Кездесуге педагогтер, дәрігерлер мен ерекше балалардың ата-аналары қатысты, деп хабаралйды aikyn.kz. Олардың қатарында балалар психиатры, 30 жылдық тәжірибесі бар маман Мадина Кенжебекова да болды.
«Аутизм – жүйке жүйесінің ерекше дамуына байланысты пайда болатын жағдай. Қоғамда оны жиі ақыл-ой кемшілігімен шатастырып жатады. Бірақ аутизмі бар адамдардың арасында интеллектісі қалыпты жандар да өте көп. Ең басты белгісі – әлеуметтік қарым-қатынас пен коммуникация дағдыларындағы қиындықтар», – дейді дәрігер.
Оның айтуынша, соңғы жылдары бұл диагнозбен тіркелген балалар саны артқанымен, нақты себептері әлі анықталмаған.
«Аутизмнің нақты неден пайда болатынын ешкім дөп басып айта алмайды. Бұл – жаһандық проблема. Әлі күнге дейін әлем бойынша ғылыми зерттеулер жалғасуда. Қазақстанда инклюзия бағытында айтарлықтай өзгерістер бар. Бүгінгі кездесу – сол ілгерілеудің бір көрінісі», – дейді Мадина Кенжебекова.
«Балаға сенім – басты тірек»
Іс-шараға қатысқан аналардың бірі Алмагүл Сатинова жиынға 19 жастағы ұлымен бірге келді. Ұлына 4 жасында аутизм диагнозы қойылған.
«Ол кезде интернет те, ақпарат та тапшы еді. Балам 6 жасқа дейін сөйлемеді. Бірақ біз қолымыздан келгеннің бәрін жасадық. Тегін түзету орталықтарына барып, мамандармен жұмыс істедік. Қазір ұлым колледжде оқиды», – дейді Алмагүл.
Ол бүгінде ерекше балаларды тәрбиелеп отырған ата-аналарға арналған қауымдастықтардың көбейіп келе жатқанын атап өтті. Ең бастысы – баланы қабылдау, оған сенім арту және қоғаммен бірге дамуға ұмтылу екенін айтты.
Асылбектің арманы – аспаз болу
Алмагүлдің ұлы, 19 жастағы Асылбек Сатинов – Аспергер синдромы бар жасөспірім. Ол бүгінде елордадағы тамақтану және қызмет көрсету саласына маманданған колледжде бірінші курста оқиды.
«Колледжде кондитерлік өнімдер жасауды үйреніп жүрміз. Маған қамырмен жұмыс істеген қатты ұнайды. Болашақта осы сала бойынша мамандық алып, жоғары оқу орнына түссем деймін. Бос уақытымда саяхаттауды, туыстармен араласуды жақсы көремін», – дейді Асылбек.
Көрме мен қолдау
Шара аясында ерекше балалар мен жасөспірімдердің қолөнер бұйымдары мен өз қолдарымен жасаған тағамдары қойылған көрме-жәрмеңке де ұйымдастырылды.
«Autism Talks» жобасын 2015 жылдан бері инклюзивті білім беру бағытында түрлі жобаларды жүзеге асырып келе жатқан «Болашақ» корпоративтік қоры қолға алған. Қор директоры Динара Гапланның айтуынша, мұндай кездесулер қоғамдағы қате түсініктерді өзгертуге және ата-аналарға қолдау көрсетуге бағытталған.
"Қазір ерекше балаларға қатысты жалған ақпарат өте көп. Сондықтан біз осындай алаңдарда ата-аналар мен мамандарды кездестіріп, нақты ғылыми мәліметтермен бөлісеміз. Биылғы кездесуге «AMANAT» партиясы қолдау білдірді", – деді ол.
Ресми дерек пен шындық
2024 жылғы Ұлттық ғылыми-практикалық орталықтың дерегінше, Қазақстанда аутизм спектрі бұзылысы бар 15 мыңнан астам бала тіркелген. Алайда бейресми ақпарат бұл көрсеткіштің 35 мыңнан асатынын көрсетіп отыр.
Сондай-ақ, 7 мыңға жуық мектепке дейінгі балада да аутизм белгілері байқалған. Ал Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, әлемде әрбір 100 баланың бірі аутизммен туады.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» Telegram арнасынан таба аласыз