Іс-шара отандық ғылым саласындағы жетістіктерді дәріптеу, ғылыми қызметкерлердің еңбегін мойындау, сондай-ақ жас ғалымдарды ынталандыру және олардың инновациялық бастамаларын қолдау мақсатында ұйымдастырылды.
Ғылым күні: «Сәтбаев сакурасы» қайта жаңғыртылып, академия ауласына отырғызылды
798
оқылды

Алматы қаласындағы «Ғылым ордасы» ғимаратында Қазақстан Президентінің жанындағы Ұлттық ғылым академиясы Қазақстандағы ғылым қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне арналған ірі салтанатты іс-шара өткізді.

Іс-шара отандық ғылым саласындағы жетістіктерді дәріптеу, ғылыми қызметкерлердің еңбегін мойындау, сондай-ақ жас ғалымдарды ынталандыру және олардың инновациялық бастамаларын қолдау мақсатында ұйымдастырылды.

Бағдарлама аясында Ғылыми-инновациялық әзірлемелердің көрмесі өтті. ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің, ҚР ҰҒА Президенті Ақылбек Күрішбаевтың және еліміздің жетекші ғалымдары, академиктердің мазмұнды баяндамалары тыңдалды. Ведомстволық наградалармен марапаттау, еліміздің жетекші ғалымдарын академик Қаныш Сәтбаевтың 125 жылдығына арналған арнайы төсбелгілермен марапаттау салтанаты өтті.

«Мемлекет басшысының тікелей қолдауының арқасында ғылымды дамытуға, оның қоғамдық өмірдегі рөлі мен орнын арттыруға бағытталған елімізде бұрын-соңды болмаған ауқымды шаралар қабылданып жатқанын ерекше атап өтуіміз керек. 2019 жылдан бастап білім мен ғылымға салынған инвестициялар 5 еседен аса өсті, тұрғын үй беруді қоса алғанда, жас ғалымдарға көрсетілетін әлеуметтік көмек шаралары нақты айқындалды, «Ғылым және технологиялық саясат туралы» жаңа заң қабылданды.

Өткен жыл Ұлттық Академия үшін жаңартылған заңнамалық және нормативтік база негізінде институционалдық қалыптасу жылы болды. Жаңа заңға сәйкес Академия «ҚР Президентінің жанындағы» деген ерекше мәртебеге ие болып, еліміздің жалғыз жоғары ғылыми ұйымына айналды.

Жаңа ережелерге сәйкес Академия мүшелерінің негізгі құрамы сайланды.  Әлемдегі 20 озық елдің тәжірибесіне сүйене отырып, Академияның 2035 жылға дейінгі Даму стратегиясы әзірленіп, бекітілді. 

Жетекші  елдердің тәжірибесіне сәйкес біз алғаш рет ғылымды дамытудың басым бағыттарын анықтадық. Осы уақытқа дейін бұл мәселеге бізде дұрыс көңіл бөлінбей келген. Мәселен, зерттеулердің барлық саласын толығымен қамтитын ғылымды дамытудың 7 басым бағыты мен оның 153 мамандандырылған ғылыми бағыттары белгіленген. Алайда, олар іс жүзінде ғылымға берілетін бюджет қаражатын солардың бәріне бірдей қылып бөлу схемасына айналған.

Сондықтан да Академия мемлекеттің даму стратегиясымен үндестірілген және оның бәсекелестік артықшылықтарын ескеретін, ғылыми зерттеулердің тиімділігін қамтамасыз ететін ғылымды дамыту басымдықтарының жаңа жүйесін ұсынды. Оны Ғылым және жоғары білім министрлігі қолдады және Үкімет жанындағы Жоғары ғылыми-техникалық комиссия 2026 жылдан бастап қолданысқа алатын болды.

Сонымен қатар, Академия алғаш рет салалық министрліктердің, әкімдіктердің, «Атамекен» ҰКП, бизнес өкілдерінің және жетекші отандық және шетелдік ғалымдардың қатысуымен 30 өңірлік және салалық форсайт-сессия ұйымдастырып, солардың қорытындысы бойынша ғылыми зерттеулер үшін 200 басым стратегиялық міндеттерді айқындады. Осы кезге дейін бұндай талдау мүлде жасалмаған, бұрын ғылыми тақырыптарды ғылыми ұйымдар мен ғалымдар өндірістің қажеттіліктерін ескермей, тек өз мүмкіндіктеріне қарай анықтап келген болатын. Бұл ғылыми зерттеулердің тиімділігінің төмендеуіне және олардың нәтижелеріне сұраныстың болмауына әкеп соққан. Оған дәлел ретінде Академияның былтыр жаңа заңнамаға сәйкес 2025-2027 жылдарға арналған бағдарламалық-нысаналы қаржыландырудың 113 ғылыми-техникалық міндеттеріне алғаш рет жүргізген сараптамасының қорытындысын келтіруге болады. Оның қорытындысы бойынша олардың тек 26-сы ғана талаптарға сәйкес келетіні анықталды.

