Біз қоғамда қызу пікірлерге ұласқан бірқатар мәселеге тоқталып өтсек.
74 мектепте білім сапасы төмен
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Әділетті Қазақстан құруды үнемі айтып келеді. Ол былтыр Атырау қаласында өткен Ұлттық құрылтайда «Барлық салада әділдік болса, әлеуметтік теңдік орнайды, татулық пен келісім нығая түседі» деген болатын. Президент айтты, Үкімет тапсырма берді, біз солдат сияқтымыз, оны бұлжытпай жүзеге асырып келеміз», – деп кезекті брифингте атап өткен Сәрсен Абайұлы Шымкент қаласының білім саласына қатысты тексерудің қортындысын айтты.
«2023 жылғы оқу процестері бойынша Оқу-ағарту министрлігі жүргізген мониторингте анық болғанындай, Шымкент қаласының білім сапасы еліміздегі 20 өңірдің 20-сыншы қатарында тұр. Сонымен бірге 150 мектептің 74-інде білім сапасы төмен деп танылған, ал 70 мектептің 52-сі аттестациядан өте алмады. Одан бөлек, тексеру нәтижесінде анықталғанындай, қаладағы 6 мектептің лицензиясы жоқ, 11 мектепте атқарып жатқан қызметіне сай емес 18 мұғалім жұмыс істеп жүр.
Ал мұғалімдердің біліктілігіне қатысты мәселелерге тоқталсақ, 20 мұғалім біліктілік арттыру курсынан өтпеген, 130 мұғалімнің 55-і өрлеу орталығындағы тесттен өте алмаған. «Мектептегі білім сапасын арттыруда директордың рөлі аса маңызды. Біз 40 мектепті тексеру барысында 8 директордың жұмысында елеулі кемшіліктер барын анықтадық. Кейбір мектептерде мұғалімдердің біліктілік курсына қатыспауына көз жұма қарау және білім сапасына қатысты жасанды көтеру фактілері болған. Сондықтан оларға тиісті шара қолданылды. Аттестациядан өте алмай қалғандардың арасында 20-30 жылдық еңбек өтілі бар педагогтер бар. Осыдан кейін олардың арасында келіспеушіліктер туындауы, билікке қарсылық болуы заңдылық. Біз ешкімді орынсыз қудалап немесе негізсіз қызметінен босатқан жоқпыз. Барлық шешім тексеру нәтижесіне және объективті деректерге сүйене отырып қабылданды»,– дейді қала әкімдігінің ресми өкілі.
Ханбибі Есенқарақызы неге шырылдады?
Айта кетейік, Қазақстанға еңбегі сіңген қызметкер, ақын-жазушы Ханбибі Есенқарақызы өзінің жеке парақшасына қала әкімі Ғабит Сыздықбековке бағыттап, «Сәрсеннің сәтсіз істері» тақырыбымен кезінде ақын апамыздың өзі басқарған облыстық қуғын-сүргін музейінің қазіргі ахуалына алаңдап, музейлердің бірігіп кеткеніне қарсылық білдіріп, мәлімдеме жасады. Ханбибі апамыздың бұл жазбасы ел ішінде едәуір қызу талқыға түсті. Дәл осы күні Сәрсен Абайұлы бұқаралық ақпарат құралдарына брифинг өткізіп, мәселені түсіндірді.
«Елімізге белгілі Ханбибі Есенқарақызының жеке басына құрметім ерекше. Ақын апамыз музейлерді біріктіргенімізге және Шәмші Қалдаяқов атындағы филармония бола тұра Шымкент концерт бірлестігін құрғанымызға өзінің наразы пікірін білдіріпті. Әркімнің жеке пікіріне құрметпен қараймыз. Дегенмен жұмысты үйлестіру, тиімділігін арттыру үшін Шымкент қаласының мәдениет саласындағы қасаң сеңді бұзып, біршама өзгерістер енгізгенімізді жасырмаймын», – деп атап өтті брифингте қала әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек.
Жалпы, Шымкент қаласында бес музей қызмет атқарады. «Шымқала» тарихи-мәдени кешені, Саяси қуғын-сүргін құрбандары музейі (оның құрамындағы «Ерлік» музейі), «Хакім Абай» музейі (кітапхананың құрамында болған) және Сайрамдағы музей (Шымқала кешені құрамында болған). Алайда бұл музейлердің ұйымдастырушылық-құқықтық мәртебелері әртүрлі болғандықтан, олардың қаржылық қызметінде қиындықтар туындаған. Мысалы, «Саяси қуғын-сүргін құрбандары музейі» коммуналдық қазыналық кәсіпорын ретінде қосымша табыс табуға мүмкіндігі бар болғанына қарамастан, бұл музей жылына бар болғаны 3 миллион теңге қосымша қаржы тапқан. «Шымқала» тарихи-мәдени кешеніне туристер жиі барады. Бірақ коммуналдық мемлекеттік мекеме мәртебесіне ие болғандықтан, мекеме өздігінен табыс таба алмайды. Бұл мәселені шешу мақсатында Шымкент қаласында музейлерді бір орталыққа біріктіру жұмыстары жүргізіліп, «Шымкент қалалық музейлер бірлестігі» құрылған. Бес музей біріктірілген мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорны енді музейлердің қаржылық тұрақтылығын қамтамасыз етіп, олардың тиімді жұмыс істеуіне мүмкіндік береді деп күтілуде.
