2025 жылдың қаңтарында Алматыда фристайлдан жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионаты өтті. Қазақстан құрамасы сәтті өнер көрсетіп, могул мен шаңғы акробатикасында бірнеше медаль жеңіп алды. Акробатикадан чемпионатта ерекше көзге түсіп, дүйім жұртты бір таңғалдырған Дінмұхаммед Райымқұлов болды. Ол осы спорт түрінен жасөспірімдер арасында алтын медаль жеңіп алған тұңғыш қазақстандық атанды.
Осы маусымда көптің аузында жүрген Азия ойындарында да біршама елеулі биіктерді еңсердік. Харбиннен бұрын команда «Шымбұлақ» тау-шаңғы курортында оқу-жаттығу жиындарын өткізген бола-тұғын. Әдетте мұндай жиындар спортшылардың техникалық шеберлігін жетілдіруге және физикалық дайындығын арттыруға бағытталады. Тыңғылықты дайындық өз нәтижесін бергендей болды.
Команда Қытайға фаворит ретінде барған жоқ. Себебі фристайлдан әлемдік көшбасшылар – қытайлықтар, сол себепті сарапшылар жүлделердің басым бөлігін осы елдің спортшылары алады деп болжаған еді. Алайда нәтижесінде қазақстандық атлеттер нағыз ерлік жасай білді.
Харбинде көптеген көшбасшы ауыр жарақаттардан кейін өнер көрсетті. Тіпті, Ардана Маханова Ябули баурайында сынған қолымен жарысқа шықты. Жанкештілігінің арқасында қоржынымыз медальға толды. Жалпы құрама төрт жүлде жеңіп алған болатын. Олар ерлер мен әйелдер арасындағы синхронды секірулерде, әйелдер арасындағы жекелей сын және аралас командалық жарыста жүлдеге ілікті.
«Мен жарақатпен шықтым, бірақ бұл туралы тек менің командам білді. Командаластарым мен бапкерлерім қолдау көрсетті, сол үшін оларға алғысым шексіз. Қолым үшін қатты уайымдадым, бірақ жарысқа шығар алдында бар ойымды жақсы нәтижеге бағыттауға тырыстым.
Бұл мен үшін ерлік емес, керісінше, өзімді сынау еді. Қиын болатынын білдім, бірақ команданың және бапкерлердің қолдауының арқасында бар назарымды жарысқа бұра алдық», – деді спортшы қыз жарыстан кейін.
Маусымның ең жарқын оқиғасы ретінде Шерзод Хаширбаев пен Роман Ивановтың жеңісін түртіп өтсек болады. Тарихты қайта жазған екеуі шиеленісті бәсекеде Қытайды артта қалдырып, ерлер арасындағы синхронды секіруде бірінші орын алды. Олар Қазақстан құрамасының қоржынына фристайл-акробатикадан Азия ойындарындағы алғашқы алтын медальді салып, тарихты жаңартты.
Аяна Жолдас үш мәрте жеңіс тұғырына көтерілді. Ол жекелей жарыста және Ардана Махановамен бірге синхронды секіруде үшінші, ал командалық есепте күміс жүлдеге ие болды. Соңғы дисциплинада Хаширбаев пен Асан Асылхан да жүлдегерлер қатарынан көрінді.
Өкінішке қарай, Азия ойындарындағы жетістіктен кейін жеңісті жолды жалғастыруға мүмкіндік болмады. Маусымның қалған халықаралық жарыстарында түрлі себепке байланысты Қазақстан командасы жүлдеге іліге алмады.
Сонымен қатар құрама көшбасшыларының бірі – Жанбота Алдабергенова спорттық мансабын аяқтағанын жариялады. Ол үш Олимпиада ойындарына, сегіз әлем чемпионатына қатысып, әртүрлі жарыста 14 алтын медаль жеңіп алды. Бұл шешім жарақат пен ұзақ оңалту кезеңіне байланысты қабылданған. Оның Қазақстандағы фристайлдың дамуына қосқан үлесін асыра бағаласақ артық емес. Енді ол командада жаңа буынға бағыт-бағдар беретін тәлімгер рөлін атқаруы мүмкін.
– Өкінішке қарай, Олимпиадада медаль иелене алмадым. Демек, бұл менің маңдайыма жазылмаған екен. Дегенмен еліміздегі фристайл спорты үшін әлі ешкім қол жеткізбеген нәтижеге жеткеніме қуаныштымын. Бізде болашақта Олимпиада чемпионы болатынына сенемін, – деп пікір білдірді Алдабергенова.
Құрама жас спортшылардың сапалы дайындығын қамтамасыз ету секілді бірқатар қиындыққа тап болып отыр. Дегенмен жастарды дамытуға бағытталған жұмыс өз нәтижесін бере бастады. Жас Асан Асылхан қазірдің өзінде негізгі құрамда өнер көрсетуде. Ол Азия ойындарындағы жетістікке өз үлесін қосты және халықаралық аренада да жақсы нәтижелер көрсетіп жүр.
Акробаттар маусымды жағымды нәтижемен аяқтады. Дінмұхаммед Райымқұлов Швейцарияда өткен Еуропа кубогында алтын және күміс медаль жеңіп алып, қанжығасын майлады.
Жалпы, құраманың жақын арада жарқ ете қалатындай әлеуеті зор. Қиын элементтерді меңгеріп жатыр. Сонымен қатар жеңіске деген жігер бар, әр спортшы медаль алуға ұмтылуда, ал бапкерлер құрамы жаттығу барысын сауатты түрде ұйымдастырып отыр.
Өткен маусым жаңару мен өсу кезеңі болды деуге негіз бар. Қазақстан құрамасы Азиядағы үздік командалардың қатарында қалумен ғана шектелмей, өз дамуында жаңа кезеңге аяқ басуда. Келесі қадам маңызды болмақ. Себебі алда 2026 жылғы Олимпиада бар. Әуеде қалықтаған спортшыларымыз үшін ендігі кезек жолдамаларды сарапқа салып, өздерін жаңа қырынан көрсету қалды.
Әсет ҚАЛИ