Былтыр тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу үшін әйелдер мен балаларға қатысты жаңа заң бекіген еді.
Тұрмыстық жанжалдың шегі қайда?
коллаж: Елдар ҚАБА
633
оқылды

Заң негізінде бұрын әкімшілік құқықбұзушылық ретінде сараланып келген ұрып-соғу, денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру бойынша қылмыстық жауапкершілік енгізілді. Бұған қарамастан, тұрмыстық жанжал әлі де азаймай тұр. Отбасылық даудың салдарынан қаншама қыз-келіншек тұрмыстық зорлық-зомбылықтың құрбанына айналды. Заң күші қылмыскер үшін қауқарсыз ба?

Профилактиға мән беру керек

Отбасындағы жанжалдан басталып, зорлық-зомбылыққа ұласатын әрекеттен зәбір көретіндердің басым бөлігі – әйелдер мен балалар. Астана қаласы Полиция деп­артаменті Әйелдерді зорлық-зомбылық­тан қорғау жөніндегі бөлімнің аға инспек­торы Гүлмира Шрахметованың айтуынша, Астана мегаполис болғандықтан, қоныс аударып келетіндер көп, ал халық саны көбейген сайын құқық бұзудың да саны артып отырады. Кей өңірде болған жан түр­ші­герлік жағдайлар қоғамда резонанс тудырды. Г. Шрахметова елордамызда мұндай жағдайдың болмауын азаматтық позицияның белсендігімен, қоғамның құқықтық сауаты мен зорлық-зомбылыққа қарсылығының жоғары екенімен бай­ла­ныс­­тырды. Алайда қылмыс саны был­тыр­ғыдан көбірек екенін де атап өтті.

– Былтыр, 16 маусымнан бастап заң қатаң­датылды. Яғни, ұрып-соғу, денсаулыққа жеңіл түрде қасақана зиян келтіру қыл­мыс­тық тұрғыдан қаралады. Ал оған дейін әкімшілік жауапкершілікті ғана көздеген. Бұл заң аса қажет болды. Кез келген заңның жұмыс істеуіне біраз уақыт керек. Себебі оған қоғамның дайындығы, атқарушы ор­ган­дардың қалай жүзеге асыратыны маңызды. Былтырмен салыстырғанда биыл қылмыс саны көбейгенін айтуымыз керек. Біріншіден, қылмыстың көбею себебі – бұрынғы әкімшілік тұрғыдан қарастырылатын баптар қазір қылмыстық тұрғы­дан қарастырылып жатыр. Сол себепті қылмыстың көбеюі бар. Екінші­ден, қыл­мыс­тың өсуіне себеп болған дүние – қала­мыздағы халық санының өсуі. Биыл қаңтар айынан бастап отбасылық тұрмыстық зор­лық-зомбылыққа қарсы бөлімдер аш­ыл­­ды. Бұл бөлімдер бұрын «Әйелдерді зор­лық-зомбылықтан қорғау топтары» бол­а­тын болса, қазір «Отбасылық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес бөлімі» деп ата­л­ып, штат саны да көбейді. Себебі тұр­мыс­тық зорлық-зомбы­лықтан тек әйел­дер  емес, бала да, тіпті егде жас­тағы қариялар да зардап шегеді, – дейді ол.

Жыл басынан бері 108 ПРМ1, 109 ПРМ1 баптары бойынша 19 қылмыс қазір сотқа жолданды. Талдау нәтижесіне сүйене от­ыр­ып, қылмыстың 80 пайызға жуығы ішкі­­ліктің кесірінен туғанын негізге алды. 