Ал Шәмші Қалдаяқов атындағы филармония Түркістан облысына қарасты мекеме болғандықтан, ол Шымкент қаласына тиесілі емес. Сондықтан қала билігі «Шымкент концерт» құрылымын құрған. «Шымкент концерт» – бұл қаладағы филармония қызметін атқаратын концерттік бірлестік болмақ. «Бұрын бұл мекеме Шымкент қалалық мәдениет үйі болған. Алайда мәдениет үйлері аудандарға тән, ал мегаполиске концерттік бірлестік қажет», – деп атап өткен Сәрсен Абайұлы қоғамда Жұмат Шанин атындағы академиялық қазақ драма театрына қатысты айтылып жатқан сынға жауап берді. Аталған театрдың жыл бойы баржоғы 2 премьера мен 28 қойылымды сахналағанына наразылығын білдіріп, мұндай кемшіліктер басшылықтың өз еркімен жұмыстан кетуіне түрткі болғанын жасырмады. Сонымен бірге Жұмат Шанин атындағы театрда бірнеше жыл бойы бірде-бір қойылымға қатыспаған, тіпті олардың Алматы, Астана қалаларында тұратын актерлер бар екені анықталған.
Футбол ойыншысы 20 миллион теңге жалақы алады
Шымкенттегі тағы бір шулы мәселе, «Ордабасы» футбол клубының ойыншыларын ұстауға бюджеттен миллиардтаған теңге қаржы бөлінетіні. Ойыншылардың орташа жалақысы 15 миллион теңге төңірегінде екен. Бұл туралы қала басшысы Ғабит Әбдімәжитұлы «батпаққа батып қалған» футбол командасын қабылдап алдық деп атап өтті. Себебі 2023 жылы Ғабит Әбдімәжитұлы қалаға әкім болып келгенде «Ордабасы» футбол командасының 2018 жылы бері жинақталған қарызы 2,5 млрд-қа жуық болған. Қала әкімінің пәрменімен оған қосымша құн салығымен бірге аталған қарыз толық жабылған. Тіпті, «Отау групп» компаниясының демеушілігімен 1 миллиард теңге тағы берілген. Соған қарамастан, сол кездегі клуб Президенті команданы тағы да 2 млрд-тық қарыз болуға мәжбүр еткен. Себебі ол кісі директорлар кеңесі, басқарушы орган ешқайсысымен келіспей бірнеше футболшыға артығымен төленетін келісімшарт жасасқан.
«Біз осы мәселені зерделеп, не үшін жалақыны көбейтіп жазғанын анықтап беру үшін құзыретті органдарға шағымдандық. Заң аясында оның жауабын алармыз. Ол келісімшарт 2024 жылдың соңына дейін жасалса мейлі ғой, 2025 жылдың соңына дейін түзілген. Бұл УЕФА-ның тарапынан қорғалатын келісімшарт болғандықтан оны бұзуға болмайды. Қазіргі таңда олар ойнаса да, ойнамаса да сол қаржыны төлеуге мәжбүрміз. Тіпті, ол жігіттердің біреуі мүлдем алаңға шықпайды. Бұл мәселені ойыншылардың өздерінің арының, намысының ісіне қалдырған жөн. Мұнда футболшылар жақсылап ойнауы керек, алып жатқан қаржысын ақтауға тиіс, не болмаса басқа бір шешім қабылдауы керек. Әрине, ерік өздерінде», – деді қала әкімінің орынбасары журналистерге берген сұхбатында.
Алысқа бармай-ақ, 3 жыл қатарынан Шымкентте 12-17 миллион теңге төңірегінде жалақы алып келген бір футболшы қазір көрші облыстың футбол командасында ойнап, 1-2 миллион теңге алып жүр. Ал шымкенттіктер 3 ойыншыға айына 60 миллион теңге төлеп отыр. Сәрсен Абайұлы қоғамда пікір туғызған осы мәселе жөнінде де нақты деректерді атап өтті.
Су арнасы мемлекет меншігіне қайтарылды
Шымкентте біршама уақыттан бері «Су ресурстары Маркетинг» ЖШС-ны мемлекет меншігіне қайтару бойынша тыңдалымдар мен талқылаулар өтіп келе жатқан болатын. Аталған мекемеге қатысты ел ішіндегі шағымдардың көп екені жиі айтылады. Қала әкімдігі бұл стратегиялық нысанды коммуналдық меншікке қайтару арқылы қызмет сапасын жақсарту және тарифтерді төмендетуді мақсат етуде. Сонымен, Шымкент әкімдігі жуырда көптен күткен нәтижеге қол жеткізді. Қала әкімдігінің ресми өкілі Сәрсен Құранбек БАҚ өкілдерін жинап, «Су ресурстары Маркетинг» ЖШС-ның мемлекетке қайтарылғаны бойынша сүйінші жаңалықты жеткізді.
Айтса айтқандай, Шымкентте едәуір өзгерістер болып жатыр. Осы қарқынмен жұмыс жүре берсе, әлі де бірқатар былықтың беті ашылатын сыңайлы.
Назгүл НАЗАРБЕК,
Шымкент қаласы