Парламент Сенатының Төрағасы Мәулен Әшімбаев Сьерра-Леоне Республикасының Сыртқы істер және халықаралық ынтымақтастық министрі Тимоти Муса Каббамен кездесті.
Ортақ құндылыққа негізделген сындарлы диалог
283
оқылды

Кездесу барысында Мәулен Әшімбаев Қазақстан мен Сьерра-Леоне арасында дипломатиялық қарым-қатынас орнағалы бері ортақ құндылықтар мен мүддеге негізделген өзара сындарлы диалог қалыптасқанын атап өтті. Сұхбат кезінде парламентаралық ынтымақтастық, оның ішінде достық топтарының өзара іс-қимылы екіжақты байланысты одан әрі нығайтудың маңызды тетігі екені айтылды.

«Парламентаралық диалог елдеріміз арасындағы ынтымақтастықты дамытуда маңызды рөл атқарады. Африка елдерімен, оның ішінде Сьерра-Леонемен ынтымақтастықты нығайту мақсатымен Сенатта достық тобын құрдық. Екіжақты өзара іс-қимылды арттыру жолында достық топтарының әлеуетін тиімді пайдалануға зор мүмкіндік бар. Біз алдағы уақытта елдеріміздің парламенттері арасындағы ынтымақтастықты жүйелі жолға қойып, дамытуға дайынбыз», – деп палата Спикері Сьерра-Леоне еліне БҰҰ Бас Ассамблеясының «Орталық Азия мен Ауғанстан үшін Орнықты даму мақсаттарына қол жеткізу жөніндегі БҰҰ өңірлік орталығы» туралы қарарын бірлесіп жазғаны үшін ризашылығын білдірді.

Сонымен қатар тараптар Қазақстан мен Сьерра-Леоне арасындағы ынтымақтастықтың перспективалық бағыттарына назар аударып, сауда-экономикалық байланыстардың әлеуетін толық пайдалану мәселесін талқылады. Осы орайда Орта дәліз ретінде белгілі Транскаспий халықаралық көлік маршрутының мүмкіндіктері туралы сөз болды.

Сұхбат кезінде тау-кен өндірісі, пайдалы қазбаларды өндіру, білім беру, ауыл шаруашылығы, ақпараттық технологиялар және цифрландыру салаларындағы бірлескен жобаларды іске асыру мәселелеріне де мән берілді.

Одан бөлек, 17-18 қыркүйекте Астанада өтетін «Діндер диалогі: болашақ жолындағы синергия» тақырыбына арналған Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VIII съезі және рухани дипломатия мәселелері әңгімеге арқау болды.