Назарбаев университетінің магистранты Ербол Сариев қа­зақ­ша Уикипедияның дамуына 10 жылдан астам уақыт бойы ат­салы­сып келеді.
Қазақша Уикипедия қолдауға зәру
438
оқылды

Ол бүгінге дейін платформада 2 500-ден ас­там мақала жазып, 5 000-ға жуық өңдеу жасаған. Ербол қазақ Уикипедиясы мазмұнының қазіргі деңгейі мен болашағына қатысты ойларымен бөлісті.

– Ербол, қазақша Уикипедиямен белсенді түрде айналысқаныңызға қанша уақыт болды? Алғаш мақала жазуға не түрткі болды?

– Уикипедиямен айналысуды осыдан 10 жыл бұрын, 2015 жылы Шымкент қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде оқып жүріп бастадым. Содан бері қазақша Уикипедияға 2 500-ден астам мақала жазып, 5 000-ға жуық өңдеу жасадым. Алғаш мақала жазуыма басты себеп – қазақ тіліндегі онлайн контенттің сапасын арттырып, білім алуды жеңілдету болды. Қандай да бір ұғымды ғаламтордан іздеген кезде бірінші болып Уикипедия көзге түсетіні рас. Алайда мақаланы Уикипедиядан табу үшін көбіміз қазақша емес, бірден орысша немесе ағылшынша іздеуге тырысамыз. Өйткені қазақ тіліндегі мақалалар саны аз және болса да сапасыз. Осылайша, өзіме «Неге болашақ ұрпақ біз секілді өзге тілде іздеуі керек?» деген сұрақ қойып, мақала жазуды бастадым.

Айта кетер жайт, Уикипедияға деген сұраныс әрдайым жоғары болды. Алайда COVID-19 пандемиясында баршамыз қашықтан оқуға көшкен кезде оған деген сұраныс күрт артты. Сонымен қатар онлайн оқытудың мүмкіндіктері мен осындай платформаларға деген сұраныс та көбейді. Ол да себептердің бірі дер едім.

– Қазір қазақша Уикипедиядағы мақалалар саны мен сапасы қандай деңгейде деп ойлайсыз? 10 жыл бұрынғы уақытпен салыстырғанда қандай өзгешеліктер бар?

– Әрине, мақалалар саны күннен күнге артып келе жатқаны қуантады. Көп тақырыпта мақалалар күнделікті Уикипедия сайтына жарияланып, баршаға қолжетімді болуда. Бірақ шындыққа тура қарасақ, орыс немесе ағылшын тіліндегі Уикипедия деңгейіне жеттік деп айта алмас едім. Егер жастар осы іске қызығушылық танытып, баршамыз бірлесіп кірісер болсақ, орыс немесе ағылшын Уикипедиясының деңгейіне жету аса алынбайтын шың емес.

10 жыл бұрынғы Уикипедиямен салыстырғанда, бүгінде көп жаңа мүмкіндік пайда болып, сайт интерфейсі ақпарат іздеушіге тартымды бола түсті. Сонымен қатар бұрын мақала жазу үшін кейбір кодтарды қолдану қажет болса, қазір Уикипедия­ға мақала жазу және өңдеу әлдеқайда жеңілдеді. Жасқа да, кәріге де Уикипедияға кіріп, кез келген ақпаратты өңдеп немесе өз тарапынан жаңа мақала бастауға жол ашылды. Менің ойымша, бұл – Уикипедияға жаңадан қосылатындар үшін үлкен мүмкіндік.

– Қазақша Уикипедияда сапалы контент жасау­да қандай басты кедергілер бар? Мысалы, сенімді дереккөздер тапшылығы, тілдік стандарттардың болмауы, редакторлар санының аздығы, т.б. дегендей.

