Кинодағы Төлеген мен Жібек өмірде де қол ұстасып, шаңырақ көтерді. Биыл Құман Тастанбековтің туғанына – 80 жыл. Осыған орай aiqyn-ның «Аға буын & Z ұрпақ» жобасына Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Меруерт Өтекешова қонаққа келді. Жас буын актрисаның өмір жолы, шығармашылығы мен толғанысы, Құман Тастанбековтің естеліктері жайлы сұрақтарына жауап алды.
Айзере АМАНГЕЛДІҚЫЗЫ: «Қыз Жібек» фильмі жарыққа шыққан кезде сіз небәрі 17 жаста едіңіз. Кинодан кейінгі өміріңіз қалай өзгерді? Жас қызға бүкіл Кеңес Одағына танымал болу қиын соқпады ма?
– Сіздер сияқты мен де мектепте оқыдым. Сендер қазір 11-сыныпты бітірсеңдер, біз ол кезде мектепте 10 сынып оқитынбыз. Мектеп бітіргеннен кейін «Қыз Жібек» фильмінің кастингіне қатыстым. 1968 жылдың 1 қаңтарында «Лениншіл жас» газетіне Ғ.Мүсірепов сценарийінің үзіндісін жарияларда жазылған алғы сөзде студия атынан газет оқырмандарына өтініш-тілек айтылған еді. «Осы Жібек рөліне түсуге лайықты-ау деген қыздардың суреттері мен аты-жөнін жазып, «Қазақфильм» киностудиясына жолдаңыздар» деген болатын. Соған орай студияға аз уақыттың ішінде 400-ге жуық хат келіп түседі. Олардың ішінен 40-қа жуығы іріктеліп алынды да, олардың 15-ін киноға түсіріп көруге Алматыға шақырылады. Ол кезде киноның қалай түсірілетінін білсем де, басты рөлде ойнаймын деп ойлаған жоқпын. Себебі актриса болу үшін талант керек. Қазір Қазақ ұлттық өнер университетінде сабақ беремін. Біз студенттерге 4 жыл білім береміз, мамандықтың қыр-сырын үйретеміз. Ал ол кезде маған ешкім актриса болуды үйреткен жоқ. Түсірілім кезінде де ондай сөз көп болған жоқ. «Қыз Жібек» киносына ең мықты әртістермен бірге түстім. Тек Құман ағаларың 3-курстың студенті еді. Бірақ ол кісі киноны қалай түсіретінін, рөлді қалай сомдайтынын білді. Талантының арқасында Төлегеннің рөліне бірден өтті. Ал небәрі 16 жастағы мен үшін Қыз Жібектің рөлін ойнау қорқынышты болды. Себебі Әнуар Молдабеков, Фарида Шәріпова, Ыдырыс Ноғайбаев, Гүлфайрус Ысмайлова, Асанәлі Әшімов сияқты біртуар азаматтармен бір алаңда жұмыс істедік. Жалпы, әртістердің көбісі М.Әуезов театрынан еді. Киноның режиссері Сұлтан Қожықов өз ісінің нағыз маманы ғана емес, керемет адам еді. Ұлы Отан соғысына қатысқан ардагер болатын. Соғыс аяқталғаннан кейін Мәскеудегі институтқа киномотографияға оқуға түсіп, бітіргеннен кейін Алматыға келіп киностудияда жұмыс істеді. Киноның операторы – Асхат Ашрапов. Оператор болу, кадр түсіру өте қиын. Ол кезде кино камера да, қоятын жарықтар да көлемі үлкен, салмағы ауыр еді. Оған қарамастан, шығармашылық топ аянбай жұмыс істеп, жақсы фильм түсірді. Биыл белгілі күйші Нұрғиса Тілендиевтың 100 жылдығы тойланып жатыр. Атақты композитор «Қыз Жібек» киносына да атсалысты. Ал костюмдерді атақты суретші, Жібектің анасының рөлін ойнаған Гүлфайрус Ысмайлова тікті. Ал киноның сценарийін классик Ғабит Мүсірепов жазғанын бәріңіз білетін шығарсыздар. «Қыз Жібек» фильмі неге жақсы шықты? Себебі қазақ өнерінің ең мықты майталмандарының