Жалпы, каллиграфия – ғасырлар бойы қалыптасқан өнер түрі, ол бүгінде тек дәстүрлі қолжазба ретінде ғана емес, заманауи дизайн, көркемсурет және жарнама салаларында да кеңінен қолданылады.
Аружан Төлепова – IT менеджмент мамандығының магистрі. Дегенмен мектеп кезінен көркем жазу мен эстетикаға құштар қыз карантин кезінде өзіне жаңа хобби табады. Кейіпкеріміз каллиграфияға алғаш келгенін былай деп еске алды: «2020 жылы бұл өнерді интернет желісінен көріп, қызығушылығым оянды. Instagram арқылы каллиграфия өнерінің бар екенін білдім. Түрлі шетелдік каллиграфтардың жұмыстары шабыт сыйлады. Осылайша, каллиграф ұстаздардан онлайн білім алдым. Алғашында жай ғана жақсы көріп, сұлулығына қызығып, хобби ретінде айналыстым. Жазып отырып уақыттың қалай өткенін байқамай қалатынмын. Басқаша сезім: тыныштық, тіршіліктен дем алу. Кейін картина, ашықхат, логотипке тапсырыстар түсе бастады».
Иә, каллиграфияның пайда болуы жазудың қалыптасуымен тікелей байланысты. Сұлу өнер нақты бір уақытта емес, әртүрлі өркениеттерде жазу мәдениетімен қатар дамыған. Бірақ оны ерекше өнер ретінде қабылдау Қытай, Араб, Еуропа және Жапония мәдениеттерінде кең таралды.
– Каллиграфияны ниеті бар кез келген жан үйрене алады. Маңыздысы – шынайы қызығушылық пен еңбек және тәжірибе. Жазуыңыз нашар болса да, суретке қабілетіңіз болмаса да, мүлде жазу-сызу өнерінен алшақ адам болсаңыз да үйреніп кетуіңіз мүмкін. Каллиграфияны үйрену жас талғамайды. Маңыздысы – дұрыс ұстаз табу және өзіңнің бар ықыласыңды салып, беріліп жасау. Үйрену уақыты әркімде әртүрлі. Мысалы, менің 5 жылдық тәжірибем болса да, әлі де өнердің шыңындамын, болдым-толдым деп айта алмаймын. Уақыт өткен сайын, тәжірибе көбейген сайын жазу әдемі бола береді. Бір бастаған соң тоқтамайсың. Себебі бұл өнердің шегі жоқ,– дейді Аружан.
Стив Джобстың өзі каллиграфиямен айналысқан
Қазір каллиграфия тек дәстүрлі жазу әдісі ретінде ғана емес, цифрлық технологиялармен тығыз байланыста дамып келеді. Компьютерлік бағдарламалар, графикалық планшеттер және шрифт дизайны каллиграфия өнеріне жаңа мүмкіндіктер ашты. Аружан Төлепованың айтуынша, каллиграфия өнері ешқашан өлмейді. Ол жаңа заманға да қажет. Қазір сіз смартфонда, компьютерде пайдаланып отырған шрифтер сол қолмен жазылған каллиграфияны цифрландыру арқылы алынған. Яғни, компьютерге қолдан жазылған жазу цифрландырып арнайы IТ-мамандардың көмегімен енгізілген. Компьютерден шыққан дайын шрифт ешқашан қол еңбегін алмастыра алмайды және құндылығын бере алмайды. Әлемге әйгілі Apple компаниясының негізін қалаушы Стив Джобстың өзі каллиграфиямен айналысқан. Ең алғашқы МАС жүйесін ойлап тауып, компьютер жасап шығарғанда өзінің қолмен үйренген каллиграфия шрифтін компьютерге енгізген. Демек, каллиграфияны ешқандай жаңа заман құрылғысы басып оза алмайды.
– Басында хобби ретінде басталды. Бірақ қазір түрлі брендтерге серіктес болып, ашықхат, картина, логотип жазып табыс тауып жүрмін. Бірақ каллиграфия үйренудегі мақсат табысқа айналдыру болмау қажет. Ақша табу – өз сүйікті ісіңмен айналысқан соң саған берілетін қосымша бонус секілді болуы керек. Ниет табыс болатын болса, үйрену қиынға соғады және табысқа шығамын деген ниет көпке апармайды. Ең бірінші, хобби ретінде жақсы көріп айналысу қажет, – дейді каллиграф.
