Тасқын судың салдарынан болған жағдайды облыс әкімінің бірінші орынбасары Елдос Рамазанов мәлім етті, – деп хабарлайды Aikyn.kz порталының тілшісі.
Күрделі жағдайда өтіп жатқан су тасқыны салдарынан өңірде бірнеше елді мекенде үйлерді су басып, бірқатар елді мекенді су басып қалмас үшін жолдарды бұзып, суды ағызып жіберуге шешім қабылданған еді.
Облыс әкімі орынбасарының мәліметінше, аймақта су тасқыны басталғалы бері жергілікті атқарушы органдар және төтенше жағдайлар қызметінің күш-құрылымдарымен бірге 2 миллион текшеден астам су сорылып, 2 мың қапшық құм төселген. Сондай-ақ бөгеттерді нығайтуға 3 мың тоннадан астам қиыршық тас пен құм қапшықтары қойылған.
– Аймақта күннің күрт жылынуы мен жауынның салдарынан тасқын қаупі күшейе түсті. Әсіресе, Бұланды ауданында жағдай күрделенді. «Қазгидрометтің» болжамы бойынша қысқа мерзімде жауын-шашынның мөлшері бір жарым айлық нормаға жетіп қалған. Бұл су қоймаларының жылдам толып, су өткізу жүйелерінің қауқары жетпей қалуына ықпал етті. Аудан әкімдігі тасқын судың жедел алдын алу шараларын жасады. Қазір елді мекендерді су басу қаупі толықтай жойылды, – деді облыс әкімінің орынбасары Елдос Рамазанов.
Дегенмен елді мекендерді су басу қаупі сейілгенімен автокөлік жолдарын су шайып кетуінің салдарынан облыстың сегіз ауданындағы 24 елді мекен мүлде көлік қатынасынсыз қалған.
– Ауылдарда қалыпты тіршілікті сақтау үшін жеткілікті мөлшерде азық-түлік пен дәрі-дәрмек жеткізілді. Уақытша жол белгілері мен тәуліктік бақылау бекеттері қойылды. Тасқыннан және апаттық жағдайдан құтқару үшін 500-ден астам адам, 300 техника, 50 мотопомпа мен 16 жүзу құралдары жұмылдырылды. Қосымша Астана қаласының, Қарағанды облысының сонымен қатар Ақмола облысының аумақтық қорғаныс бригадалары тартылды. Жалпы жағдай толықтай бақылауға алынды, – дейді Елдос Рамазанов.
Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ, Ақмола облысы
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» Telegram арнасынан таба аласыз.