бәрі осы киноға қатысты. Олар тек «Қыз Жібекте» емес, қазақ өнерінде де із қалдырған. Кейін театр сахнасында «Ана – Жер-Ана» қойылымында Фарида Шәріпова әже рөлін ойнаса, мен келінін сомдадым. Кинодағы жолымды осындай азаматтармен бастаған, ең бақытты актрисамын. Кинодан кейін бір жылдан соң Құрманғазы атындағы Өнер институтына түстім. Сол кезде комиссия «Сен Қыз Жібекті ойнадың ғой» деп қараған жоқ. Барлық студенттер емтиханды қалай тапсырса, мен де солай тапсырдым. Кейбірі «Ой, оған жеңілдік жасаған шығар» деп ойласа ойлаған шығар. Бірақ шындық – осы. Кейін театрға жұмысқа тұру үшін де іріктеуден өттім. Содан бері 50 жылдан асты М.Әуезов театрында еңбек еттім. Қазір театрдағы замандас серіктестерім де азайды. Жалпы, «Қыз Жібек» киносынан тек Асанәлі Әшімов екеуміз ғана қалдық. Төлегеніміз де жүрек ауруынан кетті. Жүрек ауруына адам шыдамайды. Сондықтан жүректеріңді сақтаңдар.
Қазір арзан күлкі үшін түсірілген фильмдер көп
Ұлжан АМАНГЕЛДІҚЫЗЫ: Қыз Жібек рөлінен кейін актерлік мансабыңыз қалай өрбіді?
– Қыз Жібек фильмінен кейін төрт жыл Өнер академиясында оқығанымды жоғарыда айттым. Себебі білім алмасаң, ары қарай ешбір жер маман ретінде қабылдамайды. КСРО Халық әртісі Хадиша Бөкеева – менің ұстазым. Құман ағаңыз екеуміз де сол кісінің шәкірттеріміз. Құман аға оқу бітірген жылы, Хадиша Бөкееваның курсына мен оқуға түстім. Театрға келгендегі бірінші рөлім Шыңғыс Айтматовтың «Ана – Жер-Анасында» Әлиманың рөлінде ойнадым. Драмалық, психологиялық терең рөлдер ұнайды. Күлдіре отырып, ойландыратын комедия болса жақсы. Бірақ қазір арзан күлкі үшін түсірілген фильмдер көп. Сондай киноларды мәз болып көретіндерді түсінбеймін. Көпке топырақ шашпаймын, оның ішінде де жақсы кинолар бар. Бірақ олар саусақпен санарлық. Егер мен кинода Жібекті ойнасам, театрда М.Әуезовтің «Қарагөзінде» басты рөлді, «Еңлік-Кебегіндегі» Еңлікті, Т.Ахтановтың «Жоғалған досында» Ғайниді, Д.Исабековтің «Әпкесінде» Гауһарды, Ә.Әбішевтің «Кәусарында» Кәусарды, Н.Әбутәлиевтің «Өттің, дүниесінде» Ханшаны, А.Сүлейменовтің «Жетінші палатасында» Медбикені, Ғ.Мүсіреповтің «Амангелдісінде» Бануды, С.Мұқановтың «Мөлдір махаббатында» Бәтестің анасын сомдадым. Ол кезде театрда ойнаған рөлдеріме байланысты кейде 85 сом, кейде 100 сом алатынбыз. Сол заманда барлық қиындықтарға қарамастан осы ақшаға жақсы өмір сүрдік. Ал қазір жастар кішкене қиындыққа шыдамайды. Барлық қалаулары бірден орындалып кетсе деп ойлайды. Жалпы, сіздер театрға барасыздар ма? Қандай театрға бардыңыздар? Менің сіздерге айтарым, театрға барыңыздар. Себебі сахнада әртістер көз алдарыңызда өнер көрсетеді. Ал кино – пленкалық таспа. Түсірілімде 1 сахна 2-3 рет түсіріледі. Ал театр сахнасына шыққан актер өлсе де, тірілсе де 1-2 сағатта тірі өнер тудырады. Мен театрсыз тұра алмаймын. Астанада Музыкалық жас көрермен театры, Жастар театры, Қ.Қуанышбаев атындағы драма театры бар. Соған барып, актерлердің өнерін тамашалаңыздар. Театрға барған адам рухани демалып, шаршағанын ұмытады.
