Қатыгездік пен қайырымсыздық, арсыздық пен ашкөздік басқа да адамның ойына кіріп те шықпайтын сұмдық жайлар жайлаған бүгінгі қоғамда адам құқықтары мен бостандығы басты мәселеге айналғаны даусыз. Бесіктен белі шықпаған балаларға дейін зорлық-зомбылық пен жантүршігерлік айуандық әрекеттердің құрбанына айналып, жаңа туған шекесі торсықтай нәрестелердің қоқыс жәшіктерінен табылып жатқаны құқық қорғау органдарымен қатар тұтас қоғамның да аса өзекті мәселеде бірлесіп өзара үйлесімді жүйелі жоспар құруын қажет етеді.
Бұл орайда заңның солқылдақ әрі шикілеу тұстарын түзетіп, заман талабына сай өзгерістер мен толықтырулар енгізу де күн тәртібінен түспей тұр. Көкшетауда Қазақстан Республикасы адам құқықтары жөніндегі өкілеттіліктің үйлестіру кеңесінің көшпелі отырысында дәл осы халықтың шымбайына батып, жанын жегідей жеп күйзелткен түйткілді мәселелер майшаммен қаралды. Сананы дүр сілкіндіретін баяндамалар оқылып, қоғамды түзетуге бағыттайтын әрі сүрлеу жол ашатын сан түрлі ұсыныстар талқыға түсті...
Қазіргі таңда әлеуметтік желілер мен ғаламтор беттерінде желдей ескен видеоларда кәмелет жасына толмаған балалардың өз қатарластарын аяусыз соққыға жығып, қатыгездікпен ұрып-соғу оқиғаларының тым көбейіп бара жатқаны жүрек шайлықтырады. Алайда, қоғамның ащы дертіне айналған күрмеуі қиын күрделі мәселелер тәрбиенің тал бесіктен бастау қажеттігін тағы бір мәрте айғақтай түседі. Үйлестіру кеңесінің тұрақты мүшелерімен қатар Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы, Ұлттық алдын алу тетігі, Біріккен Ұлттар Ұйымының даму бағдарламасы, Еуропа Қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы, денсаулық сақтау, оқу және ағарту, ішкі істер, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрліктері, сондай-ақ жергілікті атқарушы органдар мен мемлекеттік ұйымдар өкілдерінің басы қосылған кеңейтілген жиында өткен жылғы арнайы түзету мекемелеріндегі алдын алу мақсатындағы сапарлардың қорытындылары бойынша жинақталып топтастырылған баяндама жобалары мен қатыгездік пен азаптау оқиғалары жайы да жан-жақты қаралды.
Бұл жиынның ерекшелігі сол көшпелі отырыста Қазақстан Республикасы адам құқықтары жөніндегі өкілетті комитеті үйлестіру кеңесінің Ресей Федерациясы қоғамдық палатасы және Қазақстанның азаматтық альянсымен бірлесе әрекет ету жөнінде кеңес пен адам құқықтарын сақтау мәселелері бойынша да мол тәжірибе алмасуға да ерекше мүмкіндік жасалғанын атап өткен жөн.
Қоғамда адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтарын сақтау және қорғау – «Заң және Тәртіп» қағидаттарында тайға таңба басқандай көрсетілген. Артур Ластаевтың төрағалығымен Көкше төрінде ұйымдастырылған көшпелі жиында қозғалған аса маңызды тақырыптардың бірі – тағдырдың бұралаң бұлтарысында ойнақтап жүріп от басып, түзету колонияларындағы темір тордың ар жағынан бір-ақ шыққан жандарды ұстау жайы болды.
Қоғамда мемлекеттің айрандай ұйыған бірлік пен берекеде өмір сүруі үшін БҰҰ-ның халықаралық шарттарына сәйкес азаматтарды азаптау және басқа да адамгершілікке жатпайтын жат қылықтардың алдын алуға баса назар аударылуы тиіс. Құқық қорғау органдарында тіркелген түрлі құқық бұзушылықтар мен қылмыстық оқиға фактілері бақылаушы органдар мен құзырлы органдардан нақты ұсыныстарды әзірлеуді қажет етеді.
– Бүгінгі жиында Қазақстан Республикасы Заңнамаларын халықаралық талаптарға сәйкестендіру және елімізде адам құқықтарын қорғау бағытында атқарылып жатқан жұмыстардың да БҰҰ бойынша ортақ халықаралық талаптарға сәйкес болуы қарастырылып отыр. Ресейден келген әріптестерімізбен бірге салыстырмалы түрде бұл өзекті жайлардың қандай дәрежеге жеткені және алдымызға қойылатын мақсаттар мен міндеттер анықтауға тиіспіз, – дейді Адам құқықтары жөніндегі ұлттық орталық басшысының орынбасары Жарқынбек Бақашбаев.
