Қауіпті заттардың ішінде ең көп талқыланатын топтардың бірі — парабендер
«Ағзаға улы әсер беріп, ауру тудырады»: дәрігер косметиканың зиянын айтты
659
оқылды

Күтімге және декоративті косметикаға қосылатын кейбір заттар денсаулыққа қауіпті болуы мүмкін, - деп ескертті токсиколог-дәрігер Михаил Кутушов «Lenta.ru» басылымына берген сұхбатында. Әсіресе, ол фталаттар, парабендер және ауыр металдарға назар аударуға кеңес берді, - деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

«Қауіпті заттардың ішінде ең көп талқыланатын топтардың бірі — парабендер. Олар косметикалық өнімдерде бактериялар мен зең саңырауқұлақтарының көбеюін болдырмау үшін консервант ретінде қолданылады. Кейбір зерттеулер парабендердің гормоналды бұзылуларға әкелуі мүмкін екенін көрсеткен», — деп түсіндірді дәрігер.

«Тағы бір алаңдаушылық тудыратын топ — формальдегид және оны бөліп шығаратын қосылыстар. Олар да консерванттық және антисептикалық қасиеттерімен танымал, алайда өте күшті аллергендер саналады. Бұл заттардың ұзақ уақыт бойы теріге әсер етуі дерматит, демікпе сияқты ауруларды тудыруы мүмкін».

Сондай-ақ Кутушов фталаттарға ерекше мән беруге шақырды. Токсикологтың айтуынша, олар гормоналды жүйеге, ұрпақ өрбіту қабілетіне және ұрықтың дамуына кері әсер етеді.

«Декоративті косметикада құрамындағы ауыр металдарға — қорғасын, сынап, кадмий және мышьяк сияқты заттарға назар аудару керек. Олар косметикаға бояғыштар мен пигменттер арқылы қосылатын қоспалар ретінде түседі. Ауыр металдар аз мөлшерде болса да, ағзаға улы әсерін тигізіп, түрлі аурулар тудыруы мүмкін», — деп ескертті маман.

Сонымен қатар Кутушовтың айтуынша, жұмсартқыш компонент ретінде қолданылатын минералды майлар майлы терісі бар адамдарда тері тесіктерін бітеп, безеулердің пайда болуына ықпал етеді. Ал хош иістендіргіштер мен бояғыштар терінің тітіркенуіне және аллергиялық реакцияларға себеп болуы мүмкін.

Бұған дейін безеуге қарсы қолданылатын танымал дәріханалық La Roche-Posay кремінен қауіпті бензол затының рұқсат етілген мөлшерден асып кеткені анықталғаны хабарланған еді. Қазіргі таңда бұл косметикалық өнім дүкен сөрелерінен жедел түрде алынып жатыр.