Қазіргі қазақ енелерінің басты проблемасы – білімсіздік пен менмендік. Жас келінмен бір толқында болмай, заман талабына ілесуге, көп оқып, ізденуге талпынбауы ененің беделін түсіруден бөлек, отбасындағы ауызбірлікті бұзады. Бұл туралы екі келінімен бірге тұрып келе жатқан ене Қанымжан Көлбаева айтты,-деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
«Шыны керек, қазіргі қоғам біз бұрын ұят санап, отбасы, ошақ қасында шешетін мәселелерді ашық айтудан, жанұядағы кикілжіңдерді, ене мен келін арасындағы дау-дамайды желіге салып, көптің талқысына салудан арланбайтын болды. Бұл – жақсы құбылыс емес. Бұл біздегі отбасы институтының ақсап жатқанын көрсетеді. Ал бала мен келіннің, жалпы әулеттің татулығын ұстайтын кім? Ене! Демек, біздің қазіргі енелерде проблема бар. Әсіресе, жас келінге бірден өзінің үстемдігін көрсетіп, өзінің өмір көргенін алға тартып, билеп-төстеуге ұмтылатын енелер көп», - дейді Қанымжан ханым.
Екі келінімен тату-тәтті тұрып жатқан ол жанұяның бірлігін сақтап қалудың ең басты жолы – енелердің дана, ақылды, ең маңыздысы – білімді болуынан деп есептейді.
«Енелерге айтарым бір-ақ нәрсе. Оқыңыздар, білім алыңыздар! «Көп көргеннен емес, көп білгеннен сұра» деп айтқан қазақпыз. Заманына қарай адамы дегендей, қазіргі келіндер өте зерек, білімді. Олармен үйлесімде болып, отбасының тыныштығын сақтап, екі жастың шаңырағын ортаға түсірмеу үшінбілім керек. Келін қыдырам десе, жиырылып қалатын енелер бар. Мұндайды тоқтатқан дұрыс. Керісінше, бала мен келіннің бөлек қыдыруына, кафеге, кофе ішуге, достарына барып, арқа-жарқа болуына жол ашу керек. Бала туып, тек үйдің тірлігі, ата-ененің шай-тамағы деп, депрессияда жүрген келіндерді жайнатып жіберу өз қолымызда. Мен келіндеріммен бірге сырттан кофе ішемін, қоғамдағы жағдайларды талқылаймын, ақыл-кеңесімді айтамын. Қыдыртамын. Бұл бізге тек жақсы көмектеседі», - дейді Қанымжан Көлбаева.