«AMANAT» партиясының «Ауыл аманаты» жобасы жаңа кезеңге қадам басты. Астанада Премьер-Министрдің орынбасары Қанат Бозымбаевтың төрағалығымен өңірлік даму мәселелері бойынша Жобалық кеңсенің отырысы өтіп, онда ауылдық округтерде жүргізілген скрининг қорытындысы және ауыл экономикасын қолдаудың жаңа тетіктері қаралды. Ауылдық округтерді дамыту жұмысы ресми есеп беруге емес, адамдардың нақты қажеттілігіне негізделуі керек, - деп хабарлайды Aikyn.kz.
Скрининг 2200 ауылдық елді мекенді қамтыды. Оны Ұлттық экономика министрлігі облыс әкімдіктерімен және «AMANAT» партиясымен бірлесіп жүргізді. Мұндағы мақсат – болашағы бар инвестициялық жобаларды іріктеу және облыстық маңызы бар аудандар мен қалалардың даму жоспарларын нақтылау.
Өңірлік даму басымдықтарына сәйкестігі бойынша жалпы сомасы 55 млрд теңгені құрайтын 6 мыңнан астам жоба қаралды.
«AMANAT» партиясының хатшысы Эльдар Жұмағазиев ауылдық округтерде жүргізілген скрининг жұмысы жергілікті жерлердегі нақты экономикалық басымдықтармен қатар, ұсынылған өтінімдердегі сәйкессіздіктерді де анықтауға мүмкіндік бергенін атап өтті.
«Талдау барысында біз көп ұсыныстың жергілікті жердегі шынайы жағдайды айқындамай отырғанына көз жеткіздік. Мәселен, 10 мыңнан астам тұрғыны бар Созақ ауылдық округінде ресми салық төлеушілер саны тек 24,3%-ды құрайды. Бұл – тұрғындарды көлеңкелі жұмыспен қамтудың жоғары деңгейін көрсетіп отыр. Қазір партия инфрақұрылымды, демографияны, жұмыспен қамту құрылымын және ресурстық базаны ескере отырып, ауылдағы инвестициялық жобаларды бағалаудың бірыңғай әдістемесін әзірлеуде. Бұл қадам жобалардың тиімділігіне шынайы баға беруге және ел аумағындағы табысты бастамалардың ауқымын кеңейтуге мүмкіндік береді», – деді ол.
Сондай-ақ Эльдар Жұмағазиев мал шаруашылығы бойынша келіп түскен өтінімдер мен скрининг нәтижелері арасындағы сәйкессіздік 49,3%-ды құрайтынын, бұл өңірлік ұсыныстарды неғұрлым мұқият пысықтау қажет екенін айғақтайтынын айтты.
«Түйе шаруашылығын дамыту ұсынылған жағдайлар бар. Алайда нақты округтерде оған қажет тауарлық мал жоқ», – деп нақтылады ол.
Бүгінде ауылдағы инвестициялық жобаларды бағалаудың бірыңғай әдістемесі әзірленуде. Ол аумақтардың нақты сипаттамасын, яғни инфрақұрылымды, демографияны, жұмыспен қамтуды және ресурстық базаны ескеруге және жоспар құру үшін скрининг деректерін пайдалануға мүмкіндік береді.
Премьер-Министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев әдістемені әзірлеу жұмысын 15 мамырға дейін аяқтауды, ал 15 маусымға дейін облыстық маңызы бар қалалар мен әрбір ауданның 5 жылдық даму жоспарын мәслихаттарда бекітуді тапсырды. Бұл құжаттар келісілген тәсілдер мен әлеуметтік инфрақұрылымды ескере отырып дайындалуы керек.
«Облыс әкімдіктері «Ауыл аманаты» жобаларын скринингпен айқындалған басым бағыттарға сәйкестендіру жұмысын 25 сәуірге дейін аяқтауы қажет», – деді ол.
Отырыста ауылдық жерлерде шағын өнеркәсіптік аймақтар (ШӨА) құру мәселесіне де ерекше назар аударылды. Қазірдің өзінде кейбір өңірлерде бұл жобалар іске қосыла бастады. Олардың қатарында Түркістан облысы да бар.
Қанат Бозымбаев облыс әкімдіктеріне және «Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ-ға Қостанай, Павлодар, Жамбыл, Батыс Қазақстан, Қызылорда, Алматы, Ақмола және Түркістан облыстарында 10 пилоттық ШӨА жобасын іске қосуды мамыр айының соңына дейін бастау жөнінде тапсырма берді.
Сондай-ақ Шығыс Қазақстан, Қызылорда, Түркістан облыстары мен Қонаев қаласының әкімдіктері «Ауыл аманаты» бағдарламасын іске асыру бойынша өз ұсыныстарын таныстырды.
Жиын қорытындысы бойынша, Ұлттық экономика министрлігіне ауылдық елді мекендер мен шағын қалаларда микрокредит беру мен лизинг ережелерін 10 мамырға дейін бекіту тапсырылды. Жобалық кеңсе жұмысы көшпелі форматта жалғасады.