Зертханалар өңірдің ғылыми әлеуетін арттыруға және халықаралық деңгейде бәсекеге қабілетті зерттеулер жүргізуге мүмкіндік береді.
Ақтөбедегі Жұбанов университетінде бірнеше зертхана ашылды
Фото: gov.kz
343
оқылды

Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің Инновациялық технологиялар паркінде «Молекулалық және жасушалық биотехнология» зертханасы мен Академиялық және зерттеу артықшылықтары орталығында үш зертхана жұмысын бастады, - деп хабарлайды Aikyn.kz. Жаңа нысандарды өңір басшысы Асхат Шахаров аралап шықты. Зертхана жетекшілерімен әңгімелесу барысында ол ғылымды қолдау өңірді дамытудың негізі екенін, болашақта ғылыми зерттеулерді дамытуға және оларды нақты өндірістік процестерге енгізуге бағытталған бастамалар жалғастырылатынын тілге тиек етті.

Облыс әкімі алдымен «Молекулалық және жасушалық биотехнология» зертханасына барды. Мұнда ірі қара малдың түйінді дерматитін тудыратын Lumpy Skin Disease Virus (LSDV) вирусына байланысты серологиялық және молекулалық-генетикалық диагностикалау мен мониторинг әдістерін әзірлеу және енгізумен айналысады.

Зерттеулер аясында инфекцияны тасымалдаушы негізгі векторларды (жәндіктерді) анықтау, LSDV вирусының географиялық таралуы мен оның генетикалық профилін талдау жүргізіледі. Осы мәліметтердің негізінде вирустың штамдары бойынша деректер базасы жасалады, бұл ұзақмерзімді эпизоотиялық бақылауды қамтамасыз етуге және жаңа вакциналарды әзірлеуге мүмкіндік береді.

Ал Академиялық және зерттеу артықшылықтары орталығында ашылған зертханалар бірнеше бағытта жұмыс істейді. «Материалдарды металлургиялық өңдеу», «Жаратылыстану» және «Материалдардың физика-химиялық талдау» зертханалары заманауи құрал-жабдықтармен жабдықталған.

Аталған зертханалар «Өңірдегі экологиялық жағдайды жақсарта отырып, өндірістік қалдықтарды қайта өңдеудің жаңа технологияларын әзірлеу» атты бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру жобасы аясында ашылды. Университет өз тарихында алғаш рет жалпы құны 3 млрд теңгені жеңіп алған еді. Осы жоба аясында Академиялық және зерттеу артықшылықтары орталығын (АЗАО) құрды.

Жобаның жалпы құрамында 57 адам қызмет етеді.