Мұндай пікірді ұзақ жылдан бері тәуелділік мәселесін зерттеп келе жатқан психолог Әлияш Омарбекова айтты.
Тәуелділіктен шыққан адамның  қалыпты өмірге қайта оралуы оңай процесс емес — психолог
36
оқылды

Есірткіге, алкогольге, құмар ойындарына тәуелді адамдардың қалыпты өмірге қайта оралып, қоғамға сіңісіп кетуі өте қиын. Десе де, тәуелділікке ұшыраған адамның жақындары мен ортасы оны барынша жақсы қабылдап, кәдуілгі тіршілікке бейімдеуге көмектесу қажет.  Мұндай пікірді ұзақ жылдан бері тәуелділік мәселесін зерттеп келе жатқан психолог Әлияш  Омарбекова айтты,-деп хабарлайды Aikyn.kz сайты. 

Маманның зерттеуі  бойынша, тәуелділікке ұшыраған адамның физикалық, психологиялық, мінез-құлықтық, эмоциялық,  әлеуметтік сипаттары бар. Бұл дертке шалдыққан адамның қайтадан оңалуы ұзақ әрі күрделі процесс. 

«Тәуелділіктен шыққан адамның  қалыпты өмірге қайта оралуы — бұл оңай және бір сәтте болатын процесс емес. Бұл — ұзақ, күрделі, кейде ауыр процесс. Мұнда тек адамның жеке ерік-жігері ғана емес, қоғамның, жақындарының және ортасының қолдауы әсер етеді.

Өкінішке қарай, тағдырдың тәлкегімен осындай жолға түскен адамдарды қоғам дұрыс қабылдамайды. Көп жағдайда күмәнмен, сенімсіздікпен, тіпті, күдікпен қарайды. «Ол баяғыда наша шеккен», «Тағы да бұзылып кетуі мүмкін», «Бұған сенуге болмайды» деген көзқарас оның жақын жандарында да кездеседі. Ең жаманы – дәл осы көзқарас тәуелділіктің құрығынан әзер құтылғанадамды қайтадан шетке ысырып, бұрынғы өміріне итермелеуі мүмкін»,- дейді Әлияш Есенмұратқызы. 

Психолог тәуелділіктің кәдімгі ауру екенін ескертіп, бұл дертті жеңген адамдарға қолду көрсетуді сұрады. 

«Ондай адамға сенім артып, қайта мүмкіндік  беру қажет. Иә, адам қателесті, бірақ ол енді өзгеруге тырысып жатыр. Бұл — ерлік. Қайта мүмкіндік беру — оны қолдаудың ең маңызды көрінісі.

Шекара мен жауапкершілік арасындағы тепе-теңдікті ұстанған дұрыс. Яғни, барлығын кешіріп, бәріне рұқсат ету емес, керісінше, нақты шекара мен жауапкершілікке үйрету.

“Сен мықтысың, мен саған сенемін, бірақ шешімді сен өзің қабылдайсың” деген көзқарас керек. Сондай-ақ, тәуелділіктен құтылған адамның туыс, достарында түсіністік пен шыдам болғаны өте маңызды. Өйткені, реабилитациядан кейін адамда кері кету қаупі болады. Бұл жолда жеңіліс те, күйзеліс те болуы мүмкін.

Қиын сәттерде: «Сен бәрібір бұрынғы күйіңе қайта ораласың» демей, «Бұл тек бір кезең. Қайта тұруға көмектесемін», - деу маңызды», - дейді маман. 

Сонымен қатар, тәуелділіктен емделіп шыққан адамдардың қайта білім алып жұмысқа орналасуы, волонтерлік қызметтерге міндеттерге араласуы оның  қоғамға қажет екенін түсіндіреді. 

Бұл — өзін-өзі бағалауды қайта қалпына келтірудің кілті.