Елімізде тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы ондаған жыл болды, тұралап тұр.
Тұрғын үй саласы тұралап тұр
1,698
оқылды

Осыған дейін пәтер иелері кооперативтерінің бақылауында болған бұл бағытта реформалар енгізіліп меншік иелері бірлестіктері мен қарапайым серіктестіктерге берілгенімен, іс жүзінде өзекті мәселелер күні бүгінге дейін шешімін таппаған. Жылу, су, кәріз жүйелерінің тозығы жеткен. Басқа да күрделі жайттар жетіп артылады. Елорданың іргесінде орналасқан Ақмола облысында да саладағы жағдай аса күрделі. Аймаққа арнайы сапармен ат басын бұрған Парламент Мәжілісінің депутаттары «AMANAT» партиясы фракциясының мүшелері Екатерина Смышляева мен Юлия Кучинская облыс орталығы – Көкшетау қаласындағы меншік иелері бірлестіктері мен қарапайым серіктестіктермен кездесу кезінде саладағы өзекті мәселелер тағы бір мәрте талқыға түсті.

Аймақтағы көпқабатты тұрғын үйлер­дегі меншік иелерінің пәтер иелері коо­пер­а­тив­теріне өкпелері қара қазандай. Өйт­кені тұрғын үйлердің жертөлелерінен бастап, су, жылу және кәріз жүйелері әбден тозған. Тұрғын үйлердің де жағдайы аса мәз емес. Депутаттардың айтуынша, атал­ған сала тіпті тұтас ел бойынша әбден былыққа батып, қордаланып кеткен. Түйі­ні шырмалған түйткілді шешудің жал­ғыз жолы тұрғын үй-коммуналдық шар­уа­шылық мәселелері бойынша заң­дарға түзетулер енгізу қажет. Ол үшін сол жағдайлармен күн сайын бетпе-бет қалып жүрген жұртшылықтың пікірлері мен ұсыныстары аса маңызды. Халық қалау­лылары күрмеуі шиеленіскен саладағы жағдайды реттеуде халыққа тиімді тұсқа баса назар аударылатынын атап өтті. 

– Біздің міндетіміз – бұл саладағы жағ­дайды жақсартуға күш салу. Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық реформа­лары осыдан аттай алты жыл бұрын, яғни 2019 жылы басталған еді. Бүгінде түзетулер енгізудің ең соңғы кезеңіне де жеттік. Әри­не, түбегейлі өзгерістер болмағанымен, заңға жағдайды жақсарту бағытында өзгерістер енгізу қажет, – дейді Екатерина Смышляева. 

Мәжіліс депутаты көзделген өзгерістер жайлы қысқаша баяндап өтті. Халық қа­лау­лысының айтуына қарағанда, рефор­малар бірінші кезекте тұрғындардың өз­дері сол тұрғын үйді басқаруға қатыс­тыру­ға бағытталған. Бұл елдегі жалпы тұрғын үй қорының іс жүзінде әбден тоз­ып, пәтер иелері кооперативтеріне халық­тың ащы жанайқайын тудырып жат­қанына байланысты аса үлкен қа­жеттіліктен туындаған. Үйлерді басқарудың меншік иелері бірлестіктері мен қарапайым серіктестік түріндегі жаңа формалары ен­гізілгенімен бұл саладағы жағдайды реттей алмаған. Сондықтан заңға түзетулер енгізілуі ауадай қажет. 

– Саладағы алғашқы аса ірі өзгеріс басқару субъектісі мен формаларын бөлу-­ге бағытталып отыр. Басқару формалары заңды тіркелген меншік иелері бірлестігі немесе тіркеусіз тікелей бірлескен басқару түрінде қала бермек. Қарапайым серіктес­тіктер іс жүзінде алынып тасталады. Қа­­ра­пайым серіктестер дәл сол тікелей бірлескен басқару. Олар өз жұмысын осын­дай жаңаша түрде жалғастыратын болады, – дейді Екатерина Смышляева. 