Сонымен қатар, дамыған елдердің тәжірибесі негізінде Академия министрліктерге ғылыми тақырыптарды қалыптастыру кезінде пәнаралық тәсілді қолдануды ұсынды. Себебі әлемдік тәжірибеде барлық ғылыми жаңалықтардың 90%-ға жуығы пәнаралық негізде ашылатыны белгілі. Бұны қолданысқа енгізу арқылы біз бүгінгі күнгі ғылыми ізденістердегі ұсақ тақырыптардан кетіп, ғылыми күштердің бірнеше бағыттарын бір жерге шоғырландырып, мәселені кешенді түрде шешуге жол ашатын боламыз», - деді ҚР ҰҒА Президенті Ақылбек Күрішбаев.

Маңызды тарихи сәт – «Сәтбаев сакураларын» отырғызу

Ғылым ордасының ауласында ерекше символдық мәнге ие «Сәтбаев сакураларын» жаңғырту рәсімі ұйымдастырылды. Бұл бастама – қоршаған ортаны қорғауға үлес қосу ғана емес, сонымен қатар еліміздің ғылым тарихына құрмет пен тағзым белгісі. Сакура ағаштарын алғаш осы жерде академик Қаныш Сәтбаевтың құрметіне өткен ғасырдың 60-жылдары жапон делегациясы отырғызғаны белгілі.

Салтанатты отырғызу рәсіміне академиктер, депутаттар, жапондық делегациясы мүшелері, ғылыми қоғамдастық белсенділері қатысты.

«Сәтбаев сакурасы» қайта жаңғыртылып, екі сакура ағашы (Kanzan, Kiku-Shidare) отырғызылды. «Сәтбаев сакурасының» тарихы бойынша «Ақиқат» журналының 2024 жылғы 30 сәуірдегі ақпаратында келесі мәліметтер келтірілген:

«Жапониядан келе жатқан қонақтар Мәскеуден шығып, Алматыға тура тартты. Халықаралық кедендегілерді олардың қолындағы ағаштары таң қалдырды. Декларацияда бұл ағаштар жапон азаматтары атынан қазақ ғалымы Қаныш Сәтбаевқа деген құрмет пен разылық үшін жіберілген. Кеңес үкіметі мен Қазақстан басшыларынан осы сакура ағаштарын Қазақстанның Ғылым академиясы жанына отырғызуды сұрап, өтініш жазылған хат қоса тіркелді. Ағаштардың шын мәніндегі жапон елінің символы болып саналатын сакура ағашы екені анықталғаннан кейін арнайы орындардың келісімімен Алматыға алып кетуге рұқсат етілді».

«Сәтбаевтың құрметіне академияның жанына тігілген үш сакураның екеуі жайқалып өсті. Ақ пен күлгін, қызғылт түс араласқан сакура гүлінің әсемдігіне ел сүйсініп, «Сәтбаев сакурасы» деп атап жүрді. Жетісудың климатына шыдамай көп ұзамай қурап не солып қалады деген сакура ағаштары отыз жылға тарта өмір сүрді. Сакура тігілгеннен кейін көп ұзамай оларды құртуға жауапкершілік алған пенделер де, артынша пәрмен берушілер де фәниден бақиға бұйрық келіп, аттанып кете барды. Көп ағаштармен қатар бой түзеп тұрған екі сакура да орнығып алып еді, әттең бұл екі ағаштың тарихынан да, қасиетінен де хабарсыз әкімдіктегі кейбір құрылыс пен жөндеу жұмыстарын басқарып отырған басшылар бұлардың не өрік не шие ағашы екенін ажырата алмай кесіп тастауға шешім шығарып қойды. «Ана екі өрік ағашын кесіп тастаңдар, жақында басталатын жөндеу жұмыстарына кедергі келтіреді» деген жоғарыдан келген пәрменді бұйрықтан кейін қаланы абаттандыру қызметінің екі жұмысшысы мен бір бригадирі келіп, жапон аруларындай бұрала назданып, көркі көз тартып тұрған екі сұлу талға өткір балтаны аяусыз сілтеп тынды».

 

 

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» Telegram арнасынан таба аласыз.