Ішкі істер органдары «Заң мен Тәртіп» қағидатын нығайтуды жалғастырады.
Қылмыс саны 13 пайызға азайды – Ержан Саденов
Фото: gov.kz
556
оқылды
Iшкi iстер министрлiгiнде барлық өңірлік бөліністердің басшыларының қатысуымен алқа отырысы өтті, – деп хабарлайды Aikyn.kz. Алқа отырысында бірінші тоқсан қорытындыланып, алдағы кезеңге басым міндеттер  айқындалды.
Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша қоғамда «Заң мен Тәртіп» қағидатын нығайту жалғасады. 2025 жыл  Ішкі істер органдарында профилактика жылы болып жарияланды.
Ішкі істер министрі Ержан Саденовтің айтуынша, қабылданған шаралардың нәтижесінде қылмыстар саны 13%-ға азайған, оның ішінде кісі өлтіру, денсаулыққа ауыр зиян келтіру, ұрлық, тонау, қарақшылық және бұзақылықтың саны төмендеген. Қоғамдық орындарда және көшелерде жасалған құқық бұзушылықтар азайған. 3 тоннадан астам есірткі тәркіленіп, 69 есірткі зертханасы жойылды.
Мал ұрлығына қарсы іс-қимыл – ведомствоның негізгі міндеттерінің бірі. Қылмыстың осы түрінің алдын алуға және жолын кесуге бағытталған кешенді шаралар қабылдануда. Соңғы бес жылда Қазақстанда мал ұрлығының саны тұрақты түрде төмендеп келеді, оның ішінде жыл басынан бері 26%-ға азайды.
Жиын барысында министр ерекше назар аударуды қажет ететін бағыттарға да тоқталып өтті.
Анықталған интернет-алаяқтық фактілерінің өсуі тіркелді – 5,5 мыңнан астам дерек. Бұл полицияның белсенді аналитикалық және жедел жұмысының да нәтижесі. Қылмыстық схемаларда пайдаланылған 14 мың интернет-ресурс және 15 мыңнан астам банктік шот бұғатталды. Кейбір жасөспірімдердің себепсіз агрессия белгілері бар құқыққа қайшы әрекеттерін де бей-жай қалдыруға болмайды. Осыған байланысты жастармен жүргізілетін профилактикалық шараларды күшейтіп, білім беру мекемелерімен және ата-аналармен өзара тығыз іс-қимылды қолға алуды тапсырдым. Жол-көлік оқиғалары да алаңдаушылық тудырады. Үш айда 6 мыңнан астам апат болған. Бұл ретте қаза тапқандардың саны 4%-ға төмендегенін атап кеткен жөн. Бірақ әрбір қаза – үзілген адам тағдыры, орны толмас жағдай. Негізгі себеп – жолдардағы тәртіптің төмендігі. Бұл мәселе шұғыл шараларды қажет етеді. Жол қозғалысына қатысушылардың тәртібі мен құқықтық санасын арттыруға бағытталған іс-шараларды жергілікті атқарушы органдар мен жұртшылықты белсенді тарта отырып, алдын алу жұмыстарын күшейту міндеті қойылды. Тек бірлесіп қана біз жағдайды өзгерте аламыз, – деді министр.
Алқа отырысында өңірлік департамент басшыларына:
- Цифрлық технологиялар мен бейнебақылау мүмкіндіктерін белсенді пайдалану;
- Барлық аудандық бөліністерде жедел басқару орталықтарын құруды жалғастыру;
- Қылмыстарды, оның ішінде бұрын жасалғандарды ашу сапасын күшейту;
- Жеке құрам арасында заң мен тәртіпке ерекше назар аудару тапсырылды.
Министрлік қылмысты азайтып, тәртіпті қамтамасыз ету және азаматтардың өздерін қауіпсіз сезінуі үшін жағдай жасау мақсатында жүйелі жұмысты жалғастырады, – деді министр. 
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» Telegram арнасынан таба аласыз.