– Биыл, 2025 жылды «профилактика жылы» деп атады. Сондықтан профилакти­каға аса мән беріп жатырмыз. Қазір арыздану сипатынан анықтау сипатына көштік. Қа­зір әкімшілік тұрғыдан да, қылмыстық тұрғыдан да арызсыз-ақ істі қозғай аламыз. Бізге көршілерінің немесе куәгерлердің берген ақпараты, фото-видео материалдар, оған қоса 102-ге түскен қоңырау бойынша барған полиция қызметкерлерінің бойында бейнетіркегіш болады, міне сол бейнетір­кегішке де жазылған материалдар іс қозғауға жеткілікті. Сол арқылы материалдарды жинап, істі сотқа жіберуге толық құқығымыз бар, – деп сөзін түйді Гүлмира Шрахметова. 

Даудың басы – отбасы құндылығының әлсіреуінде

Тұрмыстық зорлық-зомбылық – бір адамның ғана емес, қоғамның мәселесі. Әлеуметтанушылар бұл құбылысты адам психологиясымен, әлеуметтік жағдайымен байл­аныстырып отыр. Үйдегі жанжал жа­бық есік артында қала берсе, әрине отбасы­лық құндылықтар қирайды. Беті жабық күйі қалған отбасындағы негативті оқиға­ларды айтпағанда, ушығып, даудың шыңына жеткендердің өзі көпшіліктің көкейінде үрей тудырып, назарын өзіне бұрып отыр. Жақында белгілі актердің де сүйіктісіне қол көтерген бейнежазбасы қызу талқы­лануда. Мұндай құбылыстардың жиілеуі ер-азаматтардың әлсіздігі ме, отбасылық құндылықтың жоғалғаны ма? Бұл сұрақ төңірегінде әлеуметтанушылар пікірі бір арнада тоғысты. Зорлық-зомбылықтың алдын алу үшін құқықтық, мәдени және білім беру салаларында кешенді шаралар қа­жет екенін атап өтті. Қазақстандық қо­ғам­дық даму институты, Отбасы және гендерлік саясат саласындағы зерттеулер орталығының сарапшы-менеджері Арна Төлегенқызының айтуынша, қоғамдық ұйымдарға, психологтарға және «сенім» теле­фондарына деген сенім төмен. Өйткені жүргізген әлеуметтік зерттеулеріне сәйкес, дағдарыс орталықтарына жүгінген респон­дент­тердің үлесі небәрі 4,7% болды. 

Бүгінде қоғамда ауқымды мәселеге айналған тұрмыстық зорлық-зомбылықтың себептерін нақты көрсетіп, қысқа қайыруға келмейді. Дегенмен бірнеше себебін кел­тір­ген Арна Төлегенқызы оның шешімін де атап өтіп, әр отбасында зорлық-зомбы­лыққа қарсы тұру иммунитетін қалыптастыру керек екенін алға тартты.

– Заң қабылдағанына енді ғана бірінші жыл болды, сондықтан әзірге бұл заңның қаншалықты жұмыс істейтінін өлшеу қиын. Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың басылмай, жиі болуына, біріншіден – отбасылық құндылықтың төмендеуі, екін­шіден – адам эмоциясын, агрессиясын басқара алмауы. Одан бөлек, несие, ақша  жетіспеушілігі, қызғаныш, араға басқа адамның түсуі, әлеуметтік желідегі әдемі өмірге әйелдердің қызығуы да даудың алғашқы қадамдары. Отбасында зорлық-зом­былыққа қарсы тұру иммуниетін қал­ып­тастыру үрдісі балабақшадан, мектептен басталуы керек. Себебі олар 15-20 жылда отбасын құратын адамға айналады. Кеңес Одағы кезінде мұндай жағдайлар жария етілмейтін еді. Ал қазір осы сынды ақпарат қоғамда тез тарайды, – дейді сарапшы.

Сарапшы А.Төлегенқызы тұрмыстық жанжалдың алдын алу үшін жастар отбасын құрмас бұрын алғашқы даярлық курсынан өтсе екен деген ұсынысы барын айтты. Өйт­ке­ні алғашқы даярлық курсынан өтсе, біраз дау-жанжал, конфликт, бала тәрбиесі сияқты бірқатар мәселе шешімін оңай табар еді. 

