Алуа Балқыбекова, боксшы: Жетістікке тоқмейілсуге болмайды

Таяуда Сербияда әйел­дер арасында бокстан әлем чемпионаты өткен еді. Қаракөз қыз­дарымыз мыңнан оза ша­уып, мерейімізді үстем қылды.

Алтыннан алқа таққан алтын қыз­дарымыздың бірі Алуа Балқыбекова болды. Бокстағы мансап жолында ол талай сынақ­тан сүрін­бей өтіп, ақыры өз дегеніне жетті. Әлем чемпионаты­ның бүкіл медалін енші­леген Алуамен мансабы, алдағы мақсаттары жөнін­де сұхбат құрған едік.

– Әлем чемпионы атану – әр спортшының арманы. Чемпиондық жекпе-жектен кейінгі алғашқы сезімдеріңіз қандай болды? Сезіліп жатыр ма?

– Шыны керек, сол сәттегі алғашқы сезім – қуаныш пен шүкіршілік. Жүректің тереңінен шыққан ризашылық еді. Бұған дейін де әлем чемпионаттарында бақ сынап, күміс пен қоламен шектеліп жүрген кездерім болды. Жеңіске бір қадам қалған сайын сүрініп, көз алдымдағы алтынды қол­дан беріп қойғандай күй кешетінмін. Сол бір сәттерде өз-өзі­ңе деген сенім сәл шайқалғаны­мен, арман мен үміт еш өшкен жоқ.

Міне, биыл сол арманға жеттім. Бұл – жай ғана жеке жетістік емес, қаншама уақыт бойы төгілген тер мен табандылықтың, маған сенген елдің үмітінің жеңісі деп білемін. Сол алтын медаль – мен үшін ең­бектің өтеуі, маңдай тердің жемісі. Шетелде чемпион атанғаныңды бірден сезе қоймайсың. Бәрі өз қалпында, ештеңе өзгермегендей. Ал елге оралған сәттегі жылы қарсы алу, халықтың ықыласы, «чемпио­нымыз!» деп құшақ жайған адам­дарды көргенде барып, жүрекке әлдебір шынайы сезім ұялайды. Сол кезде ғана «иә, мен шынымен әлем чемпионы болдым» деген ой санама жетті.

Дегенмен бұл қуаныш та мәң­гілік емес. Бір-екі апта шаттыққа бө­ленесің, сосын бәрі бұрынғы арна­сына түседі. Өйткені спортта бір сәтке босаңсу – кейін үлкен өкі­нішке апаруы мүмкін. Сон­дықтан бұл жетістікке тоқмейілсуге болмайды. Алда бұдан да маңызды жарыстар, күрделі белестер күтіп тұр. Сол үшін еңбек еш тоқтамайды.

– Боксты таңдауыңызға не себеп болды? Осы спортқа келуіңізге кім­нің ықпалы көп?

– Менің спорттағы жолым кикбоксингтен басталған еді. Сол кезде мені алғаш баптап, спортқа деген сүйіспеншілігімді оятқан жан – Мейербек Ченгельбаев ағай бола­тын. 2009 жылдары кикбоксингтің қыр-сырын меңгеріп, біраз жарыс­тарда бақ сынап жүрдім. Сол бір жарыстардың бірінде тағдырымның бағыты өзгерді десем, артық айтқа­ным емес. Жарыстан соң бізге бокс­тан Тараз қаласының әйелдер құрамасын жаттықтырып жүрген Ермек Алғабек бапкер келіп: «Бокс­қа бет бұрып көріңдер. Бұл спорт­та мүмкіндіктер көбірек, бо­ла­шағы зор» деп ақылын айтқаны есімде. 

Содан 2011 жылы алғаш рет бо­кс­­тан Қазақстан чемпионатына қа­тысып, сол турнирде жеңіске жет­тім. Бұл мен үшін тек бір жа­рыстың жеңісі емес, бокстағы ал­ғаш­қы қадамымның сәтті бастал­ғанының белгісі еді.

– Чемпиондыққа апарған дайын­дық процесіңіз туралы айтып бер­сеңіз. Қанша уақыт бойы жаттық­тыңыз?

– Шын мәнінде, чемпиондыққа апаратын жол бір күнде, не бір айда жүріп өтілетін соқпақ емес. Бұл – ұзақ жылғы еңбектің, жеңілістен кейінгі қайсарлықтың, талай тер мен төзімділіктің жемісі. Өздеріңіз білетіндей, мен бұған дейін де әлем чемпионаттарында бақ сынап, күміс пен қола медаль алған бола­тынмын. Бірақ жеңіске бір қадам қалғанда сүріну – жанға қатты батады. Десе де, дәл сол сәттер мені шыңдай түсті.

2022 жылы мен 48 келі салмақта жұдырықтасып жүрдім. Кейін Париж Олимпиадасына қатысу мақсатында үлкен шешім қабыл­дап, 52 келіге көтерілдім. Бұл оңай болмады. Өкінішке қарай, лицен­зиялық турнирде 3:2 есебімен жеңіліп қалдым. Бірақ дәл сол жеңіліс мені жігерлендіріп, тіпті жан дүниемде жаңа бір от тұтан­ғандай болды. Сол сәттен бастап барлық күшімді жинап, тактика­лық, техникалық, физикалық тұр­ғыда жаңа деңгейге көтерілу үшін барымды салдым.

