Егер бойыңызда жұрт мойындайтын талант болса, ол бір күні міндетті түрде паш етіледі.
Әдемі әуестіктен – кәделі өнерге
947
оқылды

Шын талант ешқашан бұғып қалмайды. Жақында мұндай нәрсеге де куә болдық. Ауылдан шығып, Астана төріндегі Мәжіліс үйінде жеке авторлық көрмесін өткізген Жомарт Ермадиевті қазір көпшілік танымасы анық. Өйткені ол бұған дейін еш жерде көрме қоймаған және байқауларда да бақ сынамаған. Адамның портретін салу – оның хоббиі, бұл хоббиі кейіннен суретшінің бағын ашып, туындылары көпшіліктің жүрегіне жол тартты. 

Суретшінің қиялы мен қолының жұмысы үйлессе ғана тамаша сурет шығады. Осындай талай суретті тудырған талант иесіне хабарласып, әлі ешкім үңіліп көрмеген құпия шығармашылығы туралы сұрадық. Бір қызығы, Жомарт Ермадиев – кәсіби білімі жоқ суретші. Ол бойындағы қабілетін атадан берілген өнер деп бағалайды. Айтуынша, әкесі ағаштан мүсін жасайтын шебер, қамшы өретін өрімші болған, анасы да өнерден құралақан емес, құрақ құраған тігінші болыпты. Бала күнінен белгілі тұлғалардың бейнесін ақ параққа түсіріп, шығармашылықтағы қадамын нық баса түскен. Қазір 800-ге жуық портрет жинағы бар. 

– Бала кезімнен сурет салуға қызықтым. Әсіресе, адамның түрін, портретін салғанды жақсы көретін едім. Ең бірінші Абай атамыздың суретін салғаным есімде. Өйткені өзім қазіргі Абай ауданының тумасымын, әрі Абай Құнанбаевты әлем таниды. Сондықтан қазақ қана емес, әлем мойындаған атамызды бейнелеу өнерінде де көрсеткім келді. Негізі портрет – бейнелеу өнерінің ішіндегі ең қиыны. Солай болса да бұл мені ерекше қызықтырады. 

Мектеп бітіргеннен кейін Педагогикалық институтқа түстім. Бойымдағы суретшілікті бірінші байқаған әпкем Жанар болды. Маған барынша қолдау білдіріп, институттағы оқу ақысын төлеп отырды. Оқуымды бітірген соң, Алматыдағы Жамбыл ауданында біршама уақыт мұғалім болып қызмет етіп жүрдім де, Абай ауданына келдім. Қандай жағдай болса да, сурет салуды тастамадым. Қазір мал шаруа­шылығымен айналысамын, бос уақытымда құрылысқа шығып, шаш қиып жүрмін. Жұмыс талғамаймын, – дейді ол. 

Өнерге бос уақытын ғана емес, өмірін арнап келе жатқан суретші Жомарт Жұмақайұлы – 3 баланың әкесі. Олардың ішінде әке жолын қуып, біржола өнерге бет бұрғаны болмаса да, әрқайсысы небір суреттерді тудырған әуесқой суретші екенін де тілге тиек етті. «Мен суретке қалай келдім, балаларым да солай бейнелеу өнеріне хобби ретінде қарайды. Егер дарының қаныңда ағып тұрса, бәрібір бір қырыңнан шығып тұрады екен ғой» деді ол сөз арасында. Кейіпкеріміз осыдан 2 жылдай бұрын әлеуметтік желіде парақша ашып, туындыларын салып отыруды қолға алыпты. Қазір TikTok-та – 2 мыңға жуық, Instagram-да 3 мыңнан аса оқырманы бар. Олардың көбі туындыларға ерекше қызығушылығын білдіріп, өздерінің де портретін салдыру үшін тапсырыс береді екен. Біз суретшінің адам бейнесін айнытпай салатын таланты туралы білгеннен кейін, Астанаға сапарының жайын сұрадық. Сурет қоржынындағы танымал тұлғалардың қатарында барлық депутаттың суреті бар. Жомарт Жұмақайұлының айтуынша, Мәжіліс төріндегі көрме депутат Ринат Зайытовтың ықпалымен жүзеге асқан.