Әлеуметтанулық зерттеулер орталығы­ның сарапшысы Темірлан Төлеу отбасылық жантүршігерлік оқиғаларды заманауи қазақстандық қоғамда салыстырмалы түрде жиі кездестіруге болатынын айтады.  

– Кез келген заң қабылданғанымен, ол бұл мәселені түпкілікті шешеді деп ойлау – қателік. Заң қаншалықты «мінсіз» болып көрінсе де, оның назардан тыс қалатын тұстары болуы мүмкін. Заңның орын­далуы, адамдардың одан хабардар болуы бар деген сияқты бұл жан-жақты талқылауды қажет ететін кешенді сұрақ. Тіпті, 300-400 жыл бұрынғы Конституция­ларға өзгеріс енгізіп жатады. Адам өзгереді, қоғам өзгереді, заң өзгереді. Меніңше, көбінде мұндай жағдайлардың басты себе­бі – әлеуметтік-экономикалық мәселелерде. Бұдан басқа маңызды айтып кететін жайт бар. Ол физикалықтан бөлек, басқа эко­но­микалық, психологиялық  сияқты зор­лық-зомбылық түрлері бар. Әзірге мұндай кейстердің барында олар назардан тыс қалуда. Отбасылық құндылықтар мәдениет, салт-дәстүр деген ұғымдармен қатар жүреді. Көп жағдайда адамдар кейбір салт-дәстүр­лерді алға тартып, белгілі бір жағдайларды ақтап алуға тырысады. Алайда кез келген салт-дәстүр мен мәдениет адамның қазіргі болмысын, өмір салтын, ағылшынша айтқанда, lifestyle-ның көрінісі. Қоғам – тірі ағза, ол үнемі өзгерісте болатынын ұмыт­паған абзал, – деп тұжырымдады әлеуметтанушы.

Психологиялық тренинг жеке адамға өткізілуге тиіс

Ұзақ жылдар бойы тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшырап келе жатса да, үнсіздік танытатын, әділдік іздеудің орнына мәсе­лесін жасыратын әйелдер бар. Оның тууы әлеуметтік мәселеге негізделеді дегенімізбен, адамның психологиялық күйі ескерусіз қал­­мауы керек. Өйткені психолог Балабек Кеніштайұлы отбасындағы кей даудың басы адам қиялынан басталады дегенді алға тартты.

– Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың тууына бірнеше себеп болады: шаңырақ көтергеннен кейін күйеуі де, әйелі де қия­лын­дағы жұбының психологиялық портретін іздейді. Егер қиялындағы портретке сай келмесе, бір-бірін өзінің талаптарына қарай бейімдеуге итермелейді. Яғни, екеуі де бойында қалыптасқан қасиеттерін бірден 180 градусқа өзгертуге тырысады. Осындай әрекеттің соңы да зорлық-зомбылыққа себеп болуы мүмкін. Материалдық, қаржы­лық келіспеушіліктер де дау шығуына ық­пал етеді. Әр адамның дүниетанымы мен көзқарасы әртүрлі болғандықтан, отбасын сақтауға нақты бір психологиялық техниканы немесе тренингтерді атауға болмайды. Сондықтан психологиялық жұмысты отбасына емес, жеке адамға жүргізу керек, – деді психолог.

Жыл сайын елімізде тұрмыстық зорлық-зомбылықтан 300-ге жуық әйел зардап шегіп, кемінде 80 әйел қайтыс болады. Ал әлем бойынша 1,3 миллиард әйел зардап шегеді екен. Демек, аталған мәселе бізде ғана емес, әлемде де жойылмай тұрғаны алаңдатпай қоймайды. Жауабы жоқ жаға ұстатарлық оқиғалардың азаюын уақыт еншісіндегі мәселе деп қарамай, әр адам отбасы құндылығын жақсарту үшін үлес қосып, азаматтық қоғамның қалыптасуына септігін тигізуді ойлануы керек шығар.

 Сымбат БАУЫРЖАНҚЫЗЫ