жобасында Қазақстан шешуші рөл атқаратынына назар аударды.
Жалпы, Мемлекет басшысы атап өткен «Лука Копер» порты Адрия теңізіндегі маңызды логистикалық хабтың бірі саналады. Жылдан-жылға оның транспорттық әлеуеті артып келеді. Мысалы, былтыр 23 миллион тонна тауар тасымалдап, 327 миллион доллар таза пайда тапқан. Портта 12 терминал бар. Порттың контейнер терминалы былтыр 1 млн 133 мың 340 контейнер (TEU) өткізіпті. Ал қазақстандық Ақтаудан Әзербайжанның Алаят портына 2025 жылы шамамен 88 мың контейнер өтеуі мүмкін деген болжам бар. Әрі бұл мөлшер жыл санап өсе берері сөзсіз. Демек, контейнер тасымалының өзінде Словения порты қуатты әріптес бола алады деген сөз.
Одан бөлек, словениялық порттың мұнай тасымалындағы рөлі де аз емес. Ал Қазақстан мұнайының басым бөлігі Каспий құбыр желісі консорциумына (КТК) тиесілі және аталған бағыттағы қауіп-қатер сақталып тұр. Сондықтан мұнай тасымалында да Транскаспий халықаралық көлік дәлізі қуатты балама бағыттардың біріне айналуы керек. Айталық, былтыр Ақтау порты танкерлерге тек қаңтар мен қараша аралығында 4 млн тоннадан астам мұнай құйыпты. Ал мүмкіндігі 7,5 млн тонна екен. Егер жаңа танкерлер алсақ, жағалауды тереңдетіп, жылжымалы айлақ салсақ, Әзербайжанмен келісіп, олардың құбырларын пайдаланудағы лимитті ұлғайта алсақ, жылына 20 млн тонна мұнайды Транскаспий дәлізі арқылы шетелге шығаратын мүмкіндігіміз бар екен. Бұл дегеніңіз еліміз өндіретін мұнайдың төрттен біріне жуықтайтын еді. 2025 жылы 96 млн тонна мұнай өндіруді жоспарлаған Қазақстан үшін мұнай тасымалында балама бағыттардың молайғаны өте өзекті.
Ал «Орта дәліз» жобасына қатысатын көптеген мемлекет Қазақстан ұстанымына ерекше назар аударады. Еуразия құрлығындағы маңызды логистикалық хабқа айнала бастаған Қазақстан жобаға қатысушы өзге мемлекеттердің де табысқа кенелуіне жол ашып отыр. Әзербайжандық саясаттанушы Ризван Гусейнов Астанада Қазақстан мен Словения президенттері талқылаған мәселе бакулік сарапшылар назарынан тыс қалмағанын айтады.
Ризван ГУСЕЙНОВ,
саясаттанушы (Әзербайжан):
– Қазақстан Президенті мен Словения Президентінің «Орта дәліз» мәселесін сөз етуі жоба философиясына әбден лайық диалог деп білемін. «Лука-Копер» портын жобаға қатыстыру бауырлас Қазақстан мен Әзербайжан байланыстарына, экономикасына, соның ішінде тауар экспортына, мұнай, газ тәрізді өнімдердің транзитіне үлкен олжа салатын қадам. Білесіздер, Әзербайжан Словениямен тығыз байланыс орнатқан. Жалпы алғанда, біздің ел Балқан түбегі елдерінің барлығына газ экспорттайды. Әрі осы бағыттағы жаңа жобалардың барлығына қызығады. «Орта дәліздің» негізгі бағыты саналатын желі Қазақстаннан Каспий теңізі арқылы Әзербайжанға, одан Түркияға, әрмен қарай Балқан елдеріне өтуі керек. Сондықтан бұл жоба өте маңызды.
Әлбетте, «Орта дәлізді» жетілдіру үшін Зенгазурдағы Армения аумағындағы бағыттардың ашылғанын күтеміз. Дегенмен энергия, мұнай, табиғи газ транзитінде дәліздің бір тармағы біраздан бері жұмыс істеп тұр. Қазақстан мұнайы, өзге өнімдері дәліз арқылы «Лука-Копер» портына жеткізілсе, сөзсіз бауырлас Әзербайжан елі де қуанады. Біз тұтас «Орта дәліз» жобасының жетіле түскеніне, Қазақстан өнімдерінің Еуропа нарығына көптеп жеткізілуіне мүдделіміз».
Түйін:
Қазақстан төңіректегі жұрттың барлығын тең көріп, бейтарап саясат ұстану арқылы Еуразия кеңістігінде өзіне де, өзгеге де олжа салатын елге айналып келеді. Мемлекет басшысының Транскаспий көлік дәлізі қатарлы жобаларды дамытуға барын салуы айналадағы елдердің де дамуына ықпал етері сөзсіз. Сондықтан Астанаға ат басын тіреген шетелдік лауазымды тұлғалардың сапарын айналадағы жұрт ұдайы бақылайды. Өйткені біз көршісі аш кезде өзі тоқ отыруды құп көрмейтін жұртпыз.
Амангелді ҚҰРМЕТ