Қазақ халқының сан ғасырлық тарихи мұрасын зерттеу – ұлттық бірегейлікті қалыптастырудың маңызды факторы. Осыған орай Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінде «Ұлы Дала тарихы» атты конференция өтті. Іс-шара Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлттық құрылтайда көтерген «Ұлттық тарихи сананы жаңғырту» бастамасына негізделіп, қазақ тарихының шынайы бейнесін қалпына келтіруге арналды.
Конференцияға Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті Директорлар кеңесінің төрағасы Омархан Өксікбаев, Басқарма төрағасы – ректоры Гүлмира Қанай, тарихшылар, археологтар, этнографтар, шығыстанушылар, саясаттанушылар, мемлекеттік мекеме өкілдері, жоғары оқу орындарының профессорлық-оқытушылық құрамы мен студенттер қатысты.
Ғалымдар Қазақ хандығының құрылу кезеңдері, Ұлы Далада өмір сүрген тайпалар мен халықтар, Шыңғыс хан және оның ұрпақтарының әлемдік өркениетке қосқан үлесі туралы тың деректермен бөлісіп, түркі өркениетінің даму жолы мен қазақ халқының тарихи мұрасын жан-жақты талқылады. Сонымен қатар тарих ғылымындағы жаңа зерттеулер мен ұлттық мұраны сақтау мәселелері қозғалып, оның қазіргі Қазақстан үшін маңызы атап өтілді.
Конференция аясында «Ұлы Дала ақиқаты» кітабының тұсаукесері өтті. Еліміздің көрнекті ғалымдары бұл еңбектің маңыздылығына ерекше тоқталып, қызыл лентасын қиды.
«Бұл кітапта қазақ тарихының көне дәуірден бүгінгі күнге дейінгі маңызды кезеңдері қамтылған. Әрбір қазақ өз тарихын терең білуі тиіс. Осы еңбектің жарық көруіне Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің Тарих кафедрасының ғалымдары да үлес қосты. Мен Қазақстан ғалымдар одағының Президенті ретінде университетке ризашылығымды білдіремін», – деді мемлекет және қоғам қайраткері, экономика ғылымдарының докторы, академик Оразалы Сабден.
Кітап авторы, шығыстанушы Оразбай Зәріпбай Жұманұлы туындының жазылу мақсатына тоқталып, оның қазақ халқының тарихи санасын қалыптастырудағы маңызын атап өтті.
«Мен парсы және шағатай тілдерінен жаңа деректерді аударып, еліміздің тарихын жастарға жеткізу мақсатында осы кітапты жаздым. Біздің түркі ата-бабаларымыздың тарихын тереңірек зерттеу қажеттілігі туындады. Зерттеу барысында түркі халықтарының тарихы 5 мың жылға тереңдейтінін анықтадық. Бұл қазақ тарихының ауқымын кеңейтіп, ұлттық сананы нығайтуға септігін тигізеді», – деді ғалым Зәріпбай Жұманұлы.
Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің ректоры Гүлмира Қанай бұл конференцияның ұлттық тарихты жаңғыртуға серпін беретінін атап өтіп, бір топ ғалымға университет атынан төсбелгі табыстады.
QyzPU Әлеуметтік-гуманитарлық ғылымдар және өнер институтының «Ұлы Дала тарихы» ғылыми-зерттеу орталығы ұйымдастырған конференция қазақ халқының тарихи мұрасын зерттеуге және түркі өркениетінің қалыптасу жолын терең түсінуге үлкен үлес қосты. Жиын барысында көтерілген мәселелер мен тың деректер ұлттық тарихи сананы қалыптастырудың маңыздылығын айқындап, ұрпақтар сабақтастығы мен мәдени мұраны сақтаудың өзектілігін көрсетті.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.