Ән королі Шәмші болса, күй дүлдүлі Нұрғиса еді. Екеуі де бір ғасырдың түлегі. Екеуі де болмыс-бітімі басқа, табиғаты ән мен жырға бөленген, жаратылысы бөлек жандар еді.
Нұр сипатты Нұрғиса
669
оқылды

Екі бірдей Алатаудың өнердегі мұрасы да мәңгілік. Биыл ән мен күйдің асқар тауы Нұрғиса Тілендиевтің туғанына 100 жыл толды. Қазақ музыка өнеріне өшпес мұра қалдырған әйгілі композитордың, Қазақстанның Халық қаһарманының мерейтойы ЮНЕСКО көлемінде тойланады. Бұл – қазақтың дарынды ұлына, ғасыр тұлғасына жасалған құрмет. 

Мәңгілік сағыныш

Қазақстанның Халық әртісі, әнші Нұрғали Нүсіпжанов өзінің жарты ғұмы­рын, яғни 51 жылын композитормен бірге өткізгенін, дара тұлғаның мәңгілік сағы­нышқа айналғанын жазды. Ол өз жазба­сында: «Нұр Аға – менің мәңгілік сағы­ныш, мұңыма айналған алтын жүректі асылдардың ішіндегі айрықша асыл адам. Аяулы ағамен 51 жыл сырлас болдым, 51 жыл мұңдас болдым, 51 жыл сапарлас болдым. Достығымыз бір туған бауырлыққа ұласқан бақытты ұрпақпыз. Анамның ақ дастарқанынан талай дәм татып, ауылыма барып, аунап-қунап қайтатынбыз. Тумаса да, туған ағатайымдай қорған болды, мейіріне бөледі, қамқорлығын да аямады. Мені еркелетіп, «Нұрғаш» деуші еді. Бірер күн көрмей қалса, «Аңсатып, сағындырып қайда жүрсің, тез жет» деп қоңырау соға­тын. Аға сөзі екі рет қайталанбайды, тіпті талқыланбайды. Обалы нешік, ол кісінің бір сөзін екі еткен кезім болған емес. «Жет» деді ме, өліп-тірілсем де жетем. Филар­монияда кездесеміз. «Отырар сазының» репитициясы қызып жатады. Тұғырына қонған қырандай Нұрағаң қырағы еді ғой. Есіктен енгенімен «коронный әндерімен» оркестрді дүркіретіп ала жөнеледі. «Са­рыжайлау» дейсіз бе, «Өз елім» дейсіз бе, «Алатау» дейсіз бе, қойшы әйтеуір менің даусыма арнап жазған әндерін бір-бір әуелетіп айтқызып, айызы қанған соң ғана құшағына ыстық ықыласпен қысатын. Сонда: «Қайда жүрсің адалым-ау, жалғы­зым-ау» деп маңдайымнан өпкенде, екі көзінен аққан жас кеудесін жуып тұратын. Қалай болғанда да, Нұрғиса Тілендиевтің «Адалым-ау, жалғызым-ау» деген екіауыз сөзін мен ешбір атақ-даңққа айырбастай алмайтынымды анық білем. Нұрағаңды алтынға балаймын. Мен мүмкін сол ал­тын­ның жай ғана сынығымын. Нұрағам Тау болғанда, бәлкім сол таудың бір ете­гімін», – деп жазады. 

Теңдессіз дарын иесі

Әйгілі «Қыз Жібек» фильміндегі Тө­легеннің әндерін орындаған әнші, Қазақстанның Халық әртісі Қайрат Байбосынов бала кезінде-ақ Нұрғиса Ті­лендиевтің ақ батасын алып, оқуын ком­по­зитордың бақылауында үздік аяқтағанын айтты. Әнші Нұрғиса Тілендиевпен бірге жүрген кездегі жылы естеліктерін айтып берді. 

