Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтайдың IV отырысында «Біздің мызғымас тұғырымыз» деп атаған заң мен тәртіп қағидатын орнықтыруға шетелдіктер де мүдделі.
Инвестор – қаржы емес, мүмкіндік
316
оқылды

Себебі олар ел экономикасына салған қаражатының қайтарымды болуын, қорғалуын, құқығының қамтамасыз етілгенін қалайды. Президент Үкіметке инвесторларға қолдау көрсетуді тапсырған-тын. Бұл ретте Алматы облысында шетелдік инвестор мен әкімдік арасындағы ұзаққа созылып кеткен дауға Парламенттің араласуына тура келді. Қандай нәтиже шықты?

Баршаға ортақ маңызды міндет

БҰҰ Азия мен Тынық мұхиты өңі­ріне арналған Экономикалық және әлеуметтік комиссияның (UN ESCAP) мәліметіне сілтеме жа­сап, Сыртқы істер министр­лі­гі­нің хабарлауынша, 2024 жылы Қа­зақстанға 15,7 миллиард доллар ин­вестиция тартылды. Бұл 2023 жыл­ғыдан 88% көп. Солтүстік жә­не Орталық Азия өңіріне келген бар­лық инвестицияның 63%-ы қа­зақ еліне бағыт алған. 

2024 жылы шетелдік ин­вес­тор­лар жалпы құны 1,3 млрд дол­лар­ды құрайтын 45 жобаны жүзеге асы­р­ды, 6 мыңнан астам жұмыс ор­ны ашылған. Елеулі жоба­лар­дың ішінде құны 50 млн доллар тұ­ратын Carlsberg өндірістік алаңы­ның құрылуы, вольфрам ке­нін өңдейтін, 450 млн дол­лар­лық «Жетісу Вольфрамы» зауы­ты­ның І-ші кезеңінің іске қосылуы атап өтілді. Сондай-ақ Шым­кент­те Wan Sheng Ceramic керамика тақ­тайшаларын өндіру, Қостанай облысында Škoda және Hongqi (Хончи) автокөліктерін ірі торап­тық құрастыру зауыттары қолда­ныс­қа енгізілді. Алматы облы­сын­да 160 млн доллар қаржы салынған PepsiCo компаниясының жобасы да маңызға ие.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылғы 28 қаң­тардағы Үкі­мет­тің кеңейтілген оты­рысында са­лада біраз проблеманың қор­да­­ланғанына назар аударды. Ин­вест­жо­баларды әзірлеу барысында ведомс­т­воа­ра­лық үйлестіруге көп уақыт кетеді. Бұл тұр­ғыда Үкі­мет­ке басы артық бюрок­ра­тиядан ары­­лып, жедел жұмыс істеу жүк­тел­­ді. Президенттің пайым­дауын­ша, ше­неу­ніктердің құлық­сыз­ды­ғы және жауап­кер­шілік алудан тайсалуы келісу рәсімдері мен ше­шім қабылдаудың тым ұзаққа со­зылуына себепші. 

– Үкімет инвестиция сала­сын­­дағы жұ­мыс­ты күшейтуі қа­жет. Басқа жол жоқ. Әйт­­песе, ин­вес­тиция нарығында бәсеке қы­­зып тұрған кезеңде заман ағы­мынан кеш қаламыз. Бізге сапалы ин­вестиция қа­жет. Озық тех­но­логияға негізделген жә­не сыртқы на­рыққа арналған жобаларды әдет­­те шетелдік инвесторлар ұсы­нады. Ақ­төбе, Алматы, Атырау, ШҚО, Жамбыл, СҚО, Павлодар облыстарында және Ал­ма­тыда тікелей шетел инвестициясын тар­­ту қарқыны төмендеді. Ал жеке ин­вес­тицияның азаюы бюджет есебінен өтеліп жа­тыр, – деді Қ.Тоқаев. 

Үкіметке инвесторларды із­деу­ге, қол­дауға және қорғауға қа­тыс­ты жұмыстың бәрін жүйелі жүр­гізетін біртұтас экожүйе құру тап­­сырылды. Бірақ бұл жұмыс бар­лық дең­гейде – аймақта, орта­лық­та және шетелде бірдей атқа­ры­луы керек. Демек, оған әкімдер де белсенді жұмылуға тиіс. 

