Өз сөзінде Мемлекет басшысы «Көрерменнің көңілін көтеріп, күлкі сыйлау – бір бөлек, жағымсыз әдеттерді насихаттау – бір басқа» деген еді. Расында, соңғы жылдары түсірілген фильмдердің көпшілігі дерлік комедия жанрында екені жасырын емес. Қазір кино саласына жайдарманшылар араласа бастады. Касса жинап, рекорд жаңартып жатқан да солар. Саны көп, сапасы жоқ фильмдер легі толастамай тұр. Бұған тоқтау бола ма? Біз бұл туралы кинотанушы Алма Айдардан сұрадық.
– Алма ханым, Мемлекет басшысы Бурабайда өткен Ұлттық құрылтайда қазақ киносына қатысты да сын айтты. Президент «санға емес, сапаға көңіл аудару қажеттігіне» мән берді. Сараптан өткізу жолдарын қарастырған жөн екеніне тоқталды. Жаңа фильмдерді көрерменге ұсынбас бұрын не істеген абзал?
– Президенттің көтерген мәселесі өте өзекті. Қазір фильмдерді сараптау жүйесін күшейту қажет. Біріншіден, ұлттық мүдде мен көркемдік сапаны ескеретін кәсіби кино сарапшылары мен сыншыларынан құралған тәуелсіз көркемдік кеңес құру керек. Екіншіден, фильмдердің сценарий деңгейінде сараптамадан өтуі маңызды, себебі көптеген әлсіз фильмнің басты проблемасы – драматургияның әлсіздігі. Үшіншіден, отандық фильмдерді арнайы тестік көрсетілімдер арқылы көрерменге ұсынып, олардың пікірін ескеру жүйесін енгізу керек.
– Қазір апта сайын жаңа фильмдер шығады. Былтырғы жылдың өзінде 94 көркемфильм жарық көрген. Отандық өнімдер шыққанымен, олардың көпшілігінің сапасы сын көтермейді. Біз қазір сапаға емес, санға көбірек мән беріп кеттік. Жекеменшік фильмдердің сапасын арттыру мүмкін бе?
– Иә, соңғы жылдары кино өндірісінің қарқыны артты, бірақ сапа мәселесі өзекті болып отыр. Жекеменшік фильмдердің сапасын арттыру үшін ең алдымен индустриядағы кәсіби стандарттарды күшейту қажет. Мемлекеттік деңгейде салықтық жеңілдіктер, субсидиялар немесе арнайы гранттар арқылы сапалы кино түсіретін мамандарды ынталандыруға болады.
– Зорлық-зомбылық, қатыгездік пен қылмысты насихаттайтын фильмдер көбейді. Мұның алдын алуға бола ма?
– Бұл мәселені шешу үшін бірнеше бағытта жұмыс істеу керек. Біріншіден, рейтингтік жүйені нақтылап, зорлық-зомбылық пен агрессия деңгейі жоғары фильмдерді белгілі бір жас санатына сәйкес көрсету қажет. Екіншіден, киноөндіріс саласында моральдық-этикалық нормаларды сақтауды қадағалайтын арнайы кеңес болуға тиіс. Үшіншіден, отандық кино өндірісінде позитивті, ұлттық құндылықтарды дәріптейтін фильмдерге көбірек қолдау көрсету керек.
– Жеке қаржыға түсірген соң продюсерлердің көбі қайтарым болғанын қалайды. Ал көрерменге қазір арзан, жеңіл фильмдер көбірек өтеді. Мемлекеттік тұрғыдан біз оларға талап қоя аламыз ба?
–Жеке продюсерлерге тікелей талап қою қиын, себебі олар нарықтық заңдылықтарға бағынады. Дегенмен мемлекет белгілі бір жолдармен кино өндірісіне ықпал ете алады. Мысалы, салықтық жеңілдіктер мен субсидияларды тек әлеуметтік маңызы бар, мәдени және көркемдік құндылығы жоғары фильмдерге беру арқылы продюсерлерді сапалы кино жасауға ынталандыруға болады. Сонымен қатар ұлттық киноны қолдауға бөлінетін қаржының тиімділігін арттыру қажет.
– Байқасаңыз, соңғы жылдары көрсетіліп жатқан фильмдердің көпшілігінің тілі қойыртпақ. Орысша араластырып сөйлеу сәнге айналды. Кино тілін тазалай аламыз ба?
