Қыран бүркіт және басқасы электр бағанасы мен сымға соғылып, тоққа түсіп қырылып жатыр.
Энергия мен экология: құстарды қалай сақтаймыз?
коллаж: Елдар ҚАБА
769
оқылды

Бір ғана Зайсан ойпатында 800-дей құстың, соның ішінде құрып бара жатқан «қызылкітаптық» құстардың өлексесі табылды. Гидтердің бірінің айтуынша, құстардың тоқ соғып, жаппай сұлап түскеніне шетелдік саяхатшылар куә болған. Бұған тоқтау салу үшін елімізде құстан қорғағыш құрылғы орнатылмаған электр желілерін қолданысқа енгізбеу ұсынылды. Тиісті заң жобасы қабылданса, бұл жануарларды қорғаудағы маңызды бір жеңіс болар еді.

Қырылардай қыранға не зауал келді?

Жануарларды, соның ішінде құстарды қор­ғап, аялап сақтау Қазақстанның әлем­де­гі бе­де­лін де арттырады. Ал әзірше Эко­ло­гия және та­биғи ресурстар министр­лі­гі­нің мәліметінше, Шығыс Қазақстандағы бір ғана Зайсан ой­патында 11 түрлі 791 жырт­­қыш құстың өлексесі та­былды. Оның ішін­де 43 бүркіт (Aquila chrysaetos), 11 дала бүркіті (Aquila nipalensis) бол­ған.

Бұдан бөлек, экологтар 4 жыл бойы Ба­тыс жә­не Орталық Қазақстандағы, Еділ-Жайық өзен­дері аралығындағы, Мұғал­жар­дағы, Арал маңындағы, Сарысу және Бет­пақдала құм­дарын­дағы жалпы ұзын­ды­ғы 288,2 шақырымға созылып жатқан әуе­лік электр беру же­лі­лерінің (ӘЭБЖ) 13 учаскесін егжей-тегжейлі зерт­теп шық­ты. Соның барысында электр то­ғынан қы­рыл­ған 223 ірі құстың өлексесін тап­ты. Басым көпшілігі, 49,8%-ы – дала бүр­кіті болған. 

Электр желілерінің қыран-құстардың жаппай ұя салатын жерлерінен өтетін тұс­тарындағы қырылу ауқымы мамандар­дың төбе шашын тік тұрғызды: желілердің әрбір 10 шақырымында орта есеппен 108,4 сирек құс өлгені анықталды. Бұл – табылған мүр­­делер ғана. Жыртқыштар сүйретіп алып кетіп, жеп қойғаны қаншама?!

Мұндай қайғылы көрініс ұлы дала­ның барлық жерінде орныққан көрінеді. Орта­лық Қазақстандағы Қорғалжын мемлекет­тік қорығында және оның айналасында ма­мандар әуелік электр беру желілерінің (ӘЭБЖ) құстарға әсерін анықтау бойынша зерттеулер жүргізді. Оның да қорытындысы жан шошырлық: 34 түрлі 409 құстың өлексесі анықталды. Қиналып өлген, тірідей жанып кеткен құстардың үлкен бөлігін, 44%-ын тағы да ірі жыртқыш құстар құрады. Соның ішінде қарақұстар, бүркіттер, дала бүркіттері де болған.   

Жайық-Ембі өзендері аралығынан өтетін ӘЭБЖ-нің 87 шақырымында бірден 7 дала бүркітінің (Aquila nipalensis), 1 жыланжегіш қыранның (Circaetus gallicus) өлгені анықталды. Бұдан бұрын Атырау облысының аумағындағы 410 шақырымдық ӘЭБЖ бойын тексерушілер 18 түрге жататын 136 құстың өлексесіне кезіккен. Оның арасында 63 дала бүркіті, 1 қарақұс, 1 бүркіт, 1 аққұйрық субүркіт болған. 

Жаға ұстайтын жағдай жиілемесе, тыйылар емес. Орталық Қазақстан аума­ғын­да әуелік электр беріліс желілерінің әртүрлі құсқа әсерін зерттеу кезінде 68 учаскеде 35 түрге жататын 1 113 құс өлексесі тіркеуге алы­ныпты. Ол жерде кем дегенде 36 дала бүр­кіті, 4 қарақұс, 1 бүркіт, 2 жы­ланжегіш қы­ран ажал құшқан. Сондай-ақ тағы ер­те­ректе мерт болған 273 ірі бүр­кіт­тің сү­йек-қауырсындарының қалдықта­ры жат­қан.  

Маңғыстау облысында жалпы ұзындығы 1 355,7 шақырымдық ӘЭБЖ-нің 18 учас­кесінде 12 түрге жататын 129 құстың қал­дық­тары табылды. Онда бүркіттер барлық өлген құстың 62,79%-ына жетті. 

