Күй – елдің басынан өткен қасіретті де, қуанышты да, сағынышты да сөзсіз жеткізетін тіл. Домбыраның қос ішегінен төгілген бұл әуен халқымыздың дүниетанымын, өмірге деген көзқарасын, ішкі болмысын бейнелейді. Әр күй – бір тағдыр, бір тарих. Солардың бірі – Қазанғап Тілепбергенұлының «Көкiл» күйі.
Бұл күй жайлы бұрыннан деректер бар. Жобасы бір болғанымен, ішінара айырмашылықтары болған еді. Бір ортақ, ғылыми негізделген деректі біз де іздеп жүргенбіз. Оны 2022 жылы баспадан жарық көрген «Күй төресі Қазанғап» атты зерттеуден таптық. Ол жердегі зерттеуге имандай сенуімізге толық негіз бар. Өйткені зерттеу авторлары – қазанғаптанушы Әбдулхамит Райымбергенов пен атақты ғалым, өнертану ғылымдарының кандидаты Сайра Райымбергенова. Бұл мақаламыз сол еңбек негізінде дайындалғанын ерекше атап өтуіміз керек.
Арыдан бастайық… XIX ғасырдың соңы – қазақ халқы үшін ең қиын кезеңдердің бірі болды. 1879 жылы ел басына түскен алапат жұт мал атаулыны қырып, адам шығынын көбейтті. Ашаршылықтың өршуі халықты тығырыққа тіреп, тіршілік үшін күрестің жаңа сатысын бастады. Қойнауы қазынаға толы кең далада азық табу мұңға айналды. Халық малынан айырылып, тышқан мен бақа-шаянды аулап, жан сақтауға мәжбүр болды. Бұл жылдардың ауыртпалығы тек табиғи апатпен емес, отарлық саясатпен де байланысты еді. Ресей империясы қазақ халқының еркін көшіп-қону мүмкіндігін шектеп, көш жолдарын тарылтып, дәстүрлі тіршіліктің негізіне қауіп төндірді.
Қазақ халқы он екі жылдық мүшел жүйесіне сүйеніп, әр жылдың өзіндік сипатын ескеріп отырған. Қоян жылы – жұт пен апаттың жылы деп есептелген. Сол жылғы жұт жай ғана табиғи сынақ емес, халық өміріне төнген үлкен қатер болды. Ауылды жерлерде көшіп-қонуға шектеу қойылғандықтан, халық бұрынғыдай жаз жайлау, қыс қыстауға еркін бара алмай, малдың жұтқа шыдас беруі қиындай түсті. «Күй төресі Қазанғап» кітабынан тікелей үзінді келтірейік:
Арал теңізінің жағасындағы елдің бар сенім-тілегі шабақ ұстайтын көкіл деген шағын ау болады. «Көкілге не түсті, көкілді қарадыңдар ма, анау аштықтан бұратылып, екі көзі жәудіреп жатқан бала бүгін тірі қала ма, жоқ па?» – деп бар сенімін осы шағын көкіл ауға артады екен. Сондықтан сол уақыттағы халық санасында «көкіл» бала-шағасының өмірін сақтап қалатын баға жетпес дүниеге айналды.
Зұлмат жылдар өтіп, заман түзеледі. 1892 жылдары жасы қырыққа таяғанда, атағы айналаға жайылған Қазанғап күйші үйленуге бел буады. Бұған дейін бір ауқатты әулеттің қызына құда түспек болады. Алайда мал-дүние жетпей, бұл арманы орындалмай қалады. Кейін қолына дәулет біткен досы Бүркітбай көмекке келіп, Балкүміс есімді қызға құда түсіп алып береді. Осы некеден Ермек есімді тұңғышы дүниеге келеді. Қазанғап оны ерекше жақсы көріп, жүрегін соған арнайды. Алайда көп ұзамай Ермек шетінеп кетеді. Бұл қаза Қазанғапты терең күйзелтіп, ауыр уайымға салады.
