Клубтағы қаржылық жағдайдың нашарлауына кінәлі лауазымды тұлғаларға қатысты тиісті шара қабылданды
Президент "Барыс" балалар хоккей клубына қатысты дауға нүкте қойды
Фото: ХК Барыс
363
оқылды

Мемлекет басшысы «Барыс» хоккей клубының балалар мен жасөспірімдер командасы ойыншылары ата-аналарының шағымына назар аударды, – деп хабарлайды Aikyn.kz.

Бұл туралы Президентің кеңесшісі – Баспасөз хатшысы Руслан Желдібай мәлімдеді.

– Ата-аналар хатта қаржылық және ұйымдастырушылық мәселелерге байланысты Қазақстандағы балалар хоккейінің келешегіне алаңдаушылықтарын жеткізген. Олардың жазуынша, аталған мәселеге клубтың қазіргі басшылығы көз жұма қараған. Сондықтан Президенттің осы іске араласуын сұраған.

Қасым-Жомарт Тоқаев аталған мәселеге орай жауапты органдарға тапсырма берді. Нәтижесінде, «Барыс» хоккей клубының тәрбиеленушілерін Ресейдің осы маусымдағы чемпионатына қатыстыру жұмыстары қолға алынды.

Шағымда көтерілген мәселелердің бәрі, соның ішінде клубтың отандық және шетелдік ойыншылар, жаттықтырушылар, басқа да ұйымдар алдындағы қаржылық міндеттемелері бюджет шығындарын оңтайландыру арқылы шешімін тапты.

Клубтағы қаржылық жағдайдың нашарлауына кінәлі лауазымды тұлғаларға қатысты тиісті шара қабылданды, – деді Руслан Желдібай.