Актерлікті таңдаған жас өз өнерінің жанкүйері болуға тиіс
Аяна ӘБІЛДАШ: Меруерт апа, бізге алтын уақытыңызды бөліп, келгеніңізге рақмет! Актерлікті таңдаған жастарға қандай кеңес айтасыз? Балаларыңыз Құман Тастанбеков екеуіңіздің өнер жолыңызды жалғастырды ма?
– Қазіргі жастарға таңғаламын. Актерлікті таңдап келген талапкерден ең бірінші: «қандай спектакль көрдің?» – деп сұраймын. Ал ол: «мен театрға барып көрмедім», – дейді. Бірақ әртіс болғысы келеді. Екі ай бұрын алдыма не спектакль, не кино көрмейтін дәл осындай қыз келді. Мен жастарға қай сабақтан жақсы нәтиже көрсетсең, болашақта сол саланы таңда деп айтар едім. Қай саланы таңдасаң да, жауапкершілік керек. Тіпті, аула сыпырушы, аспаз болу үшін де талант керек. Сосын сол таңдаған мамандығыңды сүйе білуің қажет. Әсіресе, актерлікті таңдаған жас өз өнерінің жанкүйері болуға тиіс. Студенттердің арасында әлі өзін таппаған, осындай жандар көп. Мүмкін қазіргі ұрпақтың мінезі басқаша шығар. Ал мен жастайымнан киноны жақсы көрдім. Газетте жаңа шыққан кинолардың кестесі жарияланатын. Соны қарап, ерінбей кинотеатрларға жалғыз баратынмын. Ол заманда Болливудтың фильмдері, тарихи кинолар сұранысқа ие еді. Бір өкініштісі, құрбыларымның арасында өнерге жақыны болған жоқ. Сіздер мектеп бітіретін жастасыздар. Үлкен өмірге қадам басып, таңдау жасарда ата-ананың айтуымен емес, жүрек қалауымен мамандық таңдаңыздар. Кейде алдымызға келген талапкер ерекше талантты болса да, ҰБТ-дан алған балы төмен болып қалады. Ал кейде керісінше. Дегенмен өз өнерінің жанкүйері болып, актерлікті таңдаған кейбір жастар бірнеше рет ҰБТ тапсырып, грантқа түсіп жүр.
Құман аға екеуіміздің жолымызды үлкен қызым Жібек таңдады. Ол фортепианода ойнайды. Бірақ шет тілі институтын бітірген. Ағылшынша, французша біледі. Телеарнада көп жыл жұмыс істеді. Шетелге барғанда шарасыз қалмау үшін ағылшынша оқыңдар деп айтар едім. Біз 1982 жылы гастрольмен Францияға барғанда ештеңе сұрай алмай, шарасыз жүргеніміз есімде. Сондықтан қымбаттыларым, білім алудан, шет тілін үйренуден жалықпаңдар. Қыздарға айтарым, жұмыс істеуден де, тұрмысқа шығудан да, білім алудан да қорықпаңдар. Кейде ата-аналар баласына осы тақырыпты айтудан қорқады. Бірақ сендер бұл бойынша ашық сөйлесетін жасқа келдіңдер. Менің өнер жолын таңдауыма, Меруерт Өтекешова болып қалыптасуыма ата-анамның қосқан үлесі үлкен. Сондықтан ата-аналарыңды сыйлаңдар. Сендер қазір өз үйлеріңде жүріп ата-аналарыңның қадірін білмейсіңдер. Кейін студент болып, алысқа кеткен кезде әке-шешелеріңе күнде хабарласыңдар.
