Келесі жылы «самосвалдардың» ортақ автомобиль жолдарына шығуына, сондай-ақ кез келген көшелермен қозғалуына қатаң тыйым күшіне енеді.
Жолға түскен жүк ауыр
293
оқылды

Енді бұл көлік түрлерімен әкелінген жүкті қабылдаған бизнес нысандарына айыппұл салынбақ. Мұның сыртында, шектен тыс жүк артқан көлік иелері жазалануы мүмкін. Оны болдырмас үшін барлық жүк көлігі, фуралар кез келген жүкті тиемес бұрын жүк иесінен онысын өлшегені туралы сертификат алуы қажет. Қазақстан мұндай тосын қадамға неге барып отыр?

Жер астын қазушылардың жерүсті проблемасы

«Алдағы 2026 жылы жалпы пайдаланымдағы автомобиль жолдарында және барлық елді мекеннің көшелерінде рұқсат етіл­ген салмақтан асатын самосвалдардың қозғалысына түбе­гейлі тыйым қолданысқа енгізіледі. Бұл тыйым бұрын­дары қабылданған «Кейбір заң­намалық актілерге көлік және жер қойнауын пайдалану мәсе­лелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңын­да қарастырылған», – деп хабарлады Көлік министрлігі. 

Сөз болып отырған заң 2022 жылғы 29 желтоқсанда қа­был­данып, өмір­ге жолдама алған болатын. Онда самосвалға «Жүктерді өзі ау­дар­ғыш» деген айқындама беріледі. 

«38-2-бап. Рұқсат етілген ең жоғары мас­­сасы Қазақстан заң­намасында бел­гі­лен­ген автокөлік құралының жол бері­летін жал­пы массасынан асатын жүктерді өзі ау­дарғыш ав­томобильмен Қазақстанның жал­пыға ортақ пайда­ланы­ла­тын ав­то­мо­биль жолдарымен және елді мекендерінің кө­­шелерімен тасымалдауға жол беріл­мейді», – деп жазылған сол заңда. Со­ны­мен бірге онда аталған тыйымның «қол­да­ны­сы 2026 жылғы 1 қаңтарға дейін тоқ­­­татыла тұрсын» деп жа­зылған. Осы өт­пелі кезең түгесілуге таяды. 

Көлік министрлігі жаңа тыйымды жүзеге асыруға әзір­леніп жатыр. Осы мақсатта ол «Кейбір заңнамалық акті­лерге жо­лау­шы­ларды автомобильмен та­сымалдау саласындағы кейбір мем­лекеттік фун­­­­кцияларды міндетті мүшелікке (қа­ты­­суға) негізделген өзін-өзі реттеуге беру мә­селелері бойын­ша өзгерістер енгізу ту­ралы» жаңа заң жобасын әзірледі. 

Онда жүктерді өзі аударғыш ма­ши­на­ларды, жалпы алған­да, салмағы рұқсат еті­­летін шамадан асатын кез келген кө­лікті қа­лалар мен ауылдардағы кәсіпкерлерге, мем­лекеттік жә­не жеке ұйымдарға, сон­дай-ақ жер қойнауын пай­да­ланушыларға – кен орнынан тыс жерде пайдалануына жол бермеу ұсынылған.  

Осы орайда қолданыстағы «Жер қой­науы және жер қой­науын пайдалану ту­ралы» заңына да өзгерістер енгізіледі. Нә­­­­ти­жесінде, қазақ жерінің асты-үстінен қа­зына-байлығын қазып-көсіп алып жат­қан өндірушілердің жаңа міндеттемесі бе­кі­тіледі. Оған сәйкес, егер қандай да бір ком­пания аталған тыйым­ның талаптарын бір жыл ішінде 2 рет бұзса, оның жер қой­науын пайдалануға арналған келісімшарты қол­даныс мерзімінен бұрын тоқтатылады жә­не қатты пайдалы қазбаларды өндіруге арналған лицензиясы кері қайтарып алы­нады.

