2023 жылы Adal as компаниясының демеушілігімен басталған бұл байқау ұлы ақын, философ Шәкәрім Құдайбердіұлының шығармашылығы мен өмірбаянын жасөспірімдер мен балалар арасында кеңінен насихаттауға арналып отыр.
Дәстүрлі «Шәкәрім оқулары» байқауының бірінші турына биыл еліміздің барлық аймағынан екі мыңнан астам үміткер қатысуға өтінім берген. Әсіресе, 5-8-сынып оқушылары арасында белсенділік байқалды. Әрі аймақтарда жас шәкәрімтанушылардың қатары көбейіп отырғаны қуантады. Мысалы, бір ғана Қызылорда облысынан байқаудың алағашқы кезеңіне қатысуға 162 бала ынта білдірген екен.
Енді осы екі мыңнан аса қатысушының арасынан іріктеліп, топ жарған 18 бала елордаға келіп, байқаудың ақтық сынына қатысты. Үміткерлер Шәкәрім Құдайбердіұлының ғибадатқа толы өлеңдерін жарыса жатқа айтып, қазылар алқасының қойған сұрақтарына жауап беріп, қабілеті мен өнерін ортаға салды.
Байқаудың шымылдығын Ұлттық академиялық кітапхана басшысының міндетін атқарушы Нұржан Нұрланұлы құттықтау сөзбен ашты.
– Құрметті, ел ағалары, ұстаздар, оқушылар, қатысушылар Ұлттық академиялық кітапханада өтіп жатқан III республикалық «Шәкәрім оқуларына» қош келдіңіздер! Бұл ұлы ойшыл Шәкәрім Құдайбердіұлының тағылымды еңбектері мен өнегелі өмір жолын насихаттау мақсатында еліміздің барлық аймағында өткен байқаудың мәресі, екі айға жуық болған сынақтың қорытындысы. Әр облыстың үкіленген үмітін арқалап келген, «Шәкәрім оқуларына» қатысып жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар атанар үздіктердің анықталар сәті. Ал біз Ұлттық академиялық кітапхана басшылығы тарапынан оқушыларға осындай білім мен ғылым сайысына қатысуға жол ашқан жас шәкірімтанушылардың ұлағат шуағына бөленуге мүмкіндік берген Adal as компаниясына, оның басшысы Ермек Асылғазыұлына алғысымызды білдіреміз, – деді ол өз сөзінде.
Үшінші мәрте өткен «Шәкәрім оқулары» байқауына Adal as компаниясының құрылтайшысы, меценат Ермек Мезібаев, ақын, филология ғылымдарының докторы, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Жанат Әскербекқызы, филология ғылымдарының кандидаты, доцент, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті жанындағы «Абай академиясы» ғылыми-зерттеу институтының директоры, абайтанушы Жандос Әубәкіров, тарих ғылымдарының докторы, Еуразия ұлттық университетінің профессоры, Мемлекет тарихы институтының Тарих және қоғамдық ғылымдар академиясының академигі Махсат Алпысбесұлы, журналист Aiqyn газеті бас редакторының орынбасары Гүлзина Бектас және ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Қазақстан Республикасы Ұлттық академиялық кітапханасының қызметкері Айжан Тәбәрәкқызы қазылық жасады.
Байқау барысында оқушылар ғұлама ақынның өлеңдерін жаттап, мәнерлеп айтып қана қоймай, оның өмірі мен шығармашылығына қатысты сұрақтарға жауап берді. Ал қазылар алқасы жеңімпаздарды анықтап, шын жүйріктердің есімін атап, жүлделерін үлестіріп, бір ай бойғы еңбегін бағалап марапаттады. Байқау қорытындысы бойынша жүзден жүйрік шыққан Батыс Қазақстан облысы Орал қаласынан келген 8-сынып оқушысы Нұрайым Есболсын бас жүлдеге ие болса, І орынды Маңғыстау облысы Түпқараған ауданының 5-сынып оқушысы Муслима Әбілқайырқызы иеленді. ІІ орын Қызылорда облысы Жаңақорған ауданының 5-сынып оқушысы Оразбек Бақдәулет Мақсатұлына бұйырса, астаналық 7-сынып оқушысы Муратбек Нұрқайыр жүлделі ІІІ орынға лайық деп танылды. Жеңімпаздарға бас демеуші Adal as компаниясы тағайындаған бағалы сыйлықтар тапсырылды.
Қ.МҰХАМЕТҚАЛИ