Каллиграфияны мектепте оқыту керек
Қазір мектеп оқушыларының жазуы нашар деп жиі шағымданамыз ғой. Себебі балалар гаджеттерді көп пайдаланады. Компьютер, планшет және смартфондарда теру қолмен жазудан әлдеқайда жылдам және ыңғайлы. Осының салдарынан оқушылар қолмен аз жазады, бұл жазу үлгісінің нашарлауына әкелуде. Жапония, Қытай, Италия, Польша сынды елдерде каллиграфия негізгі пән ретінде оқытылса, Батыс елдерінде факультативті курс немесе арнайы үйірме ретінде ұсынылады.
– Жазу мидың жұмысына тікелей қатысты. Сондықтан каллиграфияны мектеп пәні ретінде оқу бағдарламасына қосу жай ғана қажеттілік емес, міндетті деп есептеймін. Каллиграфия ми жұмысының жақсаруына, табандылық, сабырлық қасиеттерінің дамуына, зейінді арттыруға көмектеседі. Каллиграфия тек жазудың әдемі болуымен шектелмейді. Сіз болашақта қай саланың маманы болсаңыз да сізге қажет түрлі қасиеттерді бере алады.
Тіпті, дамыған Қытай, Жапония елдерінде каллиграфия арнайы пән ретінде оқытылып, кейбір үлкен компаниялар қызметкерлеріне жұмыс арасында арнайы каллиграфия сағатын қойған. Себебі каллиграфия адам бойында жетістікке жетелейтін қасиеттерді оятып, еңбекқорлық, сабырлық, табандылық, ми жұмысы, жан тыныштығы, шыдамдылық, сонымен қатар сұлулыққа, тазалыққа үйретеді. Каллиграфия кімге не жетіспейді соны бере алады. Тіпті мынадай нақыл сөз бар: «Каллиграфия – кедейге байлық, байға – билік, биге әдемілік береді»,– дейді Аружан Төлепова.
Каллиграфия – көркем жазу өнері ғана емес, сонымен қатар брендингте, жарнамада және визуалды коммуникацияда маңызды рөл атқаратын құрал. Әлемдік брендтер оны логотип дизайнында, жарнамалық материалдарда және ерекше визуалды стиль қалыптастыру үшін пайдаланады.
– Әлемдік брендтермен жұмыс ойламаған жерден, күтпеген ұсыныс болды. Instagram-да менің жұмыстарымды байқаған «Французский дом», BMW, Fashion Bureau секілді брендтер желісі маған өз ұсыныстарын жасаған болатын. Ол жақта мен бірнеше күнге немесе бірнеше сағатқа ашықхат толтыруға келісімге отырамыз. Ол болатын іс-шараға, мерекелік күндерге байланысты. Еңбекақымды да соған сай жоғары бағалайды. Брендтермен жұмыс істеу көп табыс және ерекше тәжірибе берді. Әсіресе, шетелдік брендтер каллиграфияның, қолмен жазылған хаттардың құндылығын жақсы біледі, – дейді каллиграф.
Coca-Cola, Disney, Nike, Adidas, Starbucks сынды көптеген танымал брендтердің логотиптері каллиграфиялық элементтермен жасалған, өйткені бұл стиль брендке ерекше бедел мен танымалдық береді. Әдемі жазулар эмоция тудырады, брендке сенімділік береді және тұтынушылардың назарын аударады. Сондықтан каллиграфия – маркетинг пен дизайндегі маңызды құрал.
– Каллиграфия – біздің елімізде қатты дамымаған, енді ғана дамып өркендеп келе жатқан сала. Бірі білсе, бірі білмей «бұл не?» деп таңғалып жатады. Бірақ болашақта Жапония,Түркия секілді мәдениет саласында каллиграфия өнері жоғары дамыған елге айналамыз деп сенемін, – дейді Аружан Төлепова.
Каллиграф қыздың алға қойған мақсаттары да айқын екен. «Шәкірт тәрбиелеу ойда бар. Қазірдің өзінде офлайн мастер-кластар өткізіп тұрамын. Сұлу өнердің дамуы мен адамдарға каллиграфияны үйрету маған үлкен қуаныш сыйлайды», – дейді кейіпкеріміз.
Аружан сияқты каллиграфтар бар кезде әдемі жазуға деген қызығушылық ешқашан жоғалмайды, өйткені ол тек қаріп емес, нағыз өнердің көрінісі.
Көктем ҚАРҚЫН