Премьер-Министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында Мемлекет басшысының туризм саласын дамыту мәселелері жөніндегі тапсырмаларын жүзеге асыру барысы қаралды.
Министр: Фермерлерге өздеріне қарасты жер телімдерінде агротуризммен айналысу құқығын беру ұсынылады
Фото: istockphoto
286
оқылды

Туризм және спорт министрлігінің мәліметінше, 2024 жылы туризм саласы тұрақты өсім көрсетті. Ішкі туристер саны 10,5 млн адамды құрап, 2023 жылмен салыстырғанда 900 мыңға артты, – деп хабарлайды Aikyn.kz Үкіметке сілтеме жасап. 

Үкімет отырысында Туризм және спорт министрлігінің басшылығы ұсынған негізгі бастамалардың бірі – облыс әкімдіктеріне елді мекендерден тыс жерлерде, оның ішінде ұлттық парктер аумағында туристік инфрақұрылым салу бойынша өкілеттіктер беру. Қазіргі уақытта заңнамаға қажетті түзетулер Парламентте қаралуда.

«Мұндай қадам негізгі туристік дестинациялардың инфрақұрылымын дамытуды қамтамасыз етеді. Туристік дестинацияларда инфрақұрылым құрылысын қаржыландыруға бағытталған жеке бюджеттік бағдарлама әзірленетін болады. Бұл ретте, өңірлерде туризмді дамытуға басымдық беру үшін жаңа құзыретпен қатар жеке туризм басқармаларын құру мәселесін қарастыру қажет. Қазір тек бес өңірде жеке басқарма бар, тағы екі өңірмен пысықталып жатыр», — деп атап өтті Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов.

Сонымен қатар Үкіметте фермерлерге өздеріне қарасты жер телімдерінде агротуризммен айналысу құқығын беру мәселесі қаралды Ауыл шаруашылығын қолдау және туризмді дамыту жөніндегі шаралар шеңберінде фермерлерге өздеріне қарасты жер телімдерінде агротуризммен айналысуға рұқсат етіледі. Бұл туралы Ербол Мырзабосынов мәлімдеді.

«Фермерлерге өздеріне қарасты жер телімдерінде агротуризммен айналысу құқығын беру ұсынылады. Қазіргі таңда елімізде 200 мыңнан астам шаруа қожалығы бар. Бұл шара ауыл тұрғындары үшін қосымша жұмыс орындарын ашуға, ауылдық аумақтардың әл-ауқатын арттыруға мүмкіндік береді», — деп атап өтті министр.

Сондай-ақ елімізде заманауи халықаралық стандарттарға сай қонақүйлерді жіктеу жүйесіне реформа жасау жоспарлануда. Қызмет көрсету сапасын арттыру мақсатында елімізде қонақүйлерді жіктеу жүйесін реформалау жоспарлануда. Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосыновтың айтуынша, 2008 жылдан бері қолданылып келе жатқан критерийлер қазіргі заманғы халықаралық стандарттарға сәйкес келмейді, бұл оларды қонақүй бизнесіндегі әлемдік үрдістерге сәйкестендіру үшін өзектендіруді талап етеді.

Туризмге қатысты мәселелер көтерілген отырыста министрлік ұйымдасқан туристік топтардың сапарын жеңілдету үшін шекаралық пункттерде «жасыл дәліз» тетігін енгізуді ұсынды. Сонымен қатар шекаралық өткізу пункттерінде ұйымдасқан туристік топтардың сапарын жеңілдету үшін жасыл дәліз режимі енгізіледі. Қазіргі уақытта бұл тетік Ресей мен Қырғызстан шекарасында пилоттық режимде жұмыс істеп тұр.

Туризм министрлігі еліміздің ұлттық парктерінде экотуристер санының тұрақты өсімін, яғни бір жыл ішінде 2,8 млн адам келді деген ақпарат айтты. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша елімізде Алматы тау кластерін дамыту бойынша кешенді жоспар әзірленді. Оның негізгі міндеті – тау туризмін дамыту. Жоспарды іске асыру нәтижесінде ұзындығы 150 шақырым болатын әлемдік деңгейдегі тау шаңғысы курортын салу жоспарланған. Жаңа курорт жылына 5 млн-ға дейін туристерді тарта алады деп күтілуде. Кешенді жоспардың тағы бір жобасы «Маңғыстау» туристік аймағын дамытуға бағытталған. Ол бойынша Тұзбайыр, Қызылқұп, Торыш, Айрақты сияқты бірегей орындарға қол жеткізуге болады және жаңа нысандардың ашылуына жағдай жасалған. Сонымен қатар экотуризмді ілгерілету мақсатында Ұлттық саябақтарды дамыту бойынша жұмыстар жүргізілуде. Соңғы жылдары базалық инфрақұрылымы бар 8 туристік визит-орталық салынды.

«Біз еліміздің ұлттық парктеріне келген экотуристердің тұрақты өсуін байқап отырмыз. 2024 жылдың қорытындысы бойынша 14 ұлттық паркке 2,8 млн адам барып, келушілердің саны 2023 жылмен салыстырғанда 18%-ға өсті. Артып келе жатқан сұранысты қанағаттандыру үшін әрбір ұлттық паркті негізгі туристік инфрақұрылыммен қамтамасыз ету және жаңа сапар-орталықтарын салу жоспарланып отыр. Сонымен қатар барлық ұлттық парктерде Бурабайдағы секілді кіру жүйесін цифрландыру қажет», - деп атап өтті Туризмжәне спорт министрі Ербол Мырзабосынов.

Сонымен қатар шетелдік туристерді есепке алу және статистика жүйесін жетілдіру үшін Туризм және спорт министрлігі Ұлттық статистика бюросына ұялы байланыс операторларының деректеріне қол жеткізуді ұсынды. Қазіргі уақытта шетелдік келушілерді есепке алу ҚР ҰҚК Шекара қызметінің статистикасы бойынша, ал ішкі туризм туралы деректер – орналастыру объектілерінің есебі негізінде қалыптастырылады.

Отырыс барысында Туризм министрлігі NEO NOMAD Visa цифрландыру және Tax Free жүйесін жетілдіру бойынша жұмыс жасалғанын және пилоттық жүйеден тұрақты жұмыс режиміне ауыстыру мүмкіндігін қарастыруды, сондай-ақ осы жүйені еліміздің барлық өңірлерінде енгізуді ұсынды.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» Telegram арнасынан таба аласыз.