Эстониядағы қазақтар ұлт мұрасын сақтау үшін барын салмақ. Жерлестеріміз 2021 жылы Таллинде қазақ тілі мен мәдениеті үйірмесін ашқан, – деп хабарлайды aikyn.kz Qazaqstan телеарнасына сілтеме жасап.
Мақсат – осы елде оқу, жұмыс бабымен тұрып жатқан қазақстандықтардың баласына қазақы тәрбие беру. Жыл өткен сайын үйірменің жұмысына балғындардың қызығушылығы артып келеді.
Мұндағы балалардың ең кішкентайы 5-те, үлкені 9-да. Бірі Эстонияда дүниеге келген. Енді бірі ата-анасының жұмыс бабына байланысты біраз жылдан бері осында тұрып жатыр. Жат жердегі жеткіншектер ана тілін ұмытпасын, тамырынан ажырамасын деп, үйірмені жерлесіміз Альбина Нұрпейісова ашқан.
«Балаларға сабақ аптасына бір рет өтеді. Олар үлкен қызығушылықпен келеді. Өйткені сабақта өздері сияқты қазақ балалармен танысып, дос болады. Сабақ қызық өту үшін ойындар ұйымдастырамыз. Қазақ әнін тыңдап, қазақша мультфильмдер көреміз», - дейді Эстониядағы қазақ тілі мен мәдениеті үйірмесінің мұғалімі Сара Мәдиева.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» Telegram арнасынан таба аласыз.