«1963 жылы бізге Алматыдан Абай атын­дағы Опера және балет театры келді. Ол кезде 13 жастағы баламын. Мені ша­қыр­тып алып, домбырада ән айтқызды. Сонда мені тыңдап отырғандар кілең қазақ әдебиетінің қаймақтары екен. Домбырада ән айтып болғаннан кейін, фортепианода Нұрғиса Тілендиевтің «Жан сәулем» деген әнін орындадым. Сол сәтте өзі де сахнаға жүгіріп шығып, пианинода әнге ілесе кетіп бірге орындады. Менікі шырылдаған бала дауыс. Ән біткеннен кейін Нұрғиса Тілен­диев мені көтеріп алды да бетімнен сүйіп «Маған бала боласың ба?» деді. «Боламын» дедім мен. Міне, осындай сөз аузынан шыққан күннен бастап композитордың баласындай болып кеттім. 

Оқуды бітіріп Алматыға келгенімде Жүсіпбек Елебековтің сыныбына түстім, шәкірті болдым. Жұма сайын, кейде айына бір рет Нұрекең келіп менің сабағымнан хабар алып кететін. Бір жыл оқығаннан кейін 1968 жылы Тілендиев келіп: «Жүсеке, «Қыз Жібек» деген кино тү­сірілейін деп жатыр. Қайратқа сол ки­нодағы Төлегеннің әндерін орындатамын» деді.Сөйтіп, 18 жас­тан енді асқан шағымда фильмдегі Төлегеннің әндерін орындадым. Сол жыл­дары Нұрғиса ағамыздың қасында көп жүрдім. Үйіне барса үйіне барып, кино­сту­дияда отырса мен де сол жерге баратынмын. Байқағаным, Нұрекең отырып алып кино­ға арнап небір күйлер, мақамдар шығарады. Сондай қабілетіне таң қалатынмын. Туын­дыларының көбі «Қыз Жібек» киносы түсіп жатқан уақытта бұрқырап шықты. Бұл уақыт Нұрекеңнің творчествосының ең гүлденген кезі, жайқалған шағы болды. Одан бертінде талай шетелдік сапарларда бірге жүрдік, әндерін орындадық, кейде үйіне шақырып алып өзінің әндерін үй­ретіп отырды. Ал күйшілік жағының өзі бір бөлек әңгіме ғой. Оның аспаптарда ойнау шеберлігіне, музыкалық туындыларына ұқсайтын өнер иесі жоқ, теңдессіз жатқан таланты ерекше жан еді. Дарынды компо­зитор, дирижер, күйші, жалпы қазақтың маңдайына біткен нағыз өнер майталманы болса, ол – Нұр­ғиса Тілендиев. Оның мол мұрасын халық әлі күнге дейін тамсанып тыңдайды, жас­тарымыз бірінен-бірі асып, көпшіліктің арасында топ жарып орындап жүр. Олар қан­дай биікке көтерілсе де, шы­ғарма­шы­лығының, жетістігінің алдында Нұрғиса Тілендиевтің портреті тұр. Өзі дүниеден кетсе де халыққа шапағаты әлі тиіп жа­тыр», – деп еске алды Қайрат Байбосынов. 

Алаштың Алатауы

Ғалым, профессор Серік Негимов те қазақтың тау тұлғасына құрметі ерекше екенін айтып, өзі кездескен, көз көрген жан туралы айрықша ықылас біл­діріп, лебізін жеткізді. Ғалым композитор­мен көзі тірісінде бірнеше рет жүздескенін айтады. 

«Сұңқарлық, тұйғындық, тұлғалық қа­сиеттердің, шамырқанған бұла шабыттың иесі, күй өнерінің бұланайы Нұрғиса аға Тілендиев еді. Біз Кемпірбай ақынды, ағаш аяқты Шашубайды көрген жоқпыз. Бірақ та олар жайындағы қызықты әңг­і­мелерді, шежірелерді естіп өстік. Олар­дың бір­неше өнер­ді меңгергенін, әншілігі, жыр­шы­лығы, жолбілерлігі, клоундығы, әсіресе Шашу­байдың шай үстінде аяқ-қолы ыдыс-аяққа тимей, ойын көрсететіні, ағаштың басына шығып кететіні, не бол­маса, қар­нына таяқ қойып жүретіні туралы есті­генбіз. Сол секілді Нұрғиса ағамыздың да күйшілік өнерін көргенде, компози­торлық дарынын байқағанда, жүріс-тұрысын, қимылын көргенде – сол бір ұлы дара­боздардың бол­мысы байқалатын еді. 

