Ал еліміздің түкпір-түкпірінен тоқтаусыз ағылған адамдардың қалаға бірден кірігіп, қоныстанып кетуі мүмкін емес. Демек, ішкі миграцияның ауыр салмағы қала маңындағы аудандардың иығына ауатыны анық. Бұған мысал – Алматы облысының Іле, Талғар, Қарасай, Жамбыл аудандарындағы тұрғындар саны еселеп өсіп отырғанын айтуға болады.
Жалпы, Алматымен шектесетін аудандарға келушілердің дені жер телімін сатып алып, құрылыс салатыны немесе саяжайларды мекендейтіні белгілі. Ал бұл жердегі әлеуметтік картина аса көңілдегідей емес. Аталған жаңа құрылыстар мен саяжайлардың тоқсан пайызында газ, асфальт пен су құбыры деген атымен жоқ. Бұған ең басты әлеуметтік қажетті нысандар мектеп пен аурухана, емхананың тапшылығын қосыңыз және бұл мәселеден жергілікті әкімдіктің хабары бола тұра, шешім қабылдауда әлі де дәрменсіз болып отыр. Қазір облыста 50 шақты үш ауысымды мектеп болса, оның дерлігі осы Алматы агломерациясына кіреді. Яғни, бұл мәселе өз кезегінде өңірдегі жұмыспен қамту, әлеуметтік қызмет пен нысандарға деген сұранысты да арттырады. Бәрі де өзекті тақырып. Осы ахуалдың ішінен біз аймақтағы жастармен жұмыс жөнінде айтпақпыз. Әсіресе, Алматы маңындағы NEEТ санатындағы жастардың жайы алаңдатады.
Дерекке жүгінсек, Алматы облысында жастарды жұмыспен қамту деңгейі жоғары екен. Былтыр 24 932 жас жұмысқа тұрған. Осылайша, NEEТ санатындағы жастар саны 26 186 адамға дейін төмендеген. Ал бұл көрсеткіш 2023 жылы 46 мыңды көрсеткен еді. Алматы облысы Жастар саясаты басқармасының басшысы Мәди Ахметовтың айтуынша, бұл жұмыстар мемлекеттік жастар саясатының 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы негізінде жалғасын табады. Бас құжатта көрсетілген 7 негізгі бағыт бойынша Алматы облысында арнайы іс-шаралар жоспары бекітілген. Соның ішінде NEET санатындағы жастарды әлеуметтендіру жұмысына ден қойылған.
– Биыл сауда орындарында ресми тіркеусіз жұмыс істеп жүрген жастарға басымдық берілетін болады. Облыс аймағындағы барлық сауда-саттық орындарының басшылығымен тиісті жұмыстар жүргізіледі. Аталған бағыт бойынша кемінде 500 адамның еңбек қатынасын ресми тіркейтін боламыз, – дейді Алматы облысы Жастар саясаты басқармасының басшысы Мәди Ахметов.
Ресми деректерге сүйенсек, былтыр 217 жұмыссыз жас кәсіптік дағдыларын қалпына келтіру үшін, ал 1 267 адам «Бастау бизнес» жобасы аясында қысқамерзімді оқудан өткен. Бүгінгі күні 88 жастың бизнес-идеялары қолдау тауып, 400 АЕК көлемінде қайтарымсыз грантқа ие болған жайы бар.
– Бүгінде облыста 2025 жылға жұмыс орындарын құрудың Өңірлік картасы бекітілді. Құжатқа сәйкес, 60 230 жұмыс орны құрылса, 18 744 жас жұмысқа тартылады деп жоспарланған, – дейді облыстық Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бөлім басшысы Жансерік Адиахметов.
Жастар саясаты төңірегіндегі кешенді шаралар мұнымен шектелмейді. Биыл «Сақтан» және «Адал адам – адал еңбек» жобалары іске асатын болады. Бұдан бөлек, жастарға арналған заманауи ХАБ ашу көзделген. Жоспарды жүзеге асыруға демеушілер ықпал етпек. Соның нәтижесінде Талғар ауданы, Панфилов ауылындағы мәдениет үйі қайта жаңарып, жастарға арналған бірегей орталыққа айналмақ.
– Жалпы, биыл жастарды қолдауға бағытталған 12 тармақтан тұратын кешенді жоспар бекітілді. Жыл соңына дейін барлық шара аясында тікелей 100 мың жасты, жанама түрде 300 мың жасты қамту көзделіп отыр, – дейді Алматы облысы Жастар саясаты басқармасының басшысы Мәди Ахметов.
Қалмаханбет МҰҚАМЕТҚАЛИ,
Алматы облысы