Қазақстан мен Оңтүстік Корея арасында алғаш рет лоукостер, яғни бюджеттік әуекомпаниясының ұшақтары ұша бастады, – деп хабарлайды Aikyn.kz 24kz-ке сілтеме жасап.
Оңтүстіккореялық лоукостердің ұшақтары Инчхон мен Алматы арасында дүйсенбі және жұма күндері қатынайды. Алғашқы жолаушыларды әуежайдан шығарып салуға әуекомпания президенті мен Қазақстанның Оңтүстік Кореядағы елшісі қатысты.
– Қазір екі елге аптасына орта есеппен 15 рейс жүзеге асырылады. Сіздер Алматыға тағы бірнеше рейс қостыңыздар. Бұл екіжақты ынтымақтастықтың қарқынды дамып жатқанын көрсетеді және туризм саласындағы алмасуды арттыруға септігін тигізеді. Саяхатшылар қарасы жыл сайын 12 пайызға өсіп отыр. Бұл – өте жақсы көрсеткіш, – дейді ҚР Корея Республикасындағы Төтенше және өкілетті елшісі Нұрғали Арыстанов.
Лоукостер рейсінің ерекшелігі – бортта бизнес-класс орындарының болмауы және тамақтың бөлек ақымен берілуі. Дегенмен бұл алғашқы жолаушыларға кедергі бола қойған жоқ. Ұшақ сапарлаушыларға толы болды.
Инчхон-Алматы бағытымен алғаш ұшқан жолаушылар арасында оңтүстіккореялықтар көп болған.
Осы жазда екі ел арасындағы әуе рейстерінің саны аптасына 20-дан асуы мүмкін. Лоукостер Оңтүстік Кореяның күнгейіндегі ең ірі қаласы – Пусанды Алматымен тікелей байланыстыратын болады.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.