Қарағанды облысында 2024 жылы мыңнан астам мүгедектігі бар жан жұмыспен қамтылды.
Қазір облыста 55 мың мүгедек адам бар. Олардың 32 мыңнан астамы – еңбекке жарамды. Бүгінде бұл жандардың үштен бірі өз бетінше немесе мансаптық орталықтардың көмегімен жұмысқа орналасты. Мансап орталықтарына 1 200 мүмкіндігі шектеулі жан жүгінді. Орталықтар мамандарының тынымсыз жұмысының арқасында олардың 700-і түрлі бағдарлама мен бағыт бойынша еңбек етіп жүр.
Әрине, бұл санаттағы адамдардың өзіндік қажеттіліктері бары анық. Барлық жұмыс түрі оңтайлы бола бермесі де сөзсіз. Жұмыспен қамту кезінде осынау маңызды жайтты ескерген абзал. Облыс өңірлерінде бұл бағыттағы жұмыстар жүйелі жүргізіліп келеді. Халықты жұмыспен қамту орталықтары әр адамның ерекшелігіне қарай бос жұмыс орындарын ұсынуда.
Облыс әкімі Ермағамбет Бөлекпаевтың тапсырмасы бойынша мүгедектігі бар қанша адамның жұмысқа мұқтаж екеніне талдау жүргізілген болатын. Міндет – барлығына көмектесу. Қалалар мен аудандарда мүмкіндігі шектеулі адамдар жұмысқа орналаса алатын кәсіпорындар саны қайта қаралды. Нәтижесінде, осы санат үшін жұмыс орындар квотасы екі есеге – 113-тен 219-ға дейін ұлғайтылды.
Қарағанды облысының еңбек мобильдігі орталығының директоры Нұрлан Сыздықовтың айтуынша, кәсіпорындар мүмкіндігі шектеулі жандарды жұмысқа алуға ниетті. Оларды ынталандыру мақсатында мемлекет жұмыс берушілерге субсидия төлеп отыр.
– Былтыр Еңбек мобильдігі орталығы екі бағыт бойынша 13 арнайы жұмыс орнын құрды. Биыл мүгедектігі бар адамдарды үш санат бойынша жұмысқа орналастыру жоспарланған. Бұлар есту, көру қабілеті бұзылған және тірек-қимыл аппаратында проблемалары бар адамдар. Жұмыс берушінің басты міндеті – ерекше қажеттіліктері бар қызметкерлерге қолайлы жағдай жасау. Ал мемлекет өз тарапынан оларға қолдау көрсетеді, – дейді Нұрлан Сыздықов.
Мемлекет жұмыс беруші арнайы жұмыс орнын жабдықтау үшін құрылғыларды сатып алып, орнатуы үшін кеткен шығындарын өтеп береді. Сондай-ақ мемлекет мүгедектігі бар адамдар жалақысының бір бөлігін төлейді. Субсидия ай сайын үш жыл бойы төленеді. Яғни, алғашқы жылы жалақының 70 пайызын төлейді. Бірақ оның мөлшері 30 АЕК-тен аспауға тиіс. Ал екінші жылы – жалақының 65 пайызы, үшінші жылы 60 пайызы өтеледі.
Жақында облыста мүгедектігі бар адамдарды жұмыспен қамту мәселесіне байланысты аймақта инклюзивті жұмыс орындары ашылды.
Мәселен, Қарағандыдағы тігін цехында бірнеше адам еңбек етіп жүр. Есту қабілеті нашар тігінші Лидия Гонкина бір жылдан бері тігінші болып еңбек етіп келеді. Ол бұған дейін қаладағы шағын ательелердің бірінде жұмыс істеген. Алайда мұндай ұйымның бәрі тапсырыспен қызмет көрсететіні белгілі. Сондықтан тапсырысты бітірген соң қол қусырып отыруға тура келеді. Тиісінше, табысы да аз.