Бауыржан Момышұлы Нұрғисаны бірде өзінің Жуалысына салтанатты тойға алып барады. Екеуі де бітімі бөлек, бол­мысы айрықша жандар еді. Екеуі де бетің бар, жүзің бар демей, ойындағысын ақта­рып қойып отыра беретін, турашыл, тік мінезді адамдар. Сонысына қарамастан, бір-бірін құрмет тұтты, бірге жүрді. Сол Жуалыға барғанда елдің алдында Нұрғиса аға башпайымен күй тартыпты. Сонда аға айтады екен: «Мен әкемнің бір ғажап өне­рін үйрене алмай қалдым. Менің әкем пы­шақтың жүзімен күй тартатын еді» деп. 1971 жылдың 8 қарашасында опера әншісі Бақыт Әшірованың туған күні болды. Сол дастарқанда Нұрғиса Тілендиев, Тұманбай Молдағалиев, Қайрат Жұмағалиев, Асқар Сүлейменов, Мұрат Әуезов, Алтыншаш Жағанова, Нәзікен Алпамысқызы бас қос­ты. Сол отырыста біз Нұрғиса ағаның ерек­ше қалыбына, болмысына қанығып, риза болып едік. Қимылы шапшаң, жүріс-тұрысы бөлек, көзі ойнақы, бітімі бөлек кісі екен. Дастарқан басында Бақыт апа­­­­мыз «Куә бол», «Құстар әнін» тағы басқа Нұр­ғиса ағамыздың бірнеше әнін шырқады. 

Одан кейін де Нұрғиса ағаны жиын-тойларда жиі көріп жүрдік. «Отырар сазы» оркестрінің бірнеше кон­цертін тамашаладық. Дирижерлігі бір төбе болса, күйшілік орындаушылығы бір төбе еді. Ол кісінің күй тартқандағы қимылы, іс-әрекеті бөлек-ті. 

Кезінде Әбдіжәміл Нұрпейісов ол жө­нінде: «Нұрғисаның денесін керіп тас­тасақ, бір кішкентай бөлшегінің өзі ән салып жатады» деп жазып еді. Шәкәрімнің: «өз денеңді нұрлы қыл» деген сөзі бар. 

Нұрағаң шығарған күйдің бәрі сол кісінің сүйегінен, табиғатынан шығып жатқандай! Нұрғиса Тілендиевтің әндерінің, күйлерінің рухани кеңістігінде, көркемдік мазмұнында ұлы даланың мың түрлі, мың қырлы, мың әуезді сипаттары бар. Ұлттың дүниетанымы, көркем таби­ғаты, тарихы, шежіресі, сезімі, рухы, жаны ұлы композитор Нұрғиса Тілендиевтің шығармашылығында жеткілікті. Өте терең, толық, жан-жақты сипатталған. 

Нұрғисаға Алла Тағала айрықша қа­сиет­терді берген ғой. Күй дегеннің бәрі ол кісінің табиғатынан шығып жатқан нәрсе. Құрманғазы, Дина, Ықыластың күйлері сияқты Нұрғисаның да шығармалары мың жылдықтармен өлшенеді. Ұлы даланың далалық болмысы осы Нұрғиса күйлерінде деп білеміз. Бұл – ғасыр тұлғасы! Нұр­ғисаның мұрасы – ол ғасыр куәгері. Ол туындылар – қазақтың дәрежесі, мәрте­бесі, биігі», – дейді ғалым.