– Қазіргі бапкеріңіз қатал емес пе? Бапкеріңізбен бірге ойластырған қандай әдіс-тәсілдер бар?

– Жоқ, қазіргі бапкерім қатал емес. Долқунжан Камеков ағайы­мызды мен тек мықты маман ғана емес, сонымен қатар психологияны жетік меңгерген, салмақты ұстаз деп есептеймін. Ол кісі қандай жағдай болса да асығыстыққа салынбай, әрбір шешімді сабыр­мен, терең оймен қабылдайды. Мұндай бапкермен жұмыс істеу – нағыз бақыт. Қазір біз дайындық барысында тек күш салып, тер төгумен шектелмейміз. Техника­лық, тактикалық жағынан да үнемі ізденісте жүрміз. Сонымен қатар физикалық төзімділікті арттыруға, шабуыл мен қорғаныстағы жылдам шешім қабылдауға ерекше көңіл бөлініп жатыр.

– Әлеуметтік желіде сальто жа­са­ғаныңызға көбі сүйсінді. Білуі­мізше, бұған да көп дайындалдыңыз. Бұл ой қайдан келді?

– Сальто жайлы ой 2022 жылы кел­ді. Жеке бапкерім Долқунжан ағайымызға айтып, үйреніп баста­ған едім. Сальто жасау – бала кез­ден келе жатқан арманым. Кішкен­тай кезімізде ауылда шөптің үс­тінде түрлі акробатикалық қи­мыл­дарды жасайтынбыз. Сол уа­қытта сальто секіруді үйрене ал­май кеткен болатынмын. 2022 жылы сальто қолға алып дайын­далып бас­тағанымда, бір жарыстан иықтан жа­рақат алып тоқтатқан­мын. Со­дан осы жылы оқу-жаттығу жиын­дарында Мұхит Ахметов бапкеріміз өзі сальто жасай алған­дықтан ма­ған да үйренуге көмек­тесті. Дұрыс қойылған тәсілдердің арқасында тез үйреніп кеттім. Одан кейін де жаттығулар арасында жасап отыратынмын. Кейде оңбай құлап, мойынға да салмақ түсіп жататын. Турнирлерде чемпион болсам сальто жасаймын деген ой жүрді. Кейіннен Сербияда алтын алып, турнирден соң көп күттірген саль­томды жасадым. 

– Көп жағдайда әлем, Азия чем­пионы болған боксшылар кәсіпқой боксқа ауысып жатады. Сіздің кәсіпқой боксқа баруға жоспарыңыз бар ма?

– Әзірге кәсіпқой боксқа ауысу нақты жоспарымда жоқ. Дегенмен жақсы әрі сенімді ұсыныстар түсіп жатса кәсіби рингке шығуға дайын­мын. Бірақ бұл – үлкен қадам. Себебі кәсіпқой бокстың өзіне тән ерекшеліктері бар, әрі оның кей тұстары қыз-келіншектер үшін оңай дей алмаймын.

Мәселен, кәсіби боксшы әйел­дер көбіне баскиімсіз жұдырық­тасады, қолғаптары да әдеттегіден әлдеқайда жұқа болады. Бұл – жа­рақат алу қаупін арттырып, спорт­шының денсаулығына әсер ететін факторлар. Осы жағдайлар кезінде мені біраз ойландырды, тіпті бас­тапқыда кәсіпқой боксқа түбегейлі қарсы да болдым.

Қазір мен үшін басты назар – алдағы ірі додалар. Ел намысын қорғайтын маңызды жарыстар тұрғанда, кәсіпқой боксты ойлауға әлі ерте сияқты. 

– Сүйіп көретін кумиріңіз, спортшыларыңыз бар ма?

– Шынымды айтсам, бір ғана адамды бөліп-жарып, «менің кумирім осы» деп кесіп айту қиын. Өйткені қазіргі қазақ спортшы­ларының қай-қайсысын алсаңыз да, әрқайсысының жолы бөлек, тағдыры дара, ал жетістігі мақтауға тұрарлық. Әсіресе, бокста жүрген аға-әпкелеріміздің әрқайсысы өз даралығымен ерекшеленеді. Олим­пиадада ел намысын қорғап, жүл­деге қол жеткізген спортшылары­мызды көргенде, кеудені мақтаныш кернейді. Барлығы дерлік кумир болуға лайықты.

– Бокс мансабын аяқтаған соң қандай іспен айналысқыңыз келеді? Бапкерлік қызметтен көре аламыз ба?

– Бапкерлік қызмет – өте қиын. Қанша дегенмен ең бірінші пси­хологиялық мықтылықты қа­жет етеді. Шәкірттермен жеке жұмыс істеу, басқа қырларын ашу сынды жұмыстар қажырлы еңбекті талап етеді. Әсіресе, жас спортшы­лармен жеке жұмыс істеу, олардың тек спорттық емес, адами қырларын да аша білу – кез келгеннің қолы­нан келе бермейді. Сондықтан бұл жолды жүріп өту үшін тек шебер спортшы болу жеткіліксіз, мықты педагог болу қажет.  

Өзімнің мамандығым – аударма ісі. Сондықтан болашақта спорттан тыс салада, нақтырақ айтсам, іс-қағаздар, халықаралық байланыс, баспасөз салаларында еңбек ету ойымда бар. Бұл бағыттарда да еліміздің спортын дамытуға үлес қоса аламын деп сенемін.

– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан 

Әсет ҚАЛИ