23 ақпанда Алматыда қысқы жүгіру марафоны өтеді. Шараға 1 500 әуесқой спортшы қатысады. Марафон әл-Фараби даңғылында басталатындықтан, жол 3 сағатқа жабылады.
Игі бастаманы «Бірінші болу – батылдық» корпоративтік қоры, World Class Almaty фитнес-клубы, академик Ш.Есенов атындағы ғылыми білім беру қоры мен #СенБасқасың көпспортты Youtube-арнасы ұйымдастырады. Сондай-ақ марафонның бас серіктесі – Kaspi.kz.
Марафоншыларды дайындау мақсатында 1 ақпаннан бастап ашық жаттығу жиыны өтеді. Осылайша, «Алматы марафонына» кәсіби жаттықтырушылардың көмегімен сақадай-сай дайындаласыз. Ашық жаттығу сейсенбі, бейсенбі және сенбі күні болады.
Қысқы жүгірудің жүлде қоры белгілі. Абсолюттік сынақтағы жеңімпаздар, 10 шақырым қашықтықтағы қатысушылар 200 мың теңге ақшалай жүлдені өзара бөліседі. Ал әр санат бойынша үздік атанған үштік медаль мен серіктестер ұсынған бағалы сыйлыққа иелік етеді. Сондай-ақ мәре сызығын кескен әрбір қатысушы естелік медаль алады.
Айбике ЖАНАСЫЛ