Алғашқы балам Жібек дүниеге келген кезде мен институттың соңғы курсында оқитынмын. Анам жұмыстан шығып, Жібекті қарады. Ал мен оқуымды аяқтап, театрмен гастрольге шықтым. Сосын ата-енем менің қолымда тұрды. Қазір мұны айтсам ешкім сенбейді. Құман аға: «Ата-анамыз біраз жасқа келді. Қолымызға алайық», – деп айтты. Мен жұмыс істеп жүріп, ата-енемнің де тамағын істеп үлгеретінмін. Осылай, тату-тәтті тұрдық. Қазір басқаша ойлаймын. Үлкен кісілерді ауылдан қалаға көшіру қажет емес. Себебі жасы ұлғайған шақта қалаға келген олардың баратын жері, көретін табиғаты жоқ. Қаладағы көпқабатты үйлерді «құстың ұясына» ұқсатамын. Сосын тар үйде жүрген олар аурушаң болады. Менің таңдауыма салса, ауылда өмір сүрер едім. Оқу бітірген соң жастардың ауылда жұмыс істегенін қалаймын.
Ауылда талантты жандар көп
Аруна МАҒАУИЯҚЫЗЫ: Биыл Құман Тастанбековтің туғанына 80 жыл толады. Құман ағай екеуіңіз «Қыз Жібек», «Біздің Ғани» фильмдеріне бірге түстіңіздер. Бір деректерде, Құман аға сізді алғаш көрген сәтте «Мынау нағыз Қыз Жібек қой» дегені айтылып жүр. Жалпы, екеуіңіз қалай таныстыңыздар?
– Құман аға өте талантты актер болды. Ол Талдықорған жақтағы Сарқан ауданы Екіаша ауылында туып-өскен. Анасы – қарапайым жұмысшы, атасы мен әкесі жылқышы болған. Ағасы мен қарындасы бар еді. Музыкалық мектепте білім алған. Талантты болғаны соншалық, баянда керемет ойнайтын. Құман аға өзі: «Ауылдың тойлары менсіз өтпейтін» деп айтып отыратын. Ауылда тұрса да, өте көп кітап оқыған. Екіашадан 12 жасқа толғанда ғана бірінші рет шығып, Сарқанды көріпті. Өйткені Құман аға 1945 жылы соғыс аяқталған кезде дүниеге келген. Бала кезінен көп қиыншылық көреді. Талант адамның қалада, яки ауылда өмір сүргеніне қарамайды. Дарынды адам қай жерде жүрсе де, бір күні жарып шығады. Ауылда талантты жандар көп. Құман екеуміз бүкіл Қазақстанның ауылдарын аралағанбыз. Ол 20 жасында Алматыға оқуға келді. Себебі анасы: «Сен бізді асырайсың. Ешқайда бармайсың. Ауылда жұмыс істе!» – деп айтып отырыпты. Содан тек 20 жасында анасынан рұқсат алып, Алматыға театр факультетіне оқуға түседі. Өте сымбатты жігіт болды. Қазір Құман аға сияқты көрікті жігіт жоқ. Менің әкем де ұзын бойлы, тұлғалы, тартымды еді. Берлинге дейін жеткен соғыстың ардагері болатын. Германияда бір жыл офицер ретінде жұмыс та істепті. Осылайша, Құман аға 3-курста іріктеуден өтіп, Төлегенді ойнады. Сосын ары қарай Ғаниды сомдады. Киноға да көп түсті. Театрда да Шоқан Уәлиханов сияқты терең рөлдерді ойнады. Құман аға туралы көп айтуға болады. Екі қызымның түрі де, музыкаға бейімділігі де әкелеріне тартқан.
«Қыз Жібектің» кейбір кадрларын жариялауға рұқсат бермеген
Айзат СОВЕТ: «Қыз Жібектің» жалғасы түсірілді деп айтады ғой. Шынымен де, киноның екінші бөлімі болды ма?
