Ұлттық статистика бюросының мәлімдеуінше, биыл 1 наурыздағы жағдай бойынша екінші деңгейлі банктердегі тұтынушылық несие портфелі 14,1 трлн теңгені құраған. Бұл былтырғы жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 31,7%-ға көп. Осы тұста сарапшылар қауымдастығының пікірі екіге жарылды. Бірі мұндай құбылысты шектен тыс қарызға бату деп бағаласа, енді бірі несиелік ресурстар арқылы қаржыландырудың өсуі нарықтық экономика үшін маңызды және қажетті деп санайды.
Тұтынушылық несиелер көлемінің өсуіне қарамастан, бұл үрдіс халықтың қарыз жүктемесіне теріс әсер етпейді. Ranking сараптама орталығының мамандары осындай қорытындымен бөлісті. Олар мұның себебін несие көлемі ұлғайғанымен, халықтың табыс деңгейі де артып келе жатқанымен түсіндіреді.
«Сонымен қатар елдегі несие нарығы жетілдірілуде, барлық мүмкін тәуекелдер ескерілуде. Мысалы, Ұлттық статистика бюросының деректері бойынша 2024 жылдың 4-тоқсанында қазақстандықтардың несие мен қарыз төлемдеріне жұмсаған шығындарының үлесі 6,2%-ды құрады. 2009 жылы бұл көрсеткіш 4,6% болған. Яғни, 15 жыл ішінде қарыз төлемдерінің үлесі небәрі 1,5 пайыздық пунктке ғана өскен. Бұл Қазақстандағы қарыз жүктемесі деңгейінің төмен екенін және динамиканың барынша қалыпты екенін көрсетеді», – дейді мамандар.
Мысалы, 2024 жылдың төртінші тоқсанында Қазақстанда орташа айлық атаулы жалақы 435 мың теңгені құраған. Бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 10,5%-ға артық. Дегенмен бір жыл ішінде елдегі нақты жалақы небәрі 1,8%-ға өскенін көреміз. Ал көптеген экономист елдің әлеуметтік жағдайын бағалау үшін аса маңызды деп сана еңбекақының медианалық мәні 308 мың теңгеден сәл ғана көп. Әйтсе де, бұл көрсеткіш 2023 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 16%-ға артық.
Айта кетейік: жоғарыда келтірілген статистика несиелерді ғана емес, өзге де міндеттемелерді, мысалы, жеке қарыздарды да қамтиды. Демек, сарапшылардың пікірінше, тек несиелерді қарастыратын болса, оның отбасы шығындарындағы үлесі тіпті төменірек болуы ғажап емес.
коллаж: Елдар ҚАБА
Қазір азаматтардың барлық шығысының жартысы азық-түлікке жұмсалады. Экономистер үшін, міне, осы жайт – алаңдататын көрсеткіш. Халықтың азық-түлікке көп қаражат жұмсауы олардың өзге қажеттіліктерін шектеуге негіз болмақ, сәйкесінше, ол елдің тұрмыс деңгейінің көрсеткіші болып табылады. Сонымен қатар соңғы 15 жыл ішінде халықтың азық-түлікке жұмсайтын шығыны 8,2 пайыздық пунктке артқан.
«Қазақстандықтардың әл-ауқаты үшін алаңдайтындар дәл осы мәселеге назар аударғаны дұрыс болар еді. Мемлекеттік несие бюросының мәліметіне сүйенсек, 2025 жылғы 1 ақпандағы жағдай бойынша елде 9 млн-ға жуық қарыз алушы тіркелген. Бірақ бұл санның өзі ештеңе білдірмейді, мәселе басқада. Егер қарыз алушыларды несие сомалары бойынша қарастырсақ, қызықты тенденция байқалады. Қазір 9 миллион қарыз алушының қаржы ұйымдарында барлығы 24,3 трлн теңге көлемінде несие қарызы бар. Оның 92,8%-ы 1 миллион теңгеден жоғары сомаларға берілген, бірақ бұл сомадағы несиелерді қарыз алушылардың тек 46,7%-ы алған. Ал 2 миллион теңгеден асатын несиелер жалпы қарыздың 84%-ын құрайды, бірақ оларды тек 30% қарыз алушы ғана алады. 5 миллион теңгеден жоғары несиелерді 15% қарыз алушы рәсімдеген, бірақ бұл несиелердің жалпы сомасы барлық қарыздың 66%-ын құрайды. Бұл ірі несиелердің негізінен қаржылық тұрғыдан тұрақты, табысы жоғары адамдарға берілетінін көрсетеді. Мұндай қарыздарды барлық банк мақұлдамайды және олар кез келген адамға қолжетімді емес», – дейді Ranking сарапшылары.