– Қазақша Уикипедия бойынша мемлекет тарапынан қолдау аз. Жастарды баулуға және олардың мотивациясын арттыруға бағытталған іс-шаралар мүлде жоқ деуге болады. Бұл жерде мемлекеттік қолдау деп үлкен ақшалай көмекті емес, мектептер мен университеттерде жастарды баулуға арналған іс-шараларды ұйымдастыруға мүмкіндік жасау және жылына екі-үш рет қазақша Уикипедия конференцияларын өткізуге қолдау көрсетуді айтар едім. Осы уақытқа дейін, қателес­песем, қазақша Уикипедия конференциясы бір-ақ рет – 2023 жылы Астанада ұйымдастырылған болатын. Қазақша Уикипедияның жұмыс істеп жатқанына 20 жылдан асқанын ескерсек, бұл өте аз. Оның өзінде де ол конференцияны Уикипедия авторлары ешқандай сыртқы көмексіз өздері ұйым­дастырды; тек Уикипедия қоры тарапынан қолдау көрсетілген, бірақ оның мемлекетке қатысы жоқ. Егер мемлекет тарапынан көмек көрсетілер болса, бұл конференцияларға қатысушылар санын арттыруға, оларды еліміздің әртүрлі өңірінде өткізуге және жоғары деңгейде ұйымдастыруға мүмкіндік болар еді. Ал мектептер мен университеттердегі сабақтарда Уикипедия бойынша ақпарат берілсе немесе арнайы тапсырмалар жүктелсе, қазақша Уикипедияның сапасы мен мазмұны да артар еді. Сондай-ақ қазақша уикипедияшыларды қолдайтын арнайы ұйым да жоқ. Бұрын WikiBilim атты қор жұмыс істеген, бірақ қазір ол қордың мақсаты өзгеріп кетті. 

Келесі үлкен мәселе ретінде Уикипедия бойынша нақты, толыққанды нұсқаулық әлі күнге дейін жазылып шықпағанын айтуға болады. Мен «Уикипедия әлемі: Жаңадан бастаушыларға арналған гайд» атты жеке кітапшамды жазып, оны Ұлттық Зияткерлік Меншік Институтынан жеке патент алып тіркеткенмін. Қызыққан адамдар маған жеке хабарласса, оқулықпен бөлісуге дайынмын. Мен жазған нұсқаулық – авторларға Уикипедияда алғашқы мақалаларын бастауға көмектесетін кітап. Алайда одан әрі сапасы жоғары мақала жазуға арналған кітаптар немесе онлайн сабақтар мүлдем жоқ. Сондықтан жаңа қатысушылар Уикипедияға қызығушылық танытып, мақала жазуға ниеттенсе де, көп жағдайда олардың мақалаларын әкімшілер жойып тастайды. Себебі бұл мақалалардың сапасы төмен болып, Уикипедияның талаптарына сәйкес келмей жатады. Нәтижесінде, бірнеше мақала жазып, бірақ олардың жойылғанын көрген қатысушы мотивациясын жоғалтып, Уикипедияға үлес қосуға деген ынтасын жоғалтады. Егер жоғарыда аталған конференциялар мен мастер-класс сабақтарын тұрақты түрде ұйымдастырар болсақ, жаңа қатысушыларға мақала жазу ережелері мен сапалы контент жасау жолдары туралы көбірек ақпарат бере алар едік.

– Қазақша Уикипедияда терминология мәселесі қаншалықты өзекті? Бірізділік жоқтығы контент сапасына қалай әсер етеді?

– Қазақша Уикипедияда мақалалардың атауын немесе ішіндегі ақпаратты боттар арқылы жаппай өзгерту мүмкіндігі бар. Мысалы, қандай да бір ағылшын тіліндегі терминге ресми қазақша аударма берілсе, сол термин кездесетін барлық мақалаларда жаңа аударманы автоматты түрде енгізу мүмкіндігі бар. Қарапайым тілмен айтқанда, боттар арқылы бұрынғы нұсқаның орнына жаңа нұсқаны жүйелі түрде енгізуге болады. Бұл техникалық тұрғыдан аса қиын мәселе емес. Алайда осы жерде көпшілік үшін орынды сұрақ туындайды: егер мұндай мүмкіндіктер бар болса, неге Уикипедияда бірізділік жоқ? Неге бір мақалада термин бір нұсқада, ал келесі мақалада оның басқа, жаңартылған түрі жазылады? Бұл сұраққа берер ең нақты жауап – жоғарыда айтылғандай, белсенді қатысушылардың аздығы. Уикипедияда өңдеу мен түзетуді қажет ететін өте көп сала бар. Ал терминология мәселесі – солардың бір тармағы ғана. Бірізділік орнату үшін бұл жұмысты арнайы қолға алып, қазақ тіліндегі терминологиямен айналысатын ұйымдармен бірлесе жұмыс істеу қажет. Бірақ өкінішке қарай, бұл бағытта тұрақты түрде айналысатын қатысушылар саны өте аз.

– Қазақша Уикипедияда сапаны бақылау механизмі жеткілікті ме? Оны қалай жақсартуға болады?

