Ақтөбеде трансформаторларды ұрлаған күдікті ұсталды, – деп хабарлайды Aikyn.kz Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
Жедел шараларды өткізу барысында полиция қызметкерлері үш трансформаторды ұрлады деген күдіктіні ұстады. Тергеу барысында күдікті наурыз айының соңында манипулятор жалдап, үш электр трансформаторын ұрлағаны анықталды.
– Бір жағдайда ер адам Алға қаласының маңында ұрлық жасаған. Қалған екі жағдайда ол трансформаторларды облыс орталығында салынып жатқан кемпинг пен электр қосалқы стансасының құрылыс алаңынан ұрлаған.Қылмыстан келтірілген жалпы шығын шамамен 3 миллион теңгені құрады. Ұрланған трансформаторларды күдікті сатпақ болған. Ұрлық фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатыр, – делінген ақпаратта.
Полиция кәсіпкерлерді құрылыс алаңдары мен кәсіпкерлік объектілерінің аумақтарын бейнебақылау камераларымен жарақтандыруға және ұрлықтың алдын алу мақсатында тәулік бойы күзетпен қамтамасыз етуге шақырады.