Инвестордың көңілі неге күпті?

Жоғарғы сот төрағасы Ас­лам­бек Мер­ға­лиев жуыр­да өткен «Инвестор құқығын қор­­ғау» форумында мәлімде­ген­дей, тек Астана соттарына ин­вес­тор­лардан 900-ден астам талап арыз түсті. Бұл істердің жалпы со­­­­­масы 100 миллиард теңгені құ­раған ша­мамен 80%-ы инвес­тор­лар пайдасына ше­шілген. Судья­лар­дың айтуынша, даулар ин­­вес­тор­дың адал болмауынан емес, шен­­ділердің бейжайлығы, аран­дату­шы­лығы және бюрок­ра­тия­лық кедергілер ке­сірінен туын­дай­ды. 

Осындай даулардың бірі Алма­ты облы­сын­­дағы инвестжоба ай­на­ласында өрбіді. 2020 жылғы қа­рашада облыстық Ден­сау­лық сақ­тау басқармасы шетелдік ин­вес­торды тартып, онымен МЖӘ ша­ртын бе­кітеді. Оған сәйкес, Ал­­матының көп­бейін­ді кли­ни­ка­лық ауруханасы өткен ға­сыр­дың 60-шы жылдары тұрғызылған ес­кі ғи­мараттарымен бірге соның бас­қаруына берілді. Сонымен бірге шет­елдік ин­весторға осы меке­ме­нің аумағында жаңа емдеу кор­пус­тарын салу жүктелді. 

– Маңыздысы сол, бұл өңірлік объек­ті са­­тып алу құқығынсыз тап­сырылды! Яғни, ел меншігінде қал­ды. Басқарудың бірінші жы­лында инвестор аурухананың 900 миллион теңгедей кредиторлық бе­ре­шегін толығымен өтеген. МЖӘ шартына дейін еш аккре­дитациясы болмаған ауру­хана ұлт­тық аккредитацияның І-ші ка­те­гориясына екі рет ие болды. Және өңірде үшінші жыл қата­ры­нан жоғары техно­логиялы ме­ди­циналық көмектің көшбас­шы­сы атанды. Бюджетке салығын 2 есе арт­тырды, – деді Мәжіліс атынан мә­селеге қаныққан депутат И.Смир­нова.

Инвестордың дерегінше, 2000-2024 жыл­дар аралығында көп­­бейінді ауруха­наны дамытуға жалпы көлемі 5,5 миллиард тең­ге­дей инвестиция салынған. Нә­ти­жесінде, жұқпалы аурулар және кө­п­бейінді ауруханалардың жал­пы ауданы 19 мың шаршы метр болатын жаңа кор­пус­тары бой көтерді. 

– Алайда әкімдік табысты жү­зе­ге асы­рылып жатқан жобаға 2022 жылдан бері жасанды ке­дергілер туғызып келеді. Ба­ланс­тық құны 630 миллион теңге бо­ла­тын жұқпалы аурулар ау­ру­ха­насының жаңа кор­пусы мемлекеттік мен­шік­ке қабыл­дан­бады. Ауруханаға ин­­женерлік желілерді тарту бойын­­­ша келісімшарттық міндет­те­мелер орындалмады. Сал­да­рынан, ауру­хана орталық­тан­дырылған сусыз отыр. Тұйықтан шығу үшін инвестор құдық қа­зып, суды ұңғымадан алуға мәжбүр. МЖӘ объектісін басқару үшін шартта көз­делген сыйақы, инвес­тициялық шығыстар өтемақысы төленбейді, – деп санамалады депутат. 

Ирина Смирнованың айтуын­ша, бұған дейін инвестордың пай­дасына жергілікті про­ку­ра­тура­ның және Ішкі мемлекеттік аудит де­партаментінің шығарған ұйға­рым­дарын әкімдік орындамапты. 

Жергілікті бақылау-қадағалау ор­гандары араша бола алмай, қор­ған таппай, тауы шағылған ин­вес­тор елор­­­­­­даға аттанып, «Астана» ха­лықаралық қаржы орталығының сотына жүгінді. Ол инвестордың та­лаптарын орынды деп тауып, то­лық қанағаттандырды. Бюджет­тен 380 миллиондай теңге инвес­тор­дың пайдасына өндіріп алын­ған. Депутаттар анық­тағандай, об­лыстық бюджеттен тағы 13 мил­лиард теңге өндіріп алу мәсе­ле­сі төбе көрсетіп тұр. 