Депутаттың айтуынша, басқару субъ­ек­тілері басқарушы компаниялар, пәтер иелері кооперативтері және кәсіби бас­қарушылар болып үш түрге бөлінеді. Бұл ортақ мүліктерін кәсіби басқаруға сол үй­дің өз ішінде ниетті адамы болмаған тұр­ғын үйлерге кәсіби басқарушыны жал­­дауға мүмкіндік береді. Ол жалақы үшін үйдің барлық мәселелерімен айнал­ысатын тиісті арнайы сертификаты бар адам болуға тиіс. 

Жиын барысында қажетті құжаттардың бірыңғай формасы қосымшаларымен үй­лерді басқарудың ортақ ережесін құру жоспарланғаны да аталып өтті. Сонымен қатар тариф жайы да талқыға түсті. Оған өңір мәслихаттарымен бекітілетін айлық есептік көрсеткіш сомасына минималды тариф тіркеу жоспарланған. Бұл тариф халық арасында дүрбелең туғызбай ин­фля­циямен бірге жыл сайын өсуге тиіс. Минималды тариф үйдің салынған жыл­ы­на және басқа да факторларға байланыс­ты коэффициентпен қамтылады. Қалған мақ­­сатты жарналар жаңа жеделсаты ор­­нату, жалпы тұрғын үйді сондай-ақ ша­­тыр­­ды жөндеу сияқты ортақ қажеттілік­терге жұмсалмақ. Мұның бәрі әрине тұрғын­дардың келісімімен жүргізіледі. 

Жалпы, елімізде 50 мыңға жуық көп қабатты тұрғын үйлер болғанымен күні бүгінге дейін тек 6 мыңға жуық меншік иелері бірлестіктері ғана құрылған болып шықты. Мемлекеттік органдар 39 мың қа­рапайым серіктестіктер құрылды деп жоғарыға есеп бергенімен, іс жүзінде жер­гілікті биліктің тиісті реформаны тек «қағаз жүзінде» қалдырғаны мәлім болды. Көптеген тұрғын үй бәз-баяғыдай иесіз күйде қалған. Сондықтан тозығы жеткен үйлерге ешқандай жөндеу жұмыстары да жүргізілмеген. Ал бұл үлкен апаттық жағ­дайға дейін әкеліп соққан. Үйлер бұ­з­ылу­ға шақ қалған тұрғындарға күрделі жөндеу үшін тағы да өз қалтасынан бірақ басқа ақшаны жұмсауға тура келгендері де баршылық. 

Жиын барысында депутаттарға қала­дағы пәтер иелері кооперативтері мен тұр­ғын үй иелері бірлестіктерінің төраға­лары жылдар бойы қордаланған басқа да түйткілді жайттардың шетін шығарды. Олардың ішінде әсіресе қарыздар жайы аса өткір тұр. Мұны депутаттар да мақұл­дады. Олардың айтуынша, бүгінде бор­ыш­кер­лерге ықпал ете алатын іс жүзінде те­тік жоқ. Жеке сот орындаушылары ком­му­н­алдық төлемдермен айналысқысы келмейді. Ал борышкерлер қандай да бір ауыр санкция алғанға дейін кемінде бір жылдан астам уақыт өтуге тиіс. Қазір қарызды өндіру мерзімі екі айға дейін қысқарған. Сонымен қатар әкімшілік айыппұлдарды заңдастыру, борышкерлердің есепшоттарына тыйым салу электр жары­ғының ақысын қасақана төлемеушілерді ажырату жөнінде де ұсыныстар айтылды. 