– Жұмысым тоқтап қалғанда мансап орталығына бардым. Маған қалада және Майқұдықта жұмыс орны ұсынылды. Мен Пришахтиснкіде тұрғандықтан, осы ауданнан орын тауып беруді сұрадым. Олар көмектесіп, қазір табыс тауып отырмын. Ұжым жақсы. Бір-бірімізге көмектесіп, қол ұшын созып тұрады. Тіпті, қыздар менімен амандасып, бірге шай ішу үшін ыммен сөйлесуді де үйреніп алды, – дейді тігінші Лидия.
Бұл цех арнайы киім тігеді. Кәсіпорын бұған дейін де мүмкіндігі шектеулі жандарды жұмысқа қабылдаған. Цех ғимаратында мүгедектігі бар қызметкерлерге қолайлы, қауіпсіз болуы үшін сыртқы және ішкі құлақтандыру жабдығы, сандық табло мен «ақылды» қол сағаттар орнатылған. Кәсіпкерлік жақында тағы бір мүмкіндігі шектеулі адамға арналған жұмыс орнын құруды жоспарлап отыр.
Қарағанды облысы бойынша бүгінде кәсіпкерлерден 11 жұмыс орнын ұйымдастыруға бес өтінім түсті. Олардың бір бөлігі мақұлданды. Нақты айтқанда, Қарағанды қаласында пластикалық терезе орнататын кәсіпорын – алты жұмыс орнын, Саранда коммуналдық мекемесі бір түптеуші орнын ұсынды. Сондай-ақ Абай ауданында есту қабілеті нашар адамдарға буып-түю орны ашылды. Бұдан бөлек, Қарағандыда тірек-қимыл аппараты проблемалары бар адамдарға арналған маркетинг жөніндегі менеджердің жұмыс орны құрылды.
– Арнайы жұмыс іздеушілер үшін «Бос орындар жәрмеңкесі» үнемі өткізіліп тұрады. Сондай-ақ «Күміс жас», «Алғашқы жұмыс орны» жобалары және қоғамдық жұмыстар, жастар практикасы сияқты шаралар көмектеседі.
Облыста мүгедектігі бар адамдарды тазалаушылардан, күзетшілерден, құрғақ тазалау және аяқкиім жөндеу шеберлерінен бастап бухгалтерлерге, әкімшілерге дейін жұмысқа қабылдауда.
Сонымен қатар тұрғындарды жұмысқа орналастыруға көмектесу үшін Jumys Tap әлеуметтік жобасы іске қосылды. Барлық ниет білдірушілер жаңа мамандықты тегін оқи алады. Қысқамерзімді курстарға қабылданғандардың арасында мүмкіндігі шектеулі адамдар да бар. Олар шаштараз, сән шебері, аспаз, бухгалтер-кассир, бағдарламашы, тігінші сияқты мамандықтарды таңдауда.
Сонымен қатар оларға күтім жасайтын адамдар да цифрлық мамандықтар бойынша білім ала алады, – дейді Нұржан Сыздықов.
Айта кету керек, Қарағанды облысына қарасты аудандар мен қалаларда да мүмкіндігі шектеулі жандарды жұмыспен қамту басты мәселе.
Мысалы, Балқаш қаласында былтыр «Мансап» орталығының мамандары 2 000 адамды жұмыспен қамтыса, олардың 150-і мүмкіндігі шектеулі жандар. Олардың көпшілігі оқу курстарын бітіріп, қазір қаладағы түрлі кәсіпорында еңбек етуде.
– Биыл «Жұмысшы мамандықтары» жылы болып жарияланғанын білесіздер. Бүгінде Балқаш қаласында жастарды жұмысшы мамандықтарына оқыту бағытында ауқымды жұмыстар жүргізілуде, өйткені жергілікті кәсіпорындарға слесарь, сантехник, токарь, машинист, жүргізушілер жетіспейді, – дейді Балқаш қалалық «Мансап» орталығының директоры Азамат Саданов.
Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ,
Қарағанды облысы