1894 жылы екінші перзенті – қыз бала дүниеге келеді. Қазанғап оны Ақшыбық деп атайды. Қызын ерекше жақсы көріп, еркелетіп: «Көкiлім менің, кекiлім менің» деп отырады екен.
Қатал тағдыр өз дегенін жасайды. Күндердің бір күнінде Ақшыбық сырқаттанып, дүниеден өтеді. Қазанғаптың ішкі күйі домбыра үніне айналады. Домбырасын қолына алып, Ақшыбықты жоқтайды екен.
Ақ шабақты шырмаған,
Көкiл аудың айласы.
Ақшыбықты шырмаған,
Сұрқия ажал, қайдасың?!
Аумалы-төкпе көңіл-ай!
Арманда өткен өмір-ай, – деп бір күйдің сарынын қайта-қайта тарта берген екен дейді.
Өз уақытында «Тірі Қазанғап» атанған Садуақас Балмағамбетовтің тартуында осы күйді тыңдайық.
Бір күні Қазанғап Тілеу руынан шыққан Ержан есімді азаматтың үйінде отырып, осы күйді тартқан екен. Қатты толқыған Ержан: «Мына тартқан күйіңнің аты не?» деп сұрайды. «Ақжелең ғой» деп жауап береді. «Жоқ, Қазанғап, бұл тартқан күйің күйдің көкесі екен, Көкіл болсын» дейді. Содан кейін бұл ел арасында «Көкіл» атанып кетті деп жазады А.Райымбергенов.
«Күй төресі Қазанғап» еңбегіне қайта үңілейік:
Шалқарда тұрған Қазанғаптың шәкірті Құрманғали Өмірзақов бұл күй туралы толғана есіне алады: «Көпшіліктің ортасында Қазанғап осы күйді ойнағанда тыңдаушылар: «Япыр-ай, мынау көңілдің ащы өзегінен шыққан күй ғой, көкейге түскен көкілдей екен» деп бас шайқапты».
«Көкіл» күйін тыңдаған ауыл ақсақалдарының бірі: «Қазанғап, осы Көкіл күйін тартқанда неден кемдік көрді екен: жастарға өсиет айтатындай өлмейтін күй ғой бұл. Өзекті өртеп, көңілге ой салатын күй екен», – депті.
Белгілі ғалым Ақселеу Сейдімбектің Қазанғаптың «Көкіл» күйі туралы былай дейді: «Көкілге» қол созған домбырашы бұл күйді «күй төресі» деп тартады. Десе дегендей, Көкіл – Қазанғап күйлерінің шыңы. Мұндағы әуен-саз, құрылыс-бітім, қағыс тәсілдері Қазанғапты күйші ретінде мүлде даралап көрсетеді. Бұл әйтеуір өзгеге ұқсамаудан, әйтеуір өзгеден дараланудан туған күй емес, керісінше, күйшінің дарын тегеурініндегі, ішкі болмысындағы даралықты айғақтайтын күй».
Қазанғаптың жеке өмірі де осы күйдегі мұң мен үміттің арасындағы арпалысты көрсетеді. Сол себепті бұл күй – жеке мұңнан туғанымен, ұлт басынан өткен нәубетпен үндесіп жатыр. Қазанғаптың «Көкiл» күйі – зұлматтың күйі, қайғының тілі, үміттің үні. Ол – халықтың жанын жаралаған ауыр жылдардың үнсіз жыршысы. Бір адамның жоғын жоқтаудан туған күй кейін тұтас бір дәуірдің шежіресіне айналды. Өнер арқылы халықтың басындағы мұңды шерткен Қазанғап күймен сөйледі. Сөйтіп, «Көкiл» күйі ұлттың ұмытылмас рухани мұрасына айналды.
Рүстем НҮРКЕНОВ, музыка зерттеушісі