«Қазгидрометтің» ақпаратына сәйкес, соңғы бес жылда ауаның ластануының тұрақты жоғары деңгейі Қарағанды, Алматы, Ақтөбе, Теміртау, Өскемен және Астанада тіркелген. Ауа сапасының нашарлауына өнеркәсіптік кәсіпорындардың шығарындылары, жылу электр орталықтарының жұмысы, ескірген тазарту қондырғылары және автомобиль себеп. Осыған байланысты, мысалы, елордада ауа PM-2,5 және PM-10 бөлшектерімен, көміртегі оксидімен және азот диоксидімен уланған. Қарағанды, Теміртау және Өскеменде оларға күкірт диоксиді, аммиак, күкіртсутек, фенол және басқа да зиянды қосылыстар қосылады.
Бүгінгі таңда қалада 643 470 автокөлік тіркелген және олардың саны жыл сайын шамамен 42 мыңға артып отыр. Ауаның табиғи қозғалысына кедергі келтіретін тығыз құрылыс пен автокөліктің көптігі Алматыны еліміздің ең ластанған орындарының біріне айналдырды.
Билік дизельді автобустарды сатып алуға тыйым салды, қалаға 115 электробус пен 770 газ автобусын сатып алды, ЖЭО-2-ні жаңғыртуды және жеке секторды газдандыруды бастады. Биыл қалаға қосымша 200 электробус пен 600 газбен жүретін автобус әкелінбек, бұл экологиялық қоғамдық көліктің үлесін 70% дейін арттыруға мүмкіндік береді.
«Қазмырыш», ҮМЗ, Өскемен ЖЭО және басқа да ірі кәсіпорындарда шығарындылар мониторингінің автоматтандырылған жүйелері енгізіліп жатыр. Олардың есебінен жоспарлы табиғатты қорғау іс-шаралары өткізіледі. Осы кешенді шаралардың нәтижесінде Өскеменде шығарындылар санын 55 мыңнан 49,6 мың тоннаға дейін төмендету жоспарланған.
Республика аумағында барлығы 259 мыңнан астам стационарлық ластану көзі бар. Оның көпшілігі – кәсіпорындар сияқты Қазақстанның батысында орналасқан. Өнеркәсіптік нысандар саны бойынша көшбасшы Атырау облысында – 34 мың, одан кейін Маңғыстау облысында – 28,7 мың және Ақтөбе облысында 21,1 мың бар. Ақтау еліміздің ең лас қалаларының тізіміне кірмеген, Ақтөбе анда-санда бой көрсетеді, бірақ Атырау бұл тізімде бұрыннан бар. Тұрғындар күнделікті өнеркәсіптік ластанудың салдарын сезініп жүр. «Қазгидрометтің» мәліметінше, 2025 жылдың ақпан айында қаладағы ауаның ластануы өте жоғары деңгейге жетті.
Ауа сапасының нашарлауына мұнай өңдеу және тасымалдау кәсіпорындары кінәлі: Атырау МӨЗ, Теңізшевройл, Норт Каспиан Оперейтинг Компани Н.В., Атырау ЖЭО, Ембімұнайгаз, WEST DALA. Алайда, қала маңында қалдықтарды сақтайтын «Квадрат» және «Тухлая балка» тоғандардың болуы жағдайды ушықтыра түскен. Әсіресе көктемде жағымсыз иістен бас айналады.
2025 жылдан бастап Қазақстан экологиялық талаптарды қатаңдатады: елдің 28 ірі кәсіпорны үшін шығарындылар, төгінділер және қалдықтарды көму үшін төлемақы мөлшерлемелері екі есеге ұлғайды. Елімізде ірі өнеркәсіптік кәсіпорындардың шығарындыларына мониторинг жасаудың автоматтандырылған жүйесін орнату жұмысы аяқталуға жақын.
Қазірдің өзінде 91 кәсіпорынның 72-сі жүйеге қосылған, ал талаптарды сақтамағаны үшін 36 компанияға 17,3 млн теңге айыппұл салынды. Бұл әкімшілік жазаның бір бөлігі ғана.
«Экологиялық бақылау бойынша 2024 жылдың 12 айында экологиялық заңнаманы сақтау бойынша 1 080 тексеру жүргізілді, 2 888 заңбұзушылық анықталды, 1 820 ұйғарым берілді. 2 404 әкімшілік айыппұл салынды, оның ішінде жалпы сомасы 31,4 млрд теңге болатын 2 076 айыппұл өндірілді. Шаруашылық қызметті тоқтата тұру туралы сотқа 45 материал жолданды, оның 35-і сот шешімімен қанағаттандырылды», – делінген Экология министрлігіннің ақпаратында.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» Telegram арнасынан таба аласыз