Бразилияның Фос-ду-Игуасу қаласында World Boxing аясында өткен бокстан әлем кубогында қазақстандық үш боксшы чемпион атанды.
Қазақстандық боксшылар Әлем кубогынан алтын медаль алды
Фото: sports.kz
349
оқылды

Алдымен ел құрамасынан Дәулет Төлемісов (85 келі) өзбекстандық Акмалжон Исроиловпен қолғап түйістірді. Жекпе-жек барысында Дәулеттің сенімділігі байқалып тұрды. Нәтижесінде қарсыласын қапы қалдырып, жеңіс тұғырына көтерілді.

Қазақстандық тағы бір боксшы Нұрсұлтан Алтынбек (55 келі) Миразизбек Мирзахалиловтың осал тұсын тапты. Әлем кубогын іріктеу кезеңінен бастаған ол ешқайсысында іркілген жоқ. Финалда сол қарқынынан тайған жоқ. Осындай жігерлі қимылымен чемпиондық атаққа қол жеткізді.

Ал Жазира Орақбаеваның (51 келі) финалдағы қарсыласы – италиялық Элен Айяри жекпе-жекке шығудан бас тартты. Осылайша Жазира әлем кубогында алтын медальға ие болды.

Ал Ұлжан Сәрсенбек (57 келі), Диас Молжігітов (75 келі), Даниял Сапарбай (90 келіден жоғары) қола жүлдегер атанды.

Сондай-ақ ел құрамасынан Нұрзат Оңғаров (50 келі), Талғат Сырымбетов (60 келі), Анита Әдішева (54 келі), Алмат Әбдуали (65 келі), Дархан Дүйсебай (70 келі) жарыс жолынан шығып қалды.

World Boxing турнирі үш кезеңнен тұрады. Екінші кезең 30 маусым – 7 шілде аралығында Қазақстанда болады. Ал үшінші кезең 21-27 шілде аралығында өтеді. Бірақ оның өтетін орны әзірге белгісіз.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» Telegram арнасынан таба аласыз