Лондон биржасында Brent мұнайы өткен аптада бірден 8 пайызға арзандап, барреліне 64,35 долларға дейін жетті. Бұған дейін мұнай бағасы соңғы рет 2021 жылы 65 доллардан төмен сатылған болатын. Дүниежүзі бойынша акциялар арзандап, облигациялар шарықтауда, ал Қытай АҚШ президенті жариялаған сауда соғысымен күресті бастап кетті, Еуропа елдері әлі де үнсіз.
Осыған дейін көптеген отандық сарапшы мұнай, газ және мұнай өнімдері импорты Трамптың жаңа тарифтерінен босатылғанын ескертіп, басу айтқан болатын. Дегенмен Reuters агенттігі бұл саясат инфляцияны қоздырып, экономикалық өсімді баяулатып, сауда дауын тереңдетуі мүмкін екенін алға тартып отыр. Соның салдарынан әрі қарай да мұнай бағасына қысым артуы ықтимал.
Сондай-ақ агенттік АҚШ пен Қытай арасындағы сауда шиеленісі рецессия қаупін күшейтетінін айтуда. Ал бұл шикі мұнайға деген сұраныстың төмендеуіне алып келуі мүмкін. Өткен аптада 8%-ға төмендеген мұнай бағасы дүйсенбі тағы да 3 пайызға арзандады. Себебі Трамптың тарифтеріне жауап ретінде Қытай жұма күні америкалық тауарларға 34% қосымша баж салығын енгізіп, дауды ушықтыра түсті. Бұл жаһандық сауда соғысы басталды деген инвесторлардың қорқынышын күшейтті.
Қытай өнеркәсібінің динамикасы бүкіләлемдік экономикаға әсер ететінін экономист Мақсат Халық та атап өтті. Өйткені мұнай шикізатына деген сұраныстың қалыптасуына шығыстағы көршіміздің ықпалы зор.
– Қазіргі уақытта мұнай бағасы қатты құлдырай бастады. Трамп президенттікке келген бойда мұнай бағасын түсіретіндігі туралы мәлімдеген болатын. Оған қоса, өткен аптада әлем елдерінен келетін тауарларға баж салығын көтергені тағы бар. Бұл әлемдік нарықтағы тұрақсыздыққа өз әсерін тигізбей қоймады. Осының әсерінен мынадай қорытынды жасауға болады: алдағы уақытта Қытай экономикасы бәсеңдеуі мүмкін. Қытай өндірісінің қарқыны төмендесе, мұнайға деген сұраныс та азаяды. Нәтижесінде, мұнай бағасы одан әрі құлдырауы ғажап емес, – дейді экономист.
Бұл Қазақстан экономикасына қалай әсер етеді деген сауалымызға ол кез келген жағдайға Үкіметтің өзіндік жоспары бар деп түсіндірді. Дегенмен ахуал тұрақталмаса, Ұлттық қор түсімі төмендеп, халық табысы ортаюы мүмкін.
– Біздің экономикамыз, өкінішке қарай, әлі де мұнайға тәуелді, өйткені экспорттың едәуір бөлігі мұнайдан тұратынын білесіз. Егер оның бағасы екі есе төмендесе, экспорттан түсетін табыс та екі есе азаяды. Ал импорт пен экспорт арасындағы төлем балансы теріс көрсеткіш болса, ол ұлттық валютаға одан әрі қысым жасайды. Елдегі инфляция күшейеді, сәйкесінше, халықтың төлем қабілеттілігі де төмендейді. Үкіметте осындай жағдайларға қатысты негізінен үш сценарий бар: позитивті сценарий, мұнай бағасы тұрақты болғанда және негативті сценарий. Әрине, Үкімет әрі қарай да мұнай бағасының динамикасына сай жоспар бойынша әрекет ете бермек. Бірақ үшінші жағдайға сәйкес мұнай бағасы 30 долларға дейін төмендесе, экономикамыз дағдарысқа ұшырайды деп айтуға толық негіз бар. Әрине, оған ешкім дайын емес. Егер мұнай бағасы барреліне 40 доллардан төмен түссе, шығындарды мұнай есебінен өтеу мүмкін болмайды, – дейді маман.
