Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жұмыс сапарымен Шымкент қаласына барды.
Шымкент – береке ордасы
1,037
оқылды

Ірі инвестициялық жобаларды қолдау маңызды

Мемлекет басшысы Шымкент әуе­жайы­ның жаңа терминалымен таныс­ты. Әуе айлағының құрылысына жеке ин­вестор 24 млрд теңге қаражат жұм­са­ған. Еліміздің оңтүстігінде бірегей авиа­циялық хаб қалыптастыру өңірдегі әуе қатынасының бағыт санын 17-ден 59-ға дейін ұлғайтуға, сондай-ақ Еуро­па мен Азияның бірқатар еліне рейстер ашуға мүмкіндік береді.

Бұдан кейін Мемлекет басшысы ст­ратегиялық маңызы зор Батыс Қытай – Батыс Еуропа көлік дәлізіне жақын ор­наласқан Almaar Logistics сауда-ло­гис­тика орталығына барды. Аумағы 24 мың шаршы метрді құрайтын көп­фун­к­­ционалды кешен құрылысына жеке инвестор 14,8 млрд теңге қаржы құйған. Ор­талық өнім сақтаудың озық тех­но­логиясымен жабдықталған. Атап айт­қан­да, тез бұзылатын азық-түлікті ұзақ сақ­тамай, барынша жедел таратуға мүм­кіндік беретін жүйе енгізілген.

Сонымен қатар Президент ауыл шаруа­шылығы өнімдерінің көрмесін ара­лап көрді. Қаладағы 50-ге жуық өң­деуші кәсіпорын былтыр 168,5 млрд теңгенің өнімін шығарған. Өңірдегі жылыжай кешендерін салуға түркиялық Alarko Holding компаниясы 650 млн доллар, ал Польшаның Fabe Polska SP кәсіпорны 136 млн доллар көлемінде инвестиция құюға ниетті.

Президент Шымкентке жұмыс са­пары аясында жаңадан ашылған Coca-Cola Içecek Kazakhstan зауытын да ара­лап көрді. Озық технологиялармен жаб­дықталған және автоматтандыру деңгейі өте жоғары кәсіпорын жылына 283 млн литрге дейін сусын шығара ала­ды. Мемлекет басшысы өндіріс ба­ры­сымен танысқан соң, өңірдің эко­но­микалық өсіміне серпін беретін ірі инвестициялық жобаларды қолдаудың маңызын атап өтті.

Жұмыс сапары барысында Қасым-Жомарт Тоқаев Shymkent City ша­ғын ауданына жақын маңдағы жаңа саябаққа барды. Аумағы 20 гектардан аса­тын паркте сейілдеуге және мәдени-көпшілік іс-шаралар өткізуге барлық жағ­дай жасалған. Субұрқақты жасанды то­ған, амфитеатр, ландшафтты аллея­лар, воркаут және скейт алаңдары бар. Президент саябақ аумағында ағаш отыр­ғызды. Қазіргі кезде Шымкентте адам басына шаққанда 4 шаршы метрге жуық жасыл желектен келеді екен. Экологиялық жағдайды жақсартып, қа­ла тұрғындарына қолайлы орта қа­лыптастыру үшін алдағы жылдары 1 млн түптен астам ағаш көшеті отыр­ғы­зыл­мақ. Шаһардағы 12 саябақты абат­тандыру, сондай-ақ гүлзарларды, Қош­қар ата өзенінің жағалауы мен арық­тар­ды тазалау жұмыстары жүргізіліп жа­тыр. Бұрынғы қоқыс полигонының ор­нында Экопарк құрылысы қолға алынды.

Бұдан бөлек, Президентке қытай­лық Shaanxi Construction Engineering компаниясы ұсынған қоқыс өртеу зауы­тының жобасы таныстырылды. Зауыт тәулігіне 1 мың тоннаға дейінгі қат­ты тұр­мыстық қалдықтарды қайта өң­деп, электр энергиясын өндіре ала­ды.

