Ең қиыны, әлі күнге бұл ауруды емдейтін дәрі-дәрмек жоқ.
Әлемде 10 миллион адам паркинсон ауруына шалдыққан
Фото: интернеттен алынды
337
оқылды

Бірақ жаһан ғалымдары кеселдің белгілерін алдын ала анықтап, науқастың өмір салтын жеңілдететін түрлі әдіс-тәсілдерді ойлап тауып жатыр.  Айта кетейік, бүгін  Дүниежүзілік паркинсон ауруымен күрес күні.  Паркинсонға көп жағдайда 60-ты алқымдаған қариялар шалдығатын еді. Қазір 50-ді еңсермеген орта жастағылар да сырқаттың зардабын тартып отыр. Белгілісі, олардың дені – ер адамдар.

Паркинсон өмірді қысқартады

Кейінгі жылдары әлем халқының 43 пайызы, яғни 3,4 миллиард адам жүйке жүйесі ауруына шалдыққан. Кеселдің құрбаны болғандары да көп. Олардың дені – паркинсон сырқаты бар науқастар. Lancet журналында жарияланған зерттеуде осылай делінген. Ондағы деректерге сәйкес, паркинсон науқасты мүгедектік етіп, мұның соңы ерте өлімге әкелуі мүмкін. Ғалымдар 1990 жылдан 2021 жылға дейін неврологиялық аурудан мүгедектік және ерте өлім деңгейі 18 пайызға артқанын анықтады.  

Паркинсон ағзада жасырын өмір сүреді

Әлем бойынша альцгеймерден кейін ең көп тараған неврологиялық кесел – паркинсон. Нақты себебін табу өте қиын. Дерт дереу асқынып, клиникалық белгілері байқала бастаған кезде ғана анықталады. Негізі кесел іш қату мен ұйқысыздықтан басталып, бұл процесс 20 жылға дейін жалғасуы мүмкін. Мұнан соң ақыл-ойдың бұзылуы мен бұлшық еттің әлсіреуі байқалады. Кей зерттеулер науқастардың микроағзасында өзгерістер болатынын көрсетті.  

Аустралия паркинсонға қарсы препарат әзірлеп жатыр

Іш қату байқалса, дереу дәрігерге көріну қажет. Өйткені паркинсон дерті мидағы жүйке талшықтарын емес, алдымен ішекті зақымдайды. Ал ішегі қабынған адамның дофамин өндіретін ми нейрондары істен шығады. Аустралиялық ғалымдар жүргізген кейінгі зерттеуінде осындай тоқтамға келді. Сол себепті дерті дендеген адамның алдымен ішек жолдарын емдеу қажет. Қазір жергілікті Квинсленд университетінің зерттеушілері паркинсонға шалдыққан науқастардың ішек бактериясына қарсы препарат әзірлеп жатыр. Олардың айтуынша, кәдімгі емдеу терапиясы мидағы дофамин мөлшерін арттыратын препаратты қолдану арқылы жүргізіледі. Бұл кей науқастарда сырқаттың әсерін жеңілдетуге көмектескенімен, даму қарқынын баяулатпайды. Ал жаңа емдеу әдісі дерттің дамуын бәсеңдетіп, тіпті толық жоюы мүмкін.  

Аутоиммунды ауруға қарсы препарат паркинсонды емдейді

Аутоиммунды ауруға қарсы қолданылатын препарат паркинсонды да емдей алады. Испан ғалымдарының кейінгі зерттеуі осыны айғақтап отыр. Олардың сөзіне қарағанда, бұл дәрінің паркинсон сырқатының дамуына әсер ететін ми жасушасы мен астроциттің қызметін шектеуге қауқары жетеді. Астроцит зат алмасу қызметін атқарады. Паркинсон кезінде зат алмасу процесі бұзылып, ол жүйке жүйесі талшықтарын біртіндеп өлтіреді. Әлгі айтқан дәрі бұл дамуды тежеп, паркинсонның пайда болуына қарсы күреседі.  

Токсикалық заттар паркинсон ауруын туғызады

Айналамыздың ластануы, ауаға таралған зиянды заттар паркинсон сырқатын туғызуы мүмкін. Америкадағы Рочестер университетінің ғалымдары осылай дейді. Олардың айтуынша, ауа арқылы ми жасушасы мен ағзаға түскен токсиндер паркинсонға әкеледі. Сондай-ақ пестицидтер мен химиялық тазартқыштарды пайдалану салдарынан сырқат сыр бермей басталады. Сөйтіп, жылдар бойы ағзаға түзілген улы заттар жасырын тұрған дертті бір-ақ сәтте жарыққа шығарады. «Мұның алдын алу үшін токсикалық заттардың күнделікті тұтынатын азық-түлік пен ауызсуда бар-жоғын қатаң бақылау қажет», – дейді зерттеушілер. Солай әрекет ету арқылы улы заттардың әсерін төмендетуге болады.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.