Жиында елдің ертеңгі болашағы – жас ұрпақтың құқықтары мен олардың қорғалуындағы өзекті жайлар да жан-жақты талқыға түсті. Балаларды қорғау елдің мемлекеттік саясатының ажырамас бөлігі. Сондықтан да бала құқықтары жөніндегі БҰҰ Конвенциясында бекітілген балалар құқықтарын сақтаудың аса өзекті мәселелерін жария ету және оның іс жүзінде жүзеге асырылуын қамтамасыз ету аса зор жауапкершілікті қажет етеді. Мұндағы негізгі мақсаттың бірі ұлттық алдын алу тетігі мандатына жататын білім беру жүйесінің жабық мекемелеріндегі балалардың құқықтарының сақталуы жағдайын анықтау болып табылады. Ресми деректер бойынша ұлттық алдын алу тетігі өткен жылы еліміздің 20 аймағында 105 интернат ұйымдарын аралап жағдайды бақылап шыққан. Тексеріс нәтижесі көңіл көншітерлік емес. Жиында Оқу-ағарту министрлігіне қарасты мамандандырылған мекемелердегі балалар жағдайы бүкпесіз баяндалды. Жүргізілген есеп қорытындылары бойынша жыл санап бұл мекемелерде бала құқықтары жағдайы жақсарып келе жатқаны байқалған. Дегенмен өрескел жағдайлар да назардан тыс қалмапты.
– Көрсеткіштердің бірі осыған дейін ұлттық алдын алу тетігі қатынау барысында берілген ұсыныстардың іс жүзінде толықтай орындалып жатқаны анықталды. Барлық мекемелерде балалардың тұруына тиісті жағдайлар жасалған. Балалардың жатын бөлмелері, оқу кабинеттері, демалыс бөлмелері заманауи техникалармен, интернетпен жабдықталған. Балалар өз бөлмелерін абаттандыруға, тәртіп пен тазалықты сақтауға өздері де белсене қатысатынын байқадық. Дегенмен қорқыныш тудырып отырған мекемелер де бар екенін айта кеткен жөн. Өскемен қаласындағы «Жастар үйі», Степногор қаласындағы «Жастар» облыстық үйі, Атырау облысындағы «Кәмелет жасына толмағандарды бейімдеу орталығы», Батыс Қазақстан облысындағы интеллектісі бұзылған балаларға арналған «Мектеп-интернат колледжі», Сарқан қаласындағы №3 облыстық арнайы мектеп-интернаты, Ақтөбе облысындағы көру және есту қабілеті бұзылған балаларға арналған облыстық арнайы мектеп-интернат колледж кешені, Түркістан облысындағы №4 және №5 арнайы мектеп-интернаттар, Алматы қаласындағы №6 мектеп-интернатындағы көзімізбен көрген жағдайлар аса үлкен алаңдаушылық тудырып отыр. Аталған мекемелер күрделі жөндеуді қажет етеді. Олардың бірқатары ұлттық алдын алу тетігі қатысушыларымен тұруға мүмкін емес деп танылды, – дейді үйлестіру кеңесінің мүшесі Александр Муха.
Адам құқықтарының қорғалу деңгейі Қорғаныс министрлігі мен Ұлттық қауіпсіздік комитетіне қарасты мамандандырылған мекемелердің өзінде де аса мәз емес болып шықты. Мәселен, Қорғаныс министрлігіне қарасты Талдықорған қаласындағы әскери полиция жасағы мен Ақтөбе өңірлік гарнизоны әскери полиция басқармасына жүргізілген тексерістер бірқатар өрескел кемшіліктердің түйдектеліп жатқанын айғақтап берді.
– Талдықорған гарнизонында тұрақты қол жуғыштар мен унитаздар қойылмаған, тек биоәжетханалар қолданылады. Ұсталғандар құқықтары туралы базалық ақпараттар, шағым жәшігі мен жазу құралдары жоқ. Ең өкініштісі сол ауызсуға қолжетімділік жоқ. Ақтөбе өңірлік гарнизонында шокқа қарсы препараттар мүлдем болмай шықты. Ұлттық қауіпсіздік комитетіне қарасты тергеу изоляторларында да өрескелдіктер анықталып отыр. Астана қаласы мен тергеу изоляторын тексеру қорытындысы бойынша дәрі-дәрмектердің мерзімі өтіп кеткендігі, шұғыл шақыру түймелерінің жұмыс істемейтіндігі, табиғи және жасанды жарықтың жеткіліксіздігі, психологтың жоқтығы, сондай-ақ мүгедек адамдарға жағдайдың жасалмағаны анықталды, – дейді Қазақстан Республикасы адам құқықтары жөніндегі өкілдік комитеті жанындағы үйлестіру кеңесінің мүшесі Шахноза Хасанова.
Ұлттық алдын алу тетігі орын алған келеңсіздіктерді түзету үшін санитарлық-гигиеналық, тамақтану және тұрмыстық жағдайды жақсарту бағытында бірқатар нақты қадау-қадау ұсыныстарын берген. Сонымен қатар сотталғандар арасында да медициналық көмек көрсету сыртқы әлеммен байланыс мәселелеріндегі өзекті мәселелердің алдын алу қажеттігі ескертілген.
P.S. Қанша жерден заман өзгеріп, әлем жаңарып жатқанымен адамзат баласы үшін аса маңызды әрі басты құндылық адам құқықтары мен бостандықтарының аяқасты қалып, тиісті бақылаудың болмағанын айғақтайды. Сондықтан құзырлы министрліктер мен ведомстволар тиісті қадағалау жұмыстарында жауапкершілік жүгін сезінуі қажет деген қорытындыға келдік. Бұл еліміздегі адам құқықтарының халықаралық талаптарға сәйкестендіруге өзінің оң ықпалын тигізбек. Сондықтан қоғамның оңалып замана дертіне айналып бара жатқан ақтаңдақ мәселелерді бүгіннен бастап қолға алмасақ ертең кеш болып қалуы да әбден мүмкін екенін естен шығармасақ дейміз.
Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ,
Ақмола облысы