– Жоқ, фильмнің жалғасы түсірілген жоқ. Тек Сұлтан Қожықов Жібектің суға батып бара жатқанын, отауына барып қоштасқанын түсірген. Ол пленкада бар. Жоңғарлардың келгенін де киноға таспалаған. Бірақ оны жариялауға жоғарыдағылар рұқсат берген жоқ. Жалпы, «Қыз Жібек» 1 ғана серия болу керек еді. Бірақ біз 2 серия түсірдік. Мен мұны басында білген жоқпын. Кейін білдім.
Нұрсая СӘРСЕНҒАЛИ: Қазір неге «Қыз Жібек» сияқты бірегей туындылар аз? Өзіңіз қазіргі қазақ киносын көресіз бе?
– «Қыз Жібекті» тек махаббат туралы фильм деп айтуға болмайды. Жібектің мінезі Мәншүк пен Әлиядай болған. Айталық, естеріңізде болса, Төлеген мен Бекежан жекпе-жекке шыққалы жатқанда, қазақ жігіттері бір-бірін өлтірмесін деп ішкі көйлекпен жүгіреді. Ол заманда ондай киіммен сыртқа шығу қазақ қыздары үшін ұят болған. Одан кейін өз шашымен көзін байлап, екі жебенің бірін таңдайды. Былай қарасаңыз, бұл да Жібектің батырлығы. Себебі ол тағдырын өзі шешпей, таңдауға салды. Сол жерде Төлегеннің емес, Бекежанның жебесін таңдауы да мүмкін еді. Осылай кинода қазақ қыздарының қайсарлығын көрсетеді. «Қыз Жібек» тек Қазақстанға танымал болған жоқ. Фильмді шетелдер де сатып алып жатты. Осы арқылы әлем елдері қазақтың мәдениетімен, салт-дәстүрімен танысты. Өзім де «Қыз Жібекті» қайталап жүз рет көрдім. Фильм жайлы әлі де ұзақ айтуға болады. Кинотанушылар да «Қыз Жібекті» елу жылдан асса да, неге халық жалықпай көреді?» деп айтып жүр. Зерттеп жатқандар да баршылық. Менің ойымша, оның бір ғана сыры – киноның тәрбиелік мәнінің жоғарылығында. Қазір махаббат туралы қазақ кинолар көп, бірақ «Қыз Жібек» сияқты тарихи мәні бар ой салар туындылар жоқ.
Бақдәулет РОМАНҰЛЫ: Апай, «Төлеген мен Бекежан жекпе-жекке шығар кезде көзіңізді шашпен байладым» дейсіз. Сол шаш өзіңіздікі ме?
– Иә, кинодағы көзімді байлаған шаш – өзімдікі. Ол кезде қазіргідей шаш қиып, оған неше түрлі бояу жақпайтынбыз. Сондықтан барлық қыздың шашы ұзын болды. Бүгінгі жастардың ұзын шашын жайып жүретін модасын түсінбеймін. Қыздар, шаштарыңды жалбыратып жүрмеңдер. Университеттегі студенттеріме де үнемі ескертіп жүремін. Қазір неше түрлі шашты жинап қоятын, қыстырғыштар мен әшекейлер бар.
Трюктердің барлығын Құман өзі жасады
Бақдәулет РОМАНҰЛЫ: «Қыз Жібек» киносында сіздің ат мініп жүрген сәттеріңіз де бар. Атқа бұрыннан мінетін бе едіңіз? Әлде кино үшін арнайы үйрендіңіз бе?
– Құман ағамыз ауылдың баласы болғаннан кейін атқа мінуге еш қиналған жоқ. Төлегеннің аттан секіретін, құлайтын трюктерінің барлығын өзі жасады. Ал мен қаланың қызы болғаннан кейін атқа мінуді білмедім. Кастингтен өткен соң 2 айдың ішінде Кәрім аға маған атқа отыруды үйретті. Күнде жаттығуға баратынмын. Есіңізде болса, Жібектің мінетін аты – арабтікі. Олар бір орында қозғалмай тұрмайды. Аяқтарын тебініп, жерді тарпып тұрады. Мен кинода сол жылқыларға еркін мініп жүрдім. Қазір де атқа отыр десеңіздер, отырар едім.
