Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша прокуратура органдары маңызды инвестициялық жобаларды қолдап келеді.
Прокурорлар 1 мыңнан астам инвестордың 640 проблемасын шешті
Фото: gov.kz
1,334
оқылды

Осы жұмыс шеңберінде Бас прокуратура 2022 жылдан бастап тазарту құрылысы зауытын салу жобасын іске асырып келе жатқан «TAZAU» ЖШС инвесторының проблемасын анықтады, – деп хабарлайды Aikyn.kz Бас прокуратураның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Бұл серіктестік – сыртқы инженерлік желілерге, шаруашылық-тұрмыстық, жер үсті және өндірістік сарқынды суларға арналған тазарту құрылыстарына арналған өнімдердің отандық өндірушісі.

Жоғары қадағалау органы қызметкерлерінің жеке қабылдауы барысында инвестор қажетті электр қуатының жоқтығы салдарынан электр энергиясына қосылу мүмкіндігінің болмағанын, нәтижесінде жобаны аяқтай алмағанын хабарлаған. Өңірлік электр желілік компанияға жүгіну нәтиже бермеген.

Бас прокуратураның «Арнайы экономикалық және индустриялық аймақтар туралы» Заңның ережелері түсіндірілген хатынан кейін инвесторға техникалық шарттар берілді.

Жалпы, прокурорлар қызмет барысында елдің инвестициялық тартымдылығын жақсартуға, инвесторлардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауды қамтамасыз етуге бағытталған қолдау шараларын көрсетеді. Бүгінгі таңда прокурорлар 1 мыңнан астам инвестордың 640 проблемалық кейсін шешті. Бұл жұмыс жалғасын табады және Бас прокуратура басшылығының ерекше бақылауында.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.