– Бұл мәселе кино индустриясындағы жалпы тілдік саясатпен байланысты. Біріншіден, мемлекеттік қаржыландыру алатын барлық фильм мемлекеттік тілде, яғни қазақ тілінде болуға тиіс. Екіншіден, сценарий сараптамасында тіл тазалығына ерекше мән берілуі керек. Үшіншіден, дубляж сапасын арттырып, көркем аударманың кәсіби деңгейін көтеру қажет.
– «Ұлттық киноны қолдау» орталығы әзірлеген фильмдер прокатта көп өте бермейді. Жекеменшік фильмдердің дәурені жүріп тұр. Жалпы, кино – идеология құралы десек, бүгінгі қазақ киносының бағыты қандай?
– Қазақ киносының қазіргі бағыты көпвекторлы. Бір жағынан, ұлттық тарихи, мәдени тақырыптарға арналған фильмдер түсіріліп жатыр, екінші жағынан, коммерциялық жобалар белсенді дамуда. Дегенмен идеологиялық тұрғыдан ұлттық бірегейлікті, отаншылдықты, тарихи мұраны насихаттайтын фильмдерге басымдық берілуі керек. Сонымен қатар әлеуметтік проблемаларды көтеретін авторлық кинолар да қолдауды қажет етеді. Осы тұрғыда «Ұлттық киноны қолдау қоры» қаржыландыратын фильмдердің дистрибуциясы мен PR-науқандарына қаржы көлемін ұлғайту өте маңызды. Себебі сапалы әрі ұлттық идеяларға негізделген фильмдер көрерменге дұрыс жетпеген жағдайда олардың әсері төмендейді. Сондықтан мемлекеттік қаржыландыру тек фильм өндірісіне ғана емес, оны кеңінен насихаттауға, кинотеатрларға жеткізуге және халықаралық деңгейде танытуға да бағытталуы тиіс.
– Қазақ киносы мықты болуы үшін режиссерлер мықты болуы қажет емес пе? Қазір Айманов, Қожықов, Бегалин жолын жалғастырған мықты тұлғалар шықты ма? Үздік деп кімді айтар едіңіз?
– Қазіргі қазақ киносында талантты режиссерлер аз емес. Әр буынның өз ерекшелігі бар. Аға буын режиссерлер қатарында Болат Қалымбетов, Дәрежан Өмірбаев, Серік Апрымов, Ардақ Әмірқұлов, Жаңабек Жетіруов және т.б., орта буын режиссерлердің ішінде авторлық кино бағытын дамытып жүрген Нариман Төребаев, Әділхан Ержанов, Эмир Байғазин, Шарипа Уразбаева, тарихи және әртүрлі жанрдағы кино туындылармен танымал Рүстем Әбдірашев, Ақан Сатаев, Данияр Саламат, Асқар Ұзабаев, Қанағат Мустафин, Нұргелді Садығұлов, Фархат Шәріпов. Сонымен қатар жас режиссерлер арасынан ерекше атап өтуге болатын Кенжебек Шайқақов, Айжан Қасымбек, Дархан Төлегенов, Мақсим Қодаров, Елзат Ескендір, Диас Бертіс сияқты режиссерлер өз қолтаңбасын қалыптастырып келеді.
– Авторлық фильмдердің дәуірі қашан жүреді? Олар әлде тек фестиваль үшін түсіріле ме?
– Авторлық кино әлемдік тәжірибеде де коммерциялық киноға қарағанда таралымы әлдеқайда аз. Бірақ оның белгілі бір аудиториясы бар. Егер авторлық киноға жүйелі қолдау көрсетілсе (мемлекеттік гранттар, арнайы фестивальдар ұйымдастыру, кинотеатрларда көрсетілімдерге орын бөлу), онда бұл бағыт дамиды.
– Көрерменнің талғамы туралы не айтар едіңіз? Аншлагпен өтіп жатқан фильмдер жақсы көрермен қалыптастыра ала ма?
– Көрермен талғамы уақыт өте өзгереді, оған қоғамдағы жалпы мәдени деңгей ықпал етеді. Егер сапалы, терең мазмұнды фильмдер көптеп ұсынылса, көрермен талғамы да жоғарылайды. Сондықтан киноиндустрия өкілдері тек коммерциялық табыс емес, көркемдік деңгей мен ұлттық идеологияны да ойлауы керек. Бұл ретте мектеп бағдарламасына әдебиет пен бейнелеу өнерімен қатар «Кино өнері» пәнін енгізу маңызды. Бұл оқушылардың кинематографқа деген көзқарасын кеңейтіп, сапалы кино өнімін ажырата білуіне ықпал етіп, көркемдік талғамын қалыптастырады.
Сұхбаттасқан Гүлзина БЕКТАС