Сондай-ақ ресми деректерге сүйенсек, елдегі орташа қарыз мөлшері 50 мыңнан 730 мың теңге аралығында сақталған. Мамандар бұл халықтың көп бөлігінің шағын сомадағы қарыздары бар екенін білдіреді деген пікірде.
«Яғни, мұндай несиелер көбіне бір-екі айлық жалақы көлемінде төленеді және депозиттердегі қаражатты сақтап қалу немесе уақытша қажеттіліктерді жабу үшін алынады. Демек, Қазақстанда халықтың басым бөлігі несиеге қатты тәуелді емес. Қазақстандағы қарыз алушылардың басым бөлігі шағын несиелерге ие. Негізгі қарыз сомасы тұрақты табысы жоғары қарыз алушыларға тиесілі, олар үшін несие – инвестиция мен жаңа мүмкіндіктердің құралы. Бұл қатарға ипотекалық несиелер де кіреді, өйткені олар жалдамалы баспанаға төлем жасаумен салыстырғанда тиімдірек. Мұндай несиелер тұрғын үй мәселесін шешуге көмектесіп, халықтың өмір сүру деңгейіне және елдегі әлеуметтік тұрақтылыққа оң әсер етеді. Жалпы, Қазақстан халқының қарыз жүктемесі төмен, және ол елдің қаржылық тұрақтылығына қауіп төндірмейді», – деп түйіндейді мамандар.
Жалпы, несие нарығының динамикасы тұрақтылық пен сақтықтың белгісін көрсетеді. Бөлшек несиелеу ақпан айында өсу қарқынын біршама жеделдеткенімен, оның көлемі салыстырмалы түрде қалыпты деңгейде қалды. Қаржыгер Андрей Чеботаревтің пікірінше, бұл тұтынушылық белсенділіктің маркетингтік акциялармен ынталандырылғанына қарамастан, халықтың қарыздық жүктемесін арттыруға асықпайтынын байқатады. «Ақпан айында бөлшек несие портфелі өсім қарқынын жеделдете отырып, 1,6%-ға ұлғайды және 21,1 трлн теңгеге жетті. Маркетингтік акциялардың ықпалымен тұтынушылық белсенділік артқанымен, жалпы өсім салыстырмалы түрде қалыпты деңгейде сақталды. Әсіресе, тұтынушылық кредиттердің кеңею қарқыны 1,8%-ды құрап, нарықтың тұрақты, бірақ ұстамды динамикасын көрсетті. Сондай-ақ корпоративтік сектордың несие портфелі айтарлықтай өзгеріссіз қалып, небәрі 0,1%-ға ғана өскен. Бұл негізінен шетел валютасындағы несиелеу көлемінің 3,7%-ға (151 млрд теңгеге) қысқаруымен байланысты. Дегенмен теңгелік несиелердің 173,2 млрд теңгеге ұлғаюы оң динамиканы сақтап, 1,6%-дық өсім көрсетті», – дейді қаржыгер.
Маман мұндай үрдісті тұтынушылардың несиеге деген қызығушылығының төмендеуі, нарықтың біртіндеп қанығуы және қаржы реттеушісінің тұтынушылық несиелеудің шамадан тыс өсуін тежеуге бағытталған шараларының нәтижесі деп түсіндіреді. Аталмыш жағдай несие нарығының кезең-кезеңімен тұрақтанып келе жатқанына дәлел. Демек, алдағы айларда бұл тенденция сақталса, экономиканың несиеге тәуелділігі біртіндеп теңгерімді деңгейге ауысуы мүмкін.
Кәмила ДҮЙСЕН