Мемлекеттің белсенді қолдауы арқасында елімізде азық-түлік саласын дамыту бойынша ірі жобалар іске асырылуда. Осындай кәсіпорындардың бірі Aitas-KZ компаниясы, ол соңғы жылдары құс етін өндіруді 5,5 есеге арттырды, – деп хабарлайды Аikyn.kz Үкімет ақпаратына сілтеме жасап.
Инвестициялық субсидиялар мен несиелер бойынша пайыздық мөлшерлемелердің төмендеуінің арқасында компания шикізаттық бағыттан кешенді азық-түлік өндірісіне көшті.
«Бүгінде мемлекеттің қолдауының арқасында инвестициялық субсидияны алып жатырмыз. Оның пайыздық мөлшерлемесі де төмендетілуде. Субсидия алғанның арқасында біз 5 жылдың аясында құс еті өндірісін 5,5 есе көбейттік. Мәселен, бұрын Өскемендегі фабрикамыз 29 мың тонна құс етін өндірсе, Макинск қаласындағы фабрика қосылғалы бері 160 мың тонна құс етін шығарамыз», — деді Aitas-KZ АҚ вице-президенті Рабиға Тоқсейітова.
Компания екі ірі құс фабрикасын қоса алғанда, 15 шаруашылықты біріктіреді және жыл сайын тауық еті мен басқа да дайын өнімдерден 50 мың тоннаға дейін шұжық өнімдерін шығаруды жоспарлап отыр. Мемлекет тарапынан қолдау қарқынды өсудің негізіне айналды. Субсидиялар өндірісті жаңғыртуға, жаңа технологияларды енгізуге және дайын өнімдер желісін айтарлықтай кеңейтуге мүмкіндік берді, бұл Президенттің азық-түлік қауіпсіздігін нығайту жөніндегі стратегиялық міндетіне толық сәйкес келеді.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» Telegram арнасынан таба аласыз.