– 2024 жылдың қазан айында Қазақ­станның биоалуантүрлілікті сақтау қауым­дастығының мамандары электр беру же­лі­леріне орнитологиялық тексеру жүргізді. БҚО-да электр желісінің 329 шақырымы қаралды. Соның 248 шақырымы қауіпті болып шықты. Ақтөбе облысында мамандар 425 шақырым желіні тексеріп, оның 218 шақырымы құстарға қатер төндіретіні туралы тоқтамға келді. Көп құс тоқ соғып өлген. Құс қалдықтарын жердегі жыртқыш­тардың жеп қоюы мен былтырғы су тас­қы­ны табылған өлекселер санын күрт азайтты, есептің дәлдігіне әсер етті. Жеке­леген учаскеде құстардың өлім-жітімі 10 шақырым желіге 44 құстан келді, – деді Экология министрлігінің өкілдері.

Құс жоғалса не істейміз?

Қазақстан бертінде, 2020 жылғы 5 мау­­сымнан бастап биоәралуандылықты сақтау­ға арналған мерекені – Дүниежүзілік қорша­ған ортаны қорғау күнін атап өте бастады. Осыған орай үндеу жасаған Қасым-Жомарт Тоқаев: «Қазақстанда жан-жануар­лардың, құстардың, балықтар мен өсімдік­тердің ондаған түрі жойылып кету қаупінің алдында тұр. Табиғатты қорғау – мемлекеттік маңызы зор іс!», – деп қадап айтты. Сондай-ақ Қазақстан Президенті «Х» (Twitter) парақшасы арқылы әлемге қайырылып, планетаны қоршаған ортаның ластануынан құтқару үшін адамзаттың бірігуі керегін мәлімдеді. 

«Өзіңнен баста!» деген сөз бар, бұл істе Қазақстан әлемге үлгі болғаны жөн. Осы орайда Экология және табиғи ресурстар министрлігінің Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті «Кейбір заңнамалық актілерге аңшылық саласы және жануарлар дүниесін сақтау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңының жобасын әзірледі. 

Оның басты бір жаңалығы – құс қорғау құрылғыларымен жабдықталмаған, қуаты 6-10 киловольттық әуе электр желілерін жобалауға, салуға және пайдалануға тыйым салынбақ. Парламент құптаса, келесі жыл­дан бастап құсқа қауіпті желілерді қолданысқа енгізуге рұқсат етілмейді. Ал қолданыстағы желілерді тиісті жабдықтау үшін 10 жылдық өтпелі кезең беріледі. Қазіргі Мемлекеттік жоспарлау жүйесі құжаттарында құстарға қатер төндіретін электр желілерінің пай­даланылуына да, іске қосылуына да еш кедергі қойылмаған. 

– Қазақстанда қуаты 6-10 кВ болатын әуелік электр беру желілерінің жалпы ұзын­дығы – шамамен 80 мың шақырым. Жалпы, әртүрлі бағалау бойынша әуелік электр желілерінің барлық апатының ша­мамен төрттен бірі құстар кесірінен болады. Жаңа заң жобасының талаптары жануарлар дүниесiн қорғауға, өсiмiн молайтуға және пайдалануға бағытталған. Сондай-ақ ол электр қуатын беру саласындағы қауіпсіздікті қамтамасыз етеді, – деді Орман шаруа­шылығы және жануарлар дүниесі комитетінің Жануарлар дүниесі және аңшылық ша­руашылығы басқармасының басшысы Асқар Әбдірахманов. 

Оның айтуынша құстарды әуелік электр желілерінде электр тоғының соғуынан бо­латын қысқа тұйықталулар оларды іс­тен шығарып, электрмен жабдықтаудағы үзі­лістерге соқтыруы мүмкін. Тіпті, электрмен жабдықтаудағы кішігірім үзілістердің өзі қыруар шығын әкеледі.  

Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті жаңа талаптың пайдалы тұсы көп екеніне екпін түсірді. Ол жоғарыда айтылғандай, біріншіден, құстарға төнетін қауіптің алдын алып, экологиялық қауіп­сіздікті қамтамасыз етеді, табиғатты қор­ғау­ға, биоәралуандылықты  сақтауға және адамның зиянды қызметінен туындай­тын экологиялық тәуекелдерді төмендетуге септеседі. 

