Енді Оқу-ағарту министрлігінің тапсырмасымен «Өрлеу» ұлттық орталығы биыл 805 ұстазды кәсіби бағдар беру курсынан өткізбек. Бұл бастамалардан не күтеміз?
Оқу-ағарту министрлігі бұл бастама оқушыларға мамандық таңдауға ерте бағыт-бағдар беруге, сондай-ақ оқушылар, ата-аналар, педагогтер, колледждер мен жұмыс берушілер арасындағы өзара байланыс пен ынтымақтастықтың тиімділігін арттыруға бағытталғанын мәлімдеді.
JOO High Schools желісінің бас профориентаторы Диас Асановтың айтуынша, бұл лауазым иесі оқушының мамандық таңдауын жеңілдетіп, оларды еңбек нарығына дайындайды. Аталмыш маман оқушының қызығушылығы мен қабілетін (тесттер, әңгімелесу арқылы) анықтап, мамандықтар туралы ақпарат береді және кәсіпорындармен байланыс орнатады. Сондай-ақ ата-ана және мұғалімдермен бірлесіп жұмыс істеп, оқушыны бейіндік оқуға бағыттайды.
«Кәсіптік бағдар беретін педагог жастардың болашақ мамандығын саналы түрде таңдауына және оқушының қабілеті-қызығушығын еңбек нарығының қажеттілігімен үйлестіруге көмектеседі. Бұл процесс оқушыларды өз мүмкіндігін тануға, мамандықтар әлемін зерттеуге және қоғамға пайдалы әрі өзіне ұнайтын кәсіпті таңдауға бағыттайды. Егер кәсіптік бағдар дұрыс жүргізілмесе, жастар кездейсоқ таңдау жасап, кейін мамандығына қанағаттанбау, жұмысты жиі ауыстыру немесе тіптен жұмыссыз қалу сияқты мәселелерге тап болады. Жаңа «педагог-профориентатор» лауазымының енгізілуі мектептерде кәсіптік бағдар беруді жүйелі түрде жүргізуге мүмкіндік береді. Бұл бастамадан оқушылардың мамандық таңдаудағы саналылығы артады, еңбек нарығына сұранысқа ие мамандықтарға қызығушылық өседі және мектеп пен ЖОО, кәсіпорындар арасындағы байланыс нығаяды деп күтеміз», – дейді Диас Асанов.
Елімізде оқушы мен оның ата-анасына кәсіптік бағдар беруге көмектесетін жекеменшік орталықтар жетерлік, жеке мектептерде де арнайы мамандар бар, тіптен жалпы білім беретін мемлекеттік ұйымдарда да 0,25 немесе 0,5 штатта педагогке қосымша жүктеліп келді. Енді бұл мамандық ресми түрде бекітіліп отыр. Өйткені кәсіптік бағдар берудің маңызы жоғары. Әйтсе де, сүйікті мамандық таңдауға, оны ақыл сүзбесінен өткізуге, нарық сұранысындағы жұмыс орындарын толтыруға бір ғана профориентологтың қауқары жете ме?
«Білім – күш» қоғамдық қорының төрағасы, педагог Айгүл Қанатқызының пікірінше, еліміздегі жалпы білім беруді концептуалды мектептер жүйесіне бағыттау керек.
«Адам тіпті көйлек сатып алса да, алдымен киіп көреді емес пе? Әр бала өзі сүйетін мамандығын таңдауға тиіс десек, алдымен оқушы онысын өзіне өлшей алуы қажет. Бұл орайда педагог-профориентологтің атқаратын жұмысы зор. Әлемдік тәжірибеде, әсіресе дамыған елдерде кәсіби бағдар беру ісі әбден жолға қойылған. Профориентолог – оның бір ғана бөлігі. АҚШ, БАӘ, Оңтүстік Корея сынды елдердегі кәсіптік білім беру жүйесін зерттеп көрдік. Primary school (6-сыныпқа дейінгі бастауыш сынып) кезінде баланы түрлі мамандыққа баулиды, кейін secondary school кезінде баланың қарым-қабілетін ескеріп, белгілі бір саланы тереңдетіп оқытатын арнайы мектепке бағыттайды. Мәселен, АҚШ-та 8 Нобель иегері шыққан жекеменшік ғылым мектебінде болдық. Яғни, әрбір білім ұйымының нақты бір салаға бағытталған концепциясы болады: IT, арт, спорт, заң, экономика, ғылым мектебі және тағы басқа. Елімізде мамандық таңдау 10-11 сыныпта қолға алына бастайды, бұл бастама бастауышта қолға алынуға тиіс», – дейді сарапшы.
Профориентолог педагог болуы шарт емес
Оқу-ағарту министрлігі осы айдан бастап оқушылардың кәсіптік бағдарлануы бойынша орта білім беру педагогтерінің біліктілігін арттыру курстары басталатынын, биыл 805 ұстазды оқытатын хабарлады. Бұл курстарды ұйымдастырушы – «Өрлеу» ұлттық орталығы. Отандық және халықаралық жетекші сарапшылар қатысатын курс бағдарламасы үш аптаға созылмақ және мұғалімдер біліктілікті арттыру сертификаттарын алады.
«Кәсіптік бағдарлаудың негізгі міндеті – жоғары сынып оқушыларының әртүрлі кәсіп туралы ақпаратты сыни тұрғыдан қабылдауы мен талдау дағдыларын қалыптастыру. Болашақ мамандықты саналы түрде таңдау оқушыларға пәндерді оқуға көбірек көңіл бөлуге, олардың мансап үшін маңыздылығын түсінуге, академиялық үлгерімді арттыруға көмектеседі. Сонымен қатар кәсіптік бағдарлау ойындары, шеберлік сыныптары мен тренингтер оқушылардың коммуникативті, аналитикалық және шығармашылық дағдыларын дамытуға мүмкіндік беретін сұранысқа ие құралдарға айналуда. Осы әдістердің барлығын педагогтер курс аясында үйренеді», – деді басқарма төрағасы Айдана Шилибекова.