Жол үстіне шыбын қондырмайды

Бұдан бөлек, жаңа заң жобасында жүк жөнелтушілердің жауапкершілігі күшей­тіледі.

– Бұған не себеп? Салмақтық шек­теу­лерді бұзуға көбінесе жүк жөнелтушілер жол береді, олар көлікке нормативтен ар­тық жүк тиеп жібереді. Қазіргі уақытта жүк жөнелтуші ешқандай жазаға тар­тыл­майды және көп жағдайда тасымалдаушыға жүк­тің шын салмағы туралы қасақана жал­ған ақпарат береді. Артық тиеу фактісі тек жүк тасымалдаушының көлігі таразы ба­қ­ылауынан өткенде әшкереленіп жатады. Салдарынан, негізінен жүк та­сымал­даушылар жазаланады, – деді Көлік министрлігінің сарапшылары. 

Сондықтан келесі жылдан бастап, бар­лық тасымалдаушы жүк иесінен тауардың жүк­құжатын, жүк тасымалдары үшiн қа­жеттi өзге де құжаттарды, соның ішінде сер­тификатты талап етуге тиіс болады. 

– Жүк жөнелтуші тиеп жібермес бұ­рын, өзінің жүгін өлшеуге, жүк көлігін плом­балауға және машина жүргізушісіне сал­мақ өлшеудің жүргізілгені туралы сер­тификат беруге міндетті болады. Ал са­мосвалдар жағдайына келсек, олардың тіпті еш жүк артусыз-ақ, төл салмағы 12 тон­надан артық. Сол себепті олардың жал­пы пайдаланымдағы автожолдармен және көшелермен қозғалуына толығымен тыйым салынады. Сондай-ақ жүк жөнел­туші­лер төл салмағы 12 тоннадан асып тү­се­тін көліктерге жүк артуға жол бермеуге мін­деттеледі, – деп түсіндірді министр­лік­те­гілер. 

Олардың айтуынша, жаңа заң жо­ба­сындағы түзетулер жүк жөнелту­ші­лерді, тасымалдаушыларды және жүк алу­шыларды міндеттеме жөнінен өзара теңес­тіреді. Бұл барлық қатысушы тарапты тәр­тіпке салуға мүмкіндік береді. 

Қазақстан неге мұндай тосын, шетін қа­дамға барып отыр? Көлік министрлігінің мә­ліметінше, ауыр жүк көліктерінің жүрі­сі­не тосқауыл қою – елдегі автожолдарды қа­нағаттанарлық жағдайда сақтау үшін қажет.

«Өйткені шамадан тыс ауыр жүк кө­лік­тері, әсіресе карьерлік самосвалдар асфа­льт­ты езіп, илеп тастайды, бетонның жыл­дам қарқынмен тозуына соқтырады. Ав­тожолдар шұрық тесік болып, жарылып ке­теді. Жол инфрақұрылымына елеулі за­лал келтіруі мүмкін. Бюджет мүмкіндіктері шек­телген жағдайда жаңа жолдарды салу, сон­дай-ақ қолданыстағы жолдарды жөн­деу, жол инфрақұрылымына қызмет көр­сету қиындайды. Мұның бәрі бюджет шы­ғыстарының өсуіне соқтырады», – деді ми­нистрлік сарапшылары. 

Ендеше мемлекет бұл тыйымға мәж­бүрліктен барып отырған көрінеді. Мысалы, бір ғана Астанада – айналасында ірі кен орындары жоқ қаланың өзінде тек бір ай ішінде 280 жүк көлігінің жүргізушісі салмақ нормасын бұзған! Оларға салынған айыппұлдың жалпы сомасы 100 миллион теңгеден асты. Жүк тасымалдайтын ком­па­нияларға хаттама жіберілді.