Екіншіден, сол арқылы Қазақстан өр­кениетті ел екенін паш етіп, әлемдегі беделін нығайтады. Ұшқындаған, гуілдеген электр бағаналары мен мұнаралардың құстарды қырып жатқанына куә болмай, керісінше, олардың аспандағы тіршілік атаулыға барынша қауіпсіз етілгенін көрсе, шетелдік туристер мен меймандардың сүйсінері сөзсіз. Өйткені комитеттің дерегінше, Қа­зақстанда 6-10 киловольттық әуелік электр беру желілерінде жыл сайын ондаған мың құс өледі. Оның арасында «Қызыл кітапқа» енген, сиреп қалған немесе мүлдем жойылу алдында тұрған дала бүркіті, бүркіт, ақиық, қарақұс, жыланжегіш қыран, аққұй­рық субүркіт, кезқұйрық субүркіт, бақалтақ қыран, ителгі, бидайық, лашын, сұңқар, тарғақ, балықшы тұйғын, үкі және басқа­ла­ры электр бағаналары мен сымдарына жанасып, қырылып жатыр. 

Құсты қорғайтын заң керек

Комитет заң жобасы қабылданса, біраз оңды өзгеріс болады деп тұспалдады. Мы­салы, бұл талаптар толыққанды орындалса, 6-10 кВ қуатындағы желілерде құстардың өлім-жітімі 80%-ға дейін азаяды деген индикатор белгіленген. 

Бұған қоса, қуат желілеріндегі құстардың кесірінен болатын апаттар, ағытылулар азаюға тиіс. Комитет мамандары бұл рет­теуші құралды енгізу шығыны сонша қо­мақты емесіне және ақырғы тиімділік тұр­ғысынан ақылға қонымды екеніне се­німді. Алдын ала есептеу бойынша қуат­тылығы 6-10 кВ желілердің әрбір 100 ша­қырымын, аралық, анкерлік тіректерін құс қорғау құрылғыларымен жарақтандыруға 15 млн 174,4 мың теңге ғана қажет болады. 

– Бұл сонша қымбат, жоғары техноло­гиялы жабдықтар емес. Есесіне құстардан болатын апаттар, қысқа тұйықталулар санының қысқаруы қуат жеткізудің сенім­ділігін арттырады, жолай жоғалатын энер­гияны кемітеді. Желілерді жөндеу, қалпына келтіру шығындарын азайтады. Ұзақмерзімді перспективада бұл шаралар салмақты қаржы үнемдеуге септігін тигізеді. Сондай-ақ қорғаныш құралдарын орнату табиғи монополистердің «қызылкітаптық» құс­тардың өлуіне байланысты салынатын айыппұлдан құтылуына көмектеседі. Себебі «Қызыл кітаптағы» 1 құстың өлгені үшін айыппұл сомасы 20 АЕК-тен (78 640 теңгеден) жоғары болуы мүмкін, – деді комитет өкілдері. 

Ал олардың бір-бірлеп емес, мыңдап қырылып жатқаны жоғарыда айтылды. Демек, құстан қорғаушы жабдықтар орнатуға кеткен бастапқы шығындар еселеп өтеледі. Компанияның қаржылық көрсеткіштерін жақсартады, жұмысының тұрақтылығы артады. 

Ведомство жаңа заң жобасы аясында жаңа тұрпатты реттеу тетігін енгізудің жоспарланғаны туралы әуелік электр желілерін пайдаланушы компаниялар құлағдар етілгенін хабарлады. Инженер-энергетик Игорь Радионов құстардың 6-10 киловольттық кернеудегі электр беру желілерінде жиі өлетінін жеткізді.

– Одан жоғары кернеудегі әуелік желілер әдетте құстар үшін толық қауіпсіз деуге болмас, бірақ біршама қауіпсіздеу. Себебі онда жерге тұйықтау элементтері мен сымдар арасындағы алшақтық үлкен. Құстар көбіне 6-10 киловольттық кернеудегі әуе желілерінің темірбетон тіректерінде өледі. Темірбетон тіректің төбесінде көлденең металл белтемір – траверса жатыр, онысы тіректің ішіндегі арматураға дәнекерленеді немесе болтпен бекітіледі. Траверсаның оқшаулағышы оқшауланбаған сымдарды біріктіріп ұстап тұрады. Қонған құс абайсызда осы траверсаға немесе сымға жанасады да, оны тоқ соғып, арам қатады, – деді энергетик. 

Кейде өлген құс жерге топ етіп құламай, бағанадағы сым мен траверса арасында кептеліп қалады, онда оның өлексесі тоқ өткізіп, тұрақты тұйықталуға соқтырады, салдарынан желі ағытылып қалады. Сондықтан құстарды да қинамау, адамдарды да қуаттан ажыратпау үшін Үкімет пен Парламент жаңа талапқа жолдама беретін заң жобасына ақ батасын берсе, құба-құп.

Айхан ШӘРІП