– Депутаттардың суретін салып бастағанымда оны өздеріне де жіберуді ойладым. Сөйтіп Ринат Зайытов ағамыздың портреті дайын болғанда әлеуметтік желіден өзіне жібердім. Портреті қатты ұнаған екен, бірден хабарласып ұсынысын айтты. «98 Мәжіліс депутатының да портретін салатын болсаңыз, көрмеңізді өткізіп беремін» деді. Шынымды айтсам, сенерімді не сенбесімді білмедім. Бұрын-соңды бұлай жеке көрмемді өткізіп көрмегеннен бе – қатты толқыдым. Сөйтіп, ішкі толқынысымды жеңіп Астана қаласына аттандым. 

Жаңағы 98 Мәжіліс депутатының портретінен бөлек, папкамда 50 Сенат депутаты мен 21 министрдің, ұлы ғұламалардың да суреттері болды. Көрме мен ойлағаннан да керемет өтті, – деді суретші Ж.Ермадиев.

Бүгінде портрет салатын суретшілерді адам көп жиналатын орындарда, ойын-сауық орталықтарында жиі көреміз. Мольберт алдында қалам ұстап, ерекше береткамен отырған суретшілердің туындысынан бұрын сыртқы келбеті де жұрт назарын бірден аударады. Ал Жомарт Ермадиевтің әлемі мүлде өзгеше.   Үйде отырып та тапсырыс қабылдайды. Айтуынша, бір портретті салуға 15 минут кетсе, енді біріне 15 күндей уақытын арнайды. Оған суреттегі адамның эмоциясы, мінез-құлқы, кейде өзінің көңіл күйі де әсер етеді. Өнерден иірімін тапқан туындыгер кәсіби білім алмағанына қынжылмай, керісінші бар білгенін өнерге ұмтылған балаларға да үйретуді мақсат тұтқан. Шығармашылығындағы тынысын ашқан портрет жанры суретшіні ұстаз етіп қалыптастырды. Талант иесі Кеңгірбай би ауылындағы Өнер мектебінде талай шәкіртке қалам ұстаудың сырын ұқтырып, өнерге баулып келді. Алайда ол бірер жыл бұрын отбасылық жағдайына байланысты жұмысынан шығуға тура келгенін айтты.

– Ауылымыздағы Өнер мектебінде жұмыс істеп жүргенімде қаншама оқушыларым жарыстарға қатысып, биіктерден көрінді. Өзім байқауларға қатыспадым ғой, сондықтан ондай дүниелерге шәкірттерім қатысса екен, көрсе екен деймін. Жұмыстан кеткеніме 1 жылдан аса уақыт өтті. Балалармен сағынысып кездесеміз. Қазір қайтадан шәкірт тәрбиелегім келіп жүр, – дейді суретші.

Оның айтуынша, өнердің биігіне жету үшін талант аздық етеді, кәсіби білім алудың да қажеттігі орасан зор. Өйткені таланты бар қаншама суретшілер теориялық білімінің жоқтығынан таныла алмай жатыр дегенді алға тартты. «Таяқтың екі ұшы секілді, кейбірі бейнелеу өнеріне үстіртін қарап оны бағаламай жатады, кейбірі мұны бекзат өнердің бірі деп санайды» деп тұжырымдады ол. 

Біз талантты суретшіден болашақ жоспарлары жайлы да сұрадық. Ол алдағы уақытта туған жерінде, аудан көлемінде көрмесі қойылғаны қалайтынын атап өтті. Оған дейін ауыл, аудан азаматтарының портреттерін салумен айналыспақ. Көрме – суретшінің рухани әлеуетін көрсететін мәдени шара. Жақында Астана төріндегі көрме ерекше сипатқа ие болып еді. Ондағы портреттер – таза, үнсіз сөйлеп тұратын, адамның ішкі эмоциясын көзқарасымен, ал көзқарасын көлеңке мен штрихтар арқылы жеткізетін тұлғалардың рухани әлеміне бойлаған туынды. Жомарт Ермадиевтің портреттері көркем де шынайы болуының бір себебі осында жатқан болар. 

Сымбат БАУЫРЖАНҚЫЗЫ