Қазірдің өзінде Ұлттық қорға мұнай түсімдері 2 есеге жуық қысқарды. Қаржы министрлігінің деректеріне сүйенсек, 2025 жылдың бірінші тоқсанында рекордтық мұнай өндіруге қарамастан, Ұлттық қорға небәрі 621 млрд теңге түсті. Бұл 2023 және 2024 жылдармен салыстырғанда 48%-ға аз.
Бірақ халықаралық Bloomberg агенттігі мұнай бағасының түсуіне тек АҚШ енгізген тарифтік қысым мен дағдарыс қаупі ғана әсер етпегенін мәлімдеді. Оған ОПЕК+ ұйымы қабылдаған шешімі де ықпал еткен. Олар мамыр айында мұнай өндіруді күрт арттырмақ. Агенттіктің мәлімдеуінше, мұнай өндіру мөлшерін белгіленген квотадан асырған елдер, атап айтқанда, Қазақстан мен Иракқа жауап ретінде ОПЕК+ осындай шешім қабылдаған. Соңғы айларда Қазақстан аталмыш ұйым келіскен мөлшерден әлдеқайда көп мұнай өндірген.
Сонымен қатар ОПЕК+ өндірісті ұлғайту жоспарын жеделдетуді ұйғарды. Ұйымға мүше елдер мамыр айында нарыққа күніне 411 мың баррель шығаруды жоспарлап отыр. Бұған дейінгі жоспарда 135 мың баррель өндіру қарастырылған еді. SS WealthStreet зерттеу компаниясы бұл қосымша ұсыныс нарық динамикасын айтарлықтай өзгертіп, мұнай бағасына үлкен тежегіш фактор болады деп мәлімдеді.
Отандық сарапшы Олжас Байділдинов бұл мәселе төңірегінде мынадай пікір білдірді:
«Қазақстанда мұнай өндіруге өзіміз тікелей әсер ете алмаймыз — қазір өндірістің 70%-дан астамы ТШО (Теңізшевройл), КПО (Қарашығанақ Петролеум Оперейтинг) және NCOC (Қашаған жобасы) сияқты ірі шетелдік консорциумдардың бақылауында. Бұл компанияларға ОПЕК ішіндегі текетірес немесе Қазақстанның ұйыммен қарым-қатынасы аса маңызды емес. Сонымен қатар мемлекет бақылауындағы мұнай өндірісін қысқарту да қиын. Өйткені оның шамамен 60%-ы ішкі нарықтың сұранысына бағытталады. Қағаз жүзінде бағаны мемлекеттік реттеу алынып тасталғанымен, іс жүзінде Үкімет бәрін бақылап отыр», – дейді маман.
Оның айтуынша, экспортқа бағытталған қалған мұнай көлемі арқылы мұнай компанияларының шығындарын жабу мүмкін емес – себебі мұнай бағасы түсіп барады. Сондықтан алдағы уақытта доллар бағамының өсуі (яғни, теңгенің әлсіреуі) және жанармай бағасының қымбаттауы әбден мүмкін.
«Тағы бір мәрте атап өткім келеді: елімізде Теңіз, Қарашығанақ және Қашаған бойынша келісімшарттарды қайта қарап, оларды басқа мұнай компанияларымен бірдей, стандартты шарттарға келтіру қажеттігін түсіну уақыты келіп жатыр», – дейді Олжас Байділдинов.
Ал экономист Мақсат Халық мұнай өндіру көлемі жоспарлы түрде биыл тағы да артатынын жеткізді. Себебі ірі мұнай кен орындары Үкіметтің емес, инвесторлардың қолында.
– Егер мұнай бағасы құлдырайтын болса, экономика үшін бұл үлкен сынақ болар еді. Біріншіден, ұлттық валюта девальвацияға ұшырауы мүмкін, екіншіден, инфляция артса, үшіншіден, Ұлттық қорға түсетін салымдар азаяды. Қазір біз онсыз да Ұлттық қор қаражаты есебінен бюджет тапшылығын жауып отырмыз. Егер оған түсетін қаржы көзі де кемісе, оның да түбі көрінуі ғажап емес, – дейді сарапшы.
Кәмила ДҮЙСЕН