Жол тозбаса, ел азбайды

Айта кету керек, тіпті дамыған елдердің өзі жол инфрақұрылымын сақтау үшін сал­мақтық шектеулерді бұзуға жол бер­мейді. Мәселен, АҚШ-та жүк жө­нел­ту­ші­лер ең жоғарғы салмақ шектеулерін сақ­та­мағаны үшін айыппұлмен жазаланады, тіпті көлігі тәркіленуі мүмкін. Айыппұл көлемі әр штатта әртүрлі. Жүк салмағы шек­теуден шамалы, айталық, рұқсат етіл­ген салмақтан 10%-ға дейін асса, онда айып­пұл 200-500 доллар көлемін құрауы мүм­кін. Ал айтарлықтай артса, әсіресе 20%-дан асып түссе, айыппұл көлемі 1 000 дол­лар және одан жоғары болмақ. 

Қазақстан жағдайына келсек, бүкіл елі­міз­де былтырдан көліктік бақылау кү­шейтіліп жатыр. Астанаға кіретін барлық жүк­ көлігі автоматты түрде өлшеуден өтеді. Осы орайда былтырғы қыркүйектен бас­тап, елорданың негізгі кіреберістерінде жол сапасын қамтамасыз ету мақсатында ауыр жүк көліктерінің салмағын өлшейтін автоматтандырылған жүйелер іске қосыл­ды. 

– Инертті жүкті тасымалдайтын әрбір үшін­ші самосвал жүргізушісі рұқсат етіл­ген норманы сақтамай, нормадан тыс жүк тасымалдап жүр. Ауыр жүк көліктеріне тиел­ген жүк нормадан 2-3 есе асып түседі. Рұқ­сат етілген норма 25 тонна болса, іс жү­зінде 40-60 тонна тасымалданады. Біз жүк көлігі жүргізушілерін және барлық та­сымалдаушыларды рұқсат етілген сал­мақ нормаларын қатаң сақтауға ша­қы­ра­мыз. Негізгі міндет – жолдардың мер­зі­мі­нен бұрын тозуын болдырмау, – деді Ав­то­мобиль көлігі және көліктік бақылау ко­митетінің қызметкерлері.

Бүгінде жолдардағы салмақты бақы­лау автоматтандырылған режимде жүргізіледі. Автоматты салмақ өлшеу жүйе­лері (АСЖ) негізінен, қалаларға кіре­беріс­тегі жолдарда орнатылған. 2013 жыл­дан бастап қазіргі уақытқа дейін рес­пуб­ли­калық маңызы бар автожолдарда 25 бір­лік АСЖ жұмыс істейді. 

Сондай-ақ Премьер-Министрдің бірін­ші орынбасары Роман Склярдың тап­сырмасы бойынша, жергілікті және рес­публикалық маңызы бар жалпыға ор­тақ пайдаланылатын автомобиль жол­да­рында 220 бірлік автоматты салмақ өлшеу жүйесін орнату жоспарланып отыр.

Автоматты салмақ өлшеу жүйелерінде тір­келген мәліметтер Тасымал монито­рин­гінің динамикасы мен көліктік дерек­тер базасының ақпараттық-талдау жүйе­сіне келіп түседі. Соның негізінде Көлік ко­митеті талап бұзған жүргізушілерге сал­мақ-габариттік параметрлерден асып түс­кені туралы хабарлама жолдайды. 

Жолдар – ел экономикасының кү­ре­та­мыры, өңірлерімізді өзара бай­ла­ныс­тырып, елдің бүтіндігін, жердің тұтастығын қам­тамасыз етуге үлес қосатын инфра­құры­лым. Қазақтың ұлан-байтақ дала­сында дәл осы жолдардың айналасында үнемі тіршілік қыз-қыз қайнайды. Қазақ­стан­ның Еуропа мен Азияның эконо­ми­калық мүдделерін біріктіретін көлік ха­бы­на айналуы да жолдардың дұрыс бол­уына тіке­лей байланысты. Ендеше жолдарды тоз­дырмай, жақсы күйде сақтау – кез кел­ген мемлекеттің стратегиялық міндеті бол­са керек.

Елдос СЕНБАЙ