– Уикипедиядағы сапаны бақылаумен әкімшілер айналысады. Олар өзге қолданушылардың мақалаларда вандализм жасамауын және дұрыс ақпарат енгізуін қадағалайды. Алайда бүгінге дейінгі жазылған мақалалардың сапасын арттырып, тексеру жұмыстары көп уақыт алатындықтан, жаңа қолданушылар өздерінің жазған мақаласының Уикипедия талаптарына толықтай сәйкес келетініне және сапасының жоғары деңгейде екеніне көз жеткізгені абзал.

Уикипедиядағы сапаны әкімшілер ғана емес, сіз бен біз де бақылай аламыз. Егер қазақша Уикипедияда қате байқасаңыз, оны сол сәтте түзетуге мүмкіндігіңіз бар.

– Машина арқылы аударылған қазақша контент сапасы туралы не ойлайсыз? Бұл технологиялар болашақта пайдалы бола ала ма?

– Меніңше, бұл технологиялар өте маңызды. Бұрын аударма жасау үшін басқа тілдегі Уикипедияны ашып, аудармашы көмегіне жүгініп немесе өз күшімізбен аударатын едік. Ал қазір кез келген өзге тілдегі Уикипедия мақаласын ашып, «Қазақ тіліне аудару» батырмасын басу арқылы Уикипедия таңдаған онлайн аудармашы қызметін пайдаланып, автоматты түрде аударма жасап береді. Ең бастысы – аударылған мәтінді мұқият тексеріп, өңдегеннен кейін ғана жариялау қажет. Өйткені қазіргі аударма қызметінің 100 пайыз дұрыс аударатынына ешкім кепілдік бере алмайды. Алдағы уақытта жасанды интеллект мүмкіндіктері Уикипедия мен аударма жұмысына оң әсер етеді деп ойлаймын. Дегенмен қазір Уикипедияда кіріктірілген, жоғары деңгейдегі жасанды интеллект жүйесі жоқ.

– Волонтерлік үлкен мотивацияны талап ететіні белгілі. Сіз оны қайдан аласыз?

– Әрине, кез келген адам өз уақытының бағасын біледі және оны қажетсіз дүниелерге жұмсағысы келмейді. Сол себепті адам жасаған еңбегіне ақы алғысы келеді немесе оның маңызын терең түсініп, ешқандай қаржылай сыйақысыз да өз жұмысын сүйіп істей алады. Мен де қазақша Уикипедияда мақала жазуды алғаш бастаған кезімде мотивациям жоғалып, қажетті уақыт бөле алмай қалған сәттер болды. Алайда сол кезеңде мектеп әкімшілігі – яғни Назарбаев Зияткерлік мектептері қазақша Уикипедия жазуға үлкен қолдау көрсетті. Ең белсенді қатысушылар шетелдегі Уикипедия конференцияларына жолдама алды, ал мектептерде Уикипедия клубтары жұмыс істеп тұрды. Мектеп оқушысы ретінде уақытым жеткілікті болғандықтан және жоғарыда аталған мүмкіндіктерді мектеп ұсынған соң, мен Уикипедияда мақала жазуды және өңдеуді ешқашан тоқтатпадым. Алайда университетке түсіп, ересек өмірге қадам басқан соң бос уақыт күрт азайды. Бұл жерде басты мәселе мотивация емес, уақыттың тапшылығы болды. Бірақ біз түсінуіміз керек: Уикипедия толыққанды жалақы төлейтін жұмыс орны емес. Ол сізге ай сайынғы табыс әкел­мейді. Сондықтан адам табысты жұмысқа орналасқан соң, уақыты азайып, Уикипедияға үлес қосуға мүмкіндігі шектеліп қалуы мүмкін. Егер сіз күніне жарты сағат немесе бір сағат қана ар­най алсаңыз да, бұл жеткілікті. 

Ең басты есте сақтайтын дүние – сіздің жасап жатқан жұмысыңыздың болашақ ұрпақ және қоғам үшін маңызы мен пайдасы. Сіз, мысалы, 100-200 мақала жазуыңыз мүмкін. Бірақ әр мақаланы кем дегенде 100 адам оқиды деп есептесек, 10 000-20 000 адамның қазақ тілінде ақпарат алуына себепкер болдыңыз деген сөз. Бұл – өте үлкен үлес.

– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан 

Ботагөз МАРАТҚЫЗЫ