Елімізде «педагог-профориентатор» мамандығы бойынша арнайы ЖОО бағдарламасы жоқ, осыған ұқсас бірді-екілі курстар ғана бар. Оның өзі педагогтерді кәсіптік бағдар беруге бейімдеумен айналысады. Айгүл Қанатқызының пікірінше, бұл мамандар педагогиканың бір бағыты ретінде арнайы оқытылуға тиіс.
«Қазіргі уақытта профориентологтердің өзіне дұрыс бағдар берілуге тиіс. Бүгінде көптеген кәсіптік бағдар берумен айналысатын мамандар жекеменшік орталықтарда жұмыс істейді және олар ата-анасы ақы төлеп отырған соң көбіне-көп балаларды шетелдерде оқуға үгіттейді. Ал шетел асқан балалар елге оралуды, Қазақстанның еңбек нарығы сұрап тұрған мамандықтарды игеруді ойламайды. Президенттің бүгінгі бастамасы жұмысшы мамандықтарға балалардың ынтасын оятуға бағытталып отыр. Бұл іске жеке орталықтардың мүдделі бола қоймайтыны анық, сондықтан еліміздің ЖОО жүйесінде оқытылуы керек деп санаймын», – дейді сарапшы.
Ал Диас Асанов профориентаторды педагог мамандығын игеруге міндеттеу керек еместігін айтады.
«Бұл мамандар педагогикалық білім базасына (мысалы, «Педагогика және психология») сүйеніп, қосымша курстар немесе біліктілікті арттыру бағдарламалары арқылы даярлануы мүмкін. Мысалы, біліктілікті арттыру орталықтары сияқты ұйымдар профориентаторларды дайындау курстарын ұсынады. Алайда профориентаторларды педагог мамандығын игеруге міндеттеу керек емес. Профориентатор практикалық ортадан, бизнестен немесе өндірістен келсе, іс нәтижелі болар еді. Профориентологтердің кәсібилігі арнайы сертификаттау органдары арқылы тексерілуі мүмкін. Бұл процесс әлі толық жүйеленбеген, болашақта нақты стандарттар мен аттестация енгізілуі ықтимал», – деп есептейді маман.
Сұраныс пен қызығушылық сәйкес келмейді
Қазақстанның еңбек нарығында жұмысшы мамандықтар (техник, инженер, агроном), білім беру және денсаулық сақтау саласындағы мамандарға сұраныс жоғары. Бірақ жастардың көбі IT, бизнес немесе шығармашылық салаларға ұмтылады.
Диас Асановтың айтуынша, бұл сәйкессіздіктің себебі – ақпараттың жетіспеуі, стереотиптер және нарықтың қажеттіліктерін дұрыс түсінбеу.
«Қазіргі таңда елімізде ата-аналар мен оқушылар арасында жұмысшы мамандықтарға (мысалы, құрылысшы, электрик, слесарь, технолог) қызығушылық салыстырмалы түрде төмен. Бұл бірнеше себепке байланысты. Көптеген ата-ана балаларының ЖОО-да оқып, «беделді» мамандық иесі (дәрігер, заңгер, IT-маман) болғанын қалайды. Жұмысшы мамандықтардың жалақысы мен әлеуметтік мәртебесі төмен деп есептеледі. Оқушылар арасында бұл мамандықтар жайлы ақпарат жетіспейді немесе олар «онша емес» деп қабылданады. Сол себепті жұмысшы мамандықтардың деңгейін арттыру керек. Ол үшін медиа арқылы жұмысшы мамандықтардың маңызын, олардың экономикадағы рөлін және табыс әкелетін мүмкіндіктерін насихаттауымыз қажет. Сондай-ақ кәсіпорындарға экскурсия ұйымдастыру, шеберлік сыныптарын және тағы басқа іс-шаралардың маңызы зор. Жұмысшы мамандықтарды таңдаған жастарға стипендия, жеңілдіктер немесе жұмысқа орналасу кепілдігін ұсынуға да көңіл бөлінсе игі. Жұмысшы мамандардың мәртебесін көтеру, яғни жетістіктерін көрсету, оларды қоғамда құрметтеу дәстүрін қалыптастыру және тағысын тағылары. «Жұмысшы мамандықтары жылы» аясында профориентологтердің рөлі осы бағыттағы стереотиптерді бұзып, оқушыларды ынталандыруда маңызды болары анық», – дейді сарапшы.
QBIS (Қазақ-Британ халықаралық мектебі) құрылтайшысы Айгүл Қанатқызы биыл жазда Алматыда мамандық таңдау лагерін ұйымдастыратынын және осы алаңда еліміздің еңбек нарығындағы сұранысы жоғары мамандықтар болатыны айтты.
«Бұл идея Сан-Диего қаласындағы осыған ұқсас лагерьден алынған. Онда сұраныстағы мамандықтарды тәжірибеде көруге мүмкіндік қарастырылды. Мәселен, дәрігер болғысы келетін 16-17 жастағы жеткіншектер УДЗ-ге түсіріп көрген, ал хирург болғысы келетіндер робот адамның терісін тігіп көрді және т.с.с. Тіпті, мұхит зерттеушісі дейтін маман иесіне дейін болды. Биыл жазда алғаш рет мемлекеттік органдармен бірлесе отырып осындай лагерь ұйымдастырып көрмекпіз. Өйткені оқушы мамандықты тану үшін оны тәжірибеде сынап көруге тиіс», – дейді Айгүл Қанатқызы.
Айдана НҰРМҰХАН