Инвестиция да, инвестор да – ел игілігі

Барлығы ынтымақ, бірлік, келісім ая­сында жүзеге ас­­­­қанда, бұл серік­тестіктен өңірге қо­сымша ырыс-береке ке­летін бе еді. Мысалы, 2022 жылдың жел­­тоқ­санында әкімдік пен аталған шет­елдік инвестор Ынтымақ­тас­тық туралы ме­морандум бекітті. Оған сәйкес, инвестор Қонаев қа­ласында көпбейінді жаңа ау­ру­ха­на, Алматы облысында – фар­ма­цев­тикалық зауыт салуға ке­ліс­ті. Өңірде Ақ­параттық тех­но­ло­гия­лардың халықаралық уни­­вер­си­те­тін ашып, қос дипломды жүйе­мен оқы­тып, жергілікті дарындарға қа­нат қақ­тырмақ болды. 

Осы жобаларға шетелдік ин­вес­тор жал­пы сомасы 35 миллиард тең­ге инвес­ти­ция құюға ниет­тен­ген. Алайда де­пу­таттардың ай­туын­ша, Алматы облысының әкімдігі мә­міле шарттарын қағаз жүзінде қал­дырды. Шенеуніктер сол жо­ба­лардың іске асырылуы үшін еш­қандай іс-әрекет жасамапты. Со­дан 8 ай бойы селқостық та­ны­тып, сергелдеңге салған қа­зақ­­стан­­дық бюрократиядан әбден қа­­жып, түңілген шетелдік инвес­тор бәріне бір қол сілтеп, мемо­ран­дум­ды біржақты тәртіппен бұзды.  

Қолда бар дерекке сүйенсек, ин­­вес­торға қысастыққа қатысты Ан­тикор тер­геп-тексеруді бас­та­ды, жауапты жергілікті ше­неу­нік­тер­дің алды жазаланды. Бас про­­ку­ра­тура Алматы облысында туын­­­да­ған инвестордың проб­ле­ма­сын қарады. Оның мәлі­ме­тін­ше, International Academy of medicine and sciences ЖШС 2020 жыл­­ғы 5 қарашада мемлекеттік-же­­кешелік әріптестік (МЖӘ) шар­ты бойынша Алма­ты облысы­ның Денсаулық сақтау басқар­ма­сынан «Алматы көпсалалы клиникалық ауруха­на­сы» ШЖҚ МКК-ні сатып алу құқығынсыз 30 жылға – 2050 жылғы 31 желтоқсанға дейін се­нім­герлік басқаруға қабылдады.

ЖШС міндеттеріне 360 орын­дық инфекциялық және емдік кор­­пустарын салу, аурухананың кре­диторлық берешегін өтеу, оны за­­­манауи жабдықтармен жарақ­тан­­дыру, көрсетілетін медицина­лық қыз­метт­ер тізбесін кеңейту және басқасы жата­ды. Жекеше әріп­­тес салымдарының жалпы мөл­шері 5,5 млрд теңге болды. Өз ке­зе­гінде мемлекеттік әріптес 2025 жылдан бас­тап оған 5,1 млрд тең­гесін өтеуге мін­дет­ті. Бұдан басқа, нысанды басқарғаны үшін жекеше әріптеске ай сайын 10,5 млн, бар­лығы 502 млн теңге сыйақы төлеу көз­делген. 

– Бүгінгі таңда жекеше әріптес ин­фек­циялық корпусты пайда­ла­нуға берді. 891 млн теңге креди­тор­лық берешекті өтеді. 677 млн тең­геге жабдықтар сатып алды. Ор­талық сумен жабдықтау құры­лы­сына жобалық-сметалық құ­жа­ттамасын әзірледі. Бірақ мем­ле­кет­тік әріптестің кінәсінен 344 тө­сек­тік жаңа емдеу корпусының құрылы­сын аяқтай алмай тұр. Өз ке­зегінде мем­лекеттік әріптес шарт­­тық талаптарды сақ­та­мауын жал­­ғастырды. 1 жылдан аса сыйа­қы төлемеді. Салынған инфек­ция­­лық корпусты теңгерімге қа­был­­дамаған. Ин­же­нерлік желілер қо­сылмаған, – деп са­намалады Бас прокурор Берік Асылов.