Айдана СТАЛБЕК: Сізді киноға Абайдың шөбересі Ғазел Жағыпарқызы алып келгені рас па?
– Мен киностудияға барған кезде мені ең бірінші Ғазел Жағыпарқызы қабылдады. Кейін суретке түсірді. Еліміздің түкпір-түкпірінен ең сұлу қыздар кастингке жиналған еді. «Өтпейтін шығармын» деген қорқыныш болды. Бірақ Ғазел апай менің қолымнан ұстап: «жүр кеттік», – деп комиссияның алдына апарды. Дайындалып, жаттап барғандарымның бәрін оқып бердім. Кейін режиссерлердің рөлге мені таңдағанын естідім.
Аяна ӘБІЛДАШ: Серік Жармұхамедовтің «Өтелмеген парызынан» кейін киноға түстіңіз бе?
– Иә, одан кейін де көп киноға түстім. Жарнама жасалмағаннан кейін көрмейтін шығарсыңдар. Хабарда «Жаным» деген телесериалда басты рөлде ойнадым. Асанәлі ағамыздың «Шоқан» фильмінде Шоқанның анасын, «Аждаһа жылында» қытай әйелін ойнадым. Ресейдің, Қырғызстанның киноларына да түстім. Рөлдерімді бөліп жармаймын.
Аруна МАҒАУИЯҚЫЗЫ: Киноға да түсіп, сабақ та беріп жүрсіз. Барлығына бірдей уақытыңыз жете ме?
– Қазір театрда ойнамаймын. Себебі барлық спектакль жастарға арналған. Киноға жиі шақырса да, түспеймін. Өйткені кейбір фильмдердің сценарийі маған ұнамайды. Сосын киноға түсу үшін көп уақыт керек. Шынымды айтсам, жасы келген әжелердің де рөлін ойнағым келмейді.
Кітап шығарамын деген мақсатыма жете алмай жүрмін
Айым ДEУРЕНБЕК: «Құман ағаның арманы – кітап, фотоальбом шығару еді» деп осыдан екі жыл бұрынғы сұхбатыңызда айтыпсыз. Ағаның сол армандарын орындай алдыңыз ба?
– Құман аға екеуіміздің арманымыз көп еді. «Қыз Жібек» жайлы деректі фильм түсіріп қойдық. Ұзақтығы – бір жарым сағат. Оны жастарға арнап түсірдік. Олжас Сүлейменов, Мұрат Әуезов, Роза Мұқанова сияқты тұлғалар кино жайлы пікірлерін айтады. Бірақ деректі фильмді әлі жарияламадық. Мүмкін күзге қарай шығаратын шығармыз. Ал кітап дайын тұр. Алайда оны шығару үшін ақша керек. Өкінішке қарай, кітап шығарамын деген мақсатыма жете алмай жүрмін. Биыл Құман Тастанбековтің 80 жылдығына орай қайтсем де кітапты шығарамын деп отырмын. Алматыда, Талдықорғанда, Ақтөбеде, Астанадағы Қазақ ұлттық өнер университетінде Құман ағаның 80 жылдығына арналған кеш өтеді. Болашақта фотоальбом да шығару ойымда бар. Себебі кітап – өшпейтін тарих. Кітапхана мен мұражайдың бір бұрышында тұрса, жастар әйтеуір қызығып қарар еді. Құман аға екеуміз үйімізге көп кітап жинадық. Кейін үйіміздегі кітапхананың біраз бөлігін Алматыдағы ұлттық кітапханаға, өнер университеттеріне өткіздім.
– Әңгімеңізге рақмет!
Дайындаған Көктем ҚАРҚЫН