«Ата толғауы» – нағыз классика

«Ақ жауын» мемлекеттік камералық оркестрінің көркемдік жетекшісі әрі бас дирижері, күйші Секен Тұрысбек Нұрғиса Тілендиевпен талай жыл өнердің бір арнасында жүріп, оның музыка саласын­дағы бейнесіне куә болды. Белгілі күйші Тілендиевтің шығармашылығынан туған бірқатар күйлердің астарына үңіліп, оның мазмұнын ашып айтып берді. 

«Нұрғиса Тілендиев нағыз күйшіліктің үлгісін бір қалыпқа салған өнерпаз. Екеуіміз 16 жыл бірге жүрдік. Оның «Егер 300 ән жазсам, оның 10-ы орындалатын болса, бұл мен үшін үлкен жетістік болар еді» деп айтып отыратын. Оның әр күйінің аста­рында бір мән жатыр, ол кездейсоқ тумаған.

Қарап отырсаңыз, «Көш керуен» кү­йі – Тоқаның «Саржайлау» деген күйі. Бұл күй алғаш рет 1975 жылы плас­тинкаға шыққан еді. Оны «Қыз Жібек» фильмінде қалай ұтымды пайдаланды. Бұл киноны музы­касыз елестетіп көріңізші, бір фильмді тірілтіп отыр. Одан бөлек, қаншама фильмге ән жазды. Б.Соқпақ­баев­тың «Менің атым Қожасында» да балалар табиғатын жақсы танып, ерекше суреттеді. 

Біз халық күйі деп айтып жүрген «Аққу» күйін Байжігіттің, басқа­лардың орындағанын естіп, тыңдадық. Бірақ сол күйді тірілткен,әрі қарай же­тілдірген, шыңына шығарған – Нұрғиса Тілендиев. Одан бөлек, күйшінің қырғыз еліне ар­наған күйі де бар. «Боорлаштарым» күйін әкемнің күйі дейтін еді. Алайда әкесі күй шертпеген. Сонау жылдары әнші Қайрат Байбосынов ағамыздан естіп едім, Мұқа­ғали Мақатаевтың бір айтқаны бар екен: «Боорлаштарым» күйі – қырғыз ағайынына деген жылылыққа негізделген күйі». Бұл да бір әдемі туынды болып тарихтың алтын қорында сақтаулы тұр. Мұны біздің «Ақ жауын» камералық оркестрі жиі ойнайды. 

«Ата толғауы» – нағыз классика. Бұл күйде қазақтың, ата-бабамыздың толға­нысы, ойланысы, болмысы дәл сурет­тел­ген. Бұл күйді де оркестрмен орын­дадық, 80-жылдардың басында бишілер «Ата толғауы» күйіне «Асатаяқ биі» деп би қойды. 

«Отырар сазы» оркестрін алдында Болат Сарыбаев, Сейілхан Құсайынов, Серік Нұртазин, содан кейін барып 80-жыл­дардың басында Д.Қонаевтың қол­дауымен Нұрғиса Тілендиев қайта тірілтіп, оркестрдің шаңырағын тік көтерді. 

Биыл біртуар күй дүлдүлінің 100 жылдығына орай еліміздің үш қаласында Түркістан, Шымкент, Таразда «Ақ жауын» камералық оркестрі мен мем­лекеттік «Алтынай» мемлекеттік фольк­лорлық-этнографиялық би ансамблі Нұрғиса Тілендиевке арналған шығар­машылық кеш өткізбекпіз», – деді күйші Секен Тұрысбек. 

Күй өнерінің майталманы

Нұрғиса Тілендиевтің шығар­ма­шылығындағы күйшілік, компо­зиторлық туындылары қазір жастардың орындауында да көпшілікке ұсынылып жүр. Бұдан күй дүлдүліне еліктеп, үлгі тұ­татын өнер иелерінің көптігі айқын кө­рінеді. Соның бірі – Құрманғазы оркес­трінің бас дирижері Абылай Тілепберген. Ол Нұрғиса Тілендиевтің күйшілік стилі мен шоқтығы биік композиторлық туын­дылары туралы айтты. Әңгіме арасында күйшінің туындыларын жиі тыңдап, рух­тана түсетінін, рухани байлыққа кене­летінін жеткізді. 

