Өрт сөндіруге Абай, Шығыс Қазақстан және Павлодар облыстарының Төтенше жағдайлар департаменттері, «Семей орманы» мен «Ертіс орманы» мекемелерінің қызметкерлері және жергілікті атқарушы органдар атсалысып жатыр.
«Жағдай бақылауымда болады»: Берік Уәли Абай облысындағы өртке қатысты тапсырма берді
Фото: Абай облысы әкімдігі
904
оқылды

Бесқарағай ауданындағы өрт сөндіру жұмыстары жүргізіліп, жағдай бақылауға алынды, – деп хабарлайды Aikyn.kz.  

4 сәуір күні түстен кейін Бесқарағай ауданына қарасты Қоянбай ауылы маңында құрғақ шөп өртенгені туралы ақпарат түскен болатын. Желдің екпінімен өрт “Семей орманы” табиғи резерватының Морозов филиалы аумағына таралған. Оқиға орнына дереу өрт сөндіру бөлімдері, арнайы техника мен орман шаруашылығы қызметкерлері жұмылдырылды. 

Облыс әкімдігінің мәліметінше, өрт сөндіруге Абай, Шығыс Қазақстан және Павлодар облыстарының Төтенше жағдайлар департаменттері, «Семей орманы» мен «Ертіс орманы» мекемелерінің қызметкерлері және жергілікті атқарушы органдар атсалысып жатыр. Жағдайды бақылау үшін оқиға орнына Абай облысының әкімі Берік Уәли барып, жедел штаб отырысын өткізді. 

Облыс әкімінің орынбасары Димитрий Гариков пен ТЖД бастығы Манарбек Шапағатов өңір басшысына ахуал жайлы баяндады. Өртті сөндіруге барлығы 353 адам, 130-ға жуық техника және 1 тікұшақ тартылды. Қазіргі уақытта өрттің таралуы тоқтаған, жағдай тұрақтанып келеді. 

Мамандардың айтуынша, жаңбырлы ауа райы өртті сөндіруге қолайлы жағдай туғызған. Облыс әкімі өрт толық сөндірілгенге дейін жағдай қатаң бақылауда болатынын айтып, тиісті тапсырмалар берді. 

– Ең бастысы – адамдардың өмірі мен қауіпсіздігі. Барлық техника мен мүмкіндіктер жұмылдырылуы тиіс. Қазір Өскемен мен Павлодардан көмек келе жатыр. Таңертең тікұшақпен өрт болған аумақты шолып шығамын. Жағдай тікелей бақылауымда болады, – деді Берік Уәли.

Қазіргі уақытта ең бастысы, елді мекендерге қауіп төніп тұрған жоқ. Аймақтағы ахуал толық қадағаланып отыр.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM  арнасынан табасыз.