Кездесу барысында көптің талқысына түскен тағы бір ұсыныс «Керемет» басқару­шы компаниясының төрағасымен қоз­ғалды. Компания жұмыс істейтін жаңа тұрғын үйде су және жылудың ортақ құ­быр­лары сатып жіберілген. Үй астынан дүкен ашып алған меншік иесі жалпы тұр­ғын үйге ортақ коммуникацияны гипс-картон қораппен жасырып қойған. Тұрғын үйде апат болып жылу экраны бұзылып, дүкен іші суға кеткен. Апат 15 минут ішінде тоқтатылғанымен, үй иелері дүкен иесінің шығынды өтеуін талап етіп, істі сотқа берген. Басқарушы компания басшысының айтуынша, заңға тұрғын үй салушыларға ортақ коммуникацияны сатуға тыйым салатын немесе олар сатыл­ып кеткен жағдайда жаңа меншік иелерін өз мүліктерін сақтандыратын нормалар ен­гізілуі қажет. Бұл шатырға шығуға қол­жетімділікті шектейтін жоғарғы қабат­тардағы қоймаларға да қатысты болуға тиіс. Сонымен қатар құрылыс салушылар­дың тұрғын үйлерді қабылдау кезінде төтенше жағдай қызметінің де бақылауынан өту қажеттілігі де көтерілді. 

Жиында бұдан өзге де күрделі мәсе­лелер айтылды. Мәселен, электр энергия­сын есеп­тегіштерді ауыстыру қала тұр­ғындары тарапынан аса үлкен резонанс тудырған. Өйткені өңірде бұл рәсімдер тарифке мүлде енгізілмей, тұрғындардың өз есебінен ауыс­тырылатын болып шықты. Сондай-ақ меншік иелері бірлестіктерінің төрағалары жаңадан салынған үйлерде кембағал жандарға арналған пандустарды орнату неліктен міндеттеріне жүктелетінін сұрады. Өйткені жаңадан салынған тұрғын үйлердің басым бөлігінде пандустары са­па­сыз әрі дұрыс жұмыс істемейтін бол­ып шықты. Егер пандусқа мұқтаж адам тұратын болса, құрылғыны тұрғындар өз есебінен төлеп келген. Алайда кедергісіз ортаны қалып­тастыру бірінші кезекте мемлекеттің оның ішінде әлеуметтік қор­ғау органдарының мін­деті болуға тиіс емес пе?!. 

Сегіз тұрғын үй қарайтын «Дон» пәтер иелері кооперативі төрағасының айтуынша, жылу есептегіш құралдарға қызмет көрсету жайы да жоғарыдан көтеруді қажет етеді. Ондағы көрсетімдерді заң ережелеріне сәйкес сертификатталған инспекторлар алуға тиіс. Бірақ шаһарды жылумен қам­титын «Көкшетау Жылу» кәсіпорнының өзінде тиісті жабдық жоқ. Салдарынан, есептегіш көрсетімдерін меншік иелері кооперативтерінің қалтасынан төлеуге мәжбүр ететін жеке компания алады. 

Меншік иелері бірлестіктері қосымша құн салығы бойынша есепке қою межесін төмендету мәселесі де алаңдататынын атап өтті. Олардың айтуынша, жаңа ере­же­лерге байланысты басқарушы ком­паниялар да салық төлеуге мәжбүр болған. Бұл да кері әсерін тигізген. Депутаттар бұл мәселенің қазір Парламентте талқыланып жатқанын атап өтті. Олар жиын барысында қозғалған қордаланған мәселелер мен ұсыныстар заңға түзетулер енгізу кезінде ескерілетінін алға тартты. Түйткілді мәселе алдағы Парламент қарауында тағы да көтеріліп, халықтың көтерілген ұсыныстары ортаға салынбақ.

 

P.S. 

Қалай дегенмен де, жылдар бойы қордаланған тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласы мәселенің бүге-шігесін түгелдей талдап қарауды қажет етеді. Бұл орайда саладағы жүргізілген реформалар мен заңға енгізілетін өзгерістер мен түзетулердің іс жүзінде жергілікті жерлерде жүзеге асырылуын да қадағалауға да баса мән беру қажеттігі сөзсіз... 

Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ, 

Ақмола облысы