«Нұрғиса Тілендиевтің қазақ өнеріне қосқан үлесі орасан зор. Әр композитордың болашағында композитор болуы өскен ортасы мен туған жеріне тікелей байла­ныс­ты. Ал Нұрғиса атамыздың әйгілі бо­луына Жетісу өңірінің күйшілік мектебі, одан әріде Сүйінбай, Жамбылдардан жұққан болуы керек. Жетісудың әсем та­б­и­­ғатында еркін өскен тұлғаның компо­зитор болуы да заңдылық деп ойлаймын. Тілендиевтің өнерге, күйшілікке қосқан үлесін жай ғана «Әлқисса» күйін алып қа­рауға болады. Күйшілікте төкпе күй және шертпе күй деген ұғым бар. Нұрғиса Тілен­диевтің тапқырлығы мен ұтқыр­лы­ғының биік болуынан, композиторлық ерекше стилінің болғанынан «Әлқисса» күйінде төкпе мен шертпе күйін қатар араластырып, бір күйдің ішіне сыйғызды. Ол Алтай мен Атыраудың арасындағы күйшілік дәстүрін, халықты біріктіріп, бір күйді сүйіп тың­датуы ұлы композитордың ғана қолынан келеді. Тілендиевтің ізбасары болуы үшін қажырлы еңбек керек, Нұрғиса болып туу керек. Қазір Нұрғиса атамыздың ізін қуған дарынды тұлғалар жоқ емес, өте көп. Нұр­ғиса Тілен­диев туралы біраз зерттеп, оның жолымен жүріп, күй шығарып, жұртты күйге тартып жүрген жанның бірі – Нұр­кен Әшіров. Нұрғиса Тілендиевтің бейнесі қазақ өнерінде шоқтығы биік күйінде суреттеліп қалды. Оның күйшілігі бір төбе болса, композиторлығы бір төбе.

Композитор Кеңес заманында өмір сүргендіктен, басқа да халық­тар­дың әуенін тауып пайдаланды. Өйткені сол кездің құрылымы солай еді. Қандай жағдай болса да, Тілендиев шығармаларында қазақы үннің, нақыштың бояуы басы­мырақ», – дейді дирижер.

Бір өзі – бір оркестр. Әні де ғажап, күйі де тамаша. 

Мұзафар Әлімбаев:

«Күйден алау жақтыратын Нұрғиса,

Ойды көзбен бақтыратын Нұрғиса,

Шабынғалы тұрған долы барысты

Маужыратып сап тыятын Нұрғиса» деп жырлайды.

Күй – қазақтың ежелден мұңдасы, сырласы, жансерігі. Нұрғиса Тілендиев күйлерінің ерекшелігі де осында. 

Ең қызығы Тілендиев әндерінің ішінде осалы жоқ. Бір Нұрғиса-Мұқағали танде­мінен 32 ән туған. Ал оның 50-ден астам драмалық қойылымға, 19 көркем фильмге, 17 мультипликациялық фильмге, 14 деректі-хроникалық фильмге музыка жазғанын білесіз бе?

Ән мен күйге, музыкаға деген талғамы қандай?! Оның қайталанбас тұлғасы мен туындылары әрдайым оны өзгелерден даралап тұрады. Қазір Нұрғиса бейнесі әлдеқайда алыстап, биіктеп кеткен. Әні мен күйі барда Нұрғиса есімі өлмейді, өмір сүре береді. Әлі талай ғасыр ән боп шырқалып, күй боп шертілері анық. Нұр сипатты Нұрғисаның мұрасы мәңгілік, ғасырдан ғасырға жалғаса бермек.

Сымбат БАУЫРЖАНҚЫЗЫ,

Айна ХАСАН