Оның хабарлауынша, әу баста дау об­лыс әкімінің өкімімен 2022 жыл­­ғы тамызда же­ке­ше әріптестің қаржы-шаруашылық қыз­метіне тексерудің тағайындалуынан, со­­нымен қатар Денсаулық сақтау бас­қар­масының шетелдік инвес­торға берілген ау­рухананың бас дәрігерін тағайындауға және ең­бек ке­лісімшартымен оның функ­цио­нал­дық міндеттемелерін бекі­туге та­лап­тануынан туындады. 

Компания басшылығы әкім­діктің лауа­зым­ды адамдарын тек­серуге жібермей қой­ды және ше­неу­ніктердің бизнес қыз­ме­тіне ара­ласуына қатысты түсіндірме алу үшін облыс прокуратурасына жү­гінді. Ал­маты облысының про­куратурасы тек­серудің заңсыз еке­нін атап өтіп, әкімдікке заң­ды­лық­тың бұзылуын жою тур­алы ұсы­ным енгізді. Кінәлі қызмет­кер­лер жа­за­лан­­ған, бұйрық жойыл­ған. Бірақ бас про­­курордың ай­туын­ша, даулы жағдай ше­­шіл­ме­ген. 

2022 жылғы желтоқсаннан бе­рі мем­лекеттік әріптес, облыс әкім­дігі МЖӘ шар­­ты бойынша мін­дет­­темелеріне қара­мас­тан, же­­­­­­­кеше әріптес салған инфек­ция­лық кор­пусты коммуналдық меншікке қа­был­дамады. Облыс­тық прокуратура әкім­дікке қада­ғалау актісін енгізді, бірақ нысан осы уақытқа дейін қабылданбаған.

Содан компания АХҚО Со­ты­на ш­а­ғымданды, ол 2024 жылғы 12 қара­шада дауды инвестордың пай­дасына шешті. Мемлекеттік әріп­тестен 369,9 млн тең­ге өн­ді­рілді, соның ішінде 188,4 млн тең­­­­гесі – қарызы, 153 млн теңгесі – шарт бойын­­ша тұрақсыздық айыбы және 28,5 млн теңгесі – өкілдің көмегінің төлемі. Шетел­дік ин­вес­тор 2024 жылғы шілдеде АХҚО-ға инвестициялық шы­ғындар өте­м­ақысының мөлшерін ұлғайту және объек­тіні басқару үшін сыйақы төлеу тура­лы 13 млрд теңге сомасында тағы бір талап арыз түсірген, ол іс сотта қаралып жатыр.  

2025 жылғы 24 ақпанда Анти­кордың Ал­маты облысы бойынша департаменті бас­қарманың лауа­зымды тұлғаларына қа­тысты Қыл­мыстық кодекстің 365-бабының 3-бөлігінің 2-тармағымен сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастады. Тергеу іс-шара­лары жүргізіліп жа­тыр. ­Инвестор құқы­ғы­ның бұзыл­ғаны және АХҚО соты мем­ле­кеттік органнан қосымша шығыстарды өн­діріп алғаны туралы Үкіметке хат жол­данды.

Оны қарау қорытындысында Ден­сау­лық сақтау басқармасының бас маманы тәртіптік жауапкер­ші­лік­ке тартылыпты. Алматы облы­сы­ның әкімдігі «мемлекеттік және жекеше әріптес арасында жанжал­ды реттеу бойынша келіссөздер жүргізіліп жат­қанын» хабарлады. Осылайша, бұл мәселеде заң мен тәртіп орнайтынға ұқ­сай­ды. Алай­да бұл тек бір мысал ғана, мұн­дай даулар жетерлік және әрбір дерлік өңірде кездеседі. Оларды шешу ел­ге ин­вес­тиция тартуға, жұмыс орын­дарын сақ­тауға, өндірісті жаң­ғыртуға мүмкіндік бере­ді. Пре­зидент айтқандай, заң үстем­дігі ор­нап, тәртіп болған жерде ғана даму бо­лады. 

Елдос СЕНБАЙ