Tulip Hall – енді «Қызғалдақ»

Мемлекет басшысы былтыр маусым айын­да пайдалануға берілген Tulip Hall көп­функционалды ке­шенінің ғимара­ты­мен танысты. Президент тапсырмасына сәй­кес бой кө­терген бұл көрікті нысан бұқаралық мә­дени іс-шаралар өткізуге арналған. Мұн­да сондай-ақ қолөнер­ші­лердің ор­талығы мен шеберханалары орна­лас­қан.

Президент Конгресс-холға жинал­ған жергілікті қауым алдында сөйлеген сөзінде шаһарға жұмыс сапарымен ар­найы келгенін, шырайлы Шымкент – елі­міз үшін өте маңызды қала, тарихы терең қастерлі мекен екенін атап өтті.

– Халқымыз Шымкентті «шырайлы шаһар» деп атайды. Расында, бұл жер­дің ауа райы да, адамдары да өте ке­ре­мет, ерекше деп айтуға болады. Қала тұр­ғындары – өте еңбекқор, таза, іскер аза­маттар. Осы жерде отырған әр аза­мат­тың еңбегі мол. Мен баршаңызға шын көңіліммен ризашылығымды біл­діремін. Көне шаһар тоғыз жолдың то­рабында тұр. Ұлы Жібек жолы ке­зін­де осы аймақтан өткені белгілі. Шым­кент­те ерте заманнан бері сауда-саттық өр­кен жайды, түрлі мәдениеттер мен дәс­түрлердің ізі қалды. Бұл керуеннің кө­ші әлі де үзілген жоқ. «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» көлік дәлізі осы қала­ны басып өтеді. Күре жолдың арқа­сын­да шаһардың стратегиялық маңызы ар­та түсті. Менің бірер жыл бұрын Шым­­­­­кент халқымен кездескенім ес­теріңізде болар. Сол кезде айтқан сө­зім­ді тағы да қай­та­­­­лап өткім келеді: «Бе­реке дегеніміз – экономика, ал ын­тымақ дегеніміз – саясат». Шын мә­нінде, осы екі құндылық елімізді ал­ғ­а бастайды. Мұны Шымкенттің бү­гінгі келбетіне қарап айтуға да болады. Шаһар жыл өткен сайын қарыштап дамып келеді. Көптеген өндіріс орны ашылып жатыр. Менің тапсырмаммен бірнеше әлеуметтік нысан салынды. Атап айтқанда, Конгресс-холл, екі Оқу­шылар сарайы, 11 жайлы мектеп бой көтерді. Айтпақшы, Шымкенттің бір топ азаматы Конгресс-холды Tulip Hall деп атамай, бұл ғимаратқа «Қыз­ғал­дақ сарайы» немесе «Қызғалдақ» де­ген атауды беру жөнінде ұсыныс ай­тып жатыр. Меніңше, орынды пікір, ке­лісуге болады. Олай болса, сарайдың атауы «Қызғалдақ» болсын. «Қызғалдақ сарайы» деген сәл ұзақтау екен. Былтыр қа­лада жалпы аумағы 1,3 млн шаршы метр болатын тұрғын үй салынды. Металлургия, құрылыс саласы, азық-тү­лік өндірісі қарқынды дамып жатыр. Был­тыр қала экономикасы 11 пайызға өсті. Шымкентте 300-ден астам ин­вес­ти­циялық жоба жүзеге асырылуда. Со­­ның нәтижесінде 9 мың тұрақты жұ­мыс орны ашылды. Тек былтырдың өзін­де қалаға 770 млрд теңгеге жуық ин­вестиция тартылған, – деді Мем­лекет басшысы.

Президент халық арасында Шым­кент­ті «кәсіпкерлердің отаны» деп атай­тынына назар аударып, қала эко­но­микасының жартысынан көбі 140 мың­ға жуық шағын және орта бизнес ны­санының еншісінде екенін жеткізді.

– Мегаполистің демографиялық өсі­мі де жоғары. Табиғи өсіммен бірге, мұн­да көшіп келіп жатқандар көп. Осы­ның өзі қаланың тіршілікке қолай­лы, болашағы зор екенін көрсетеді. Бірақ бақылаусыз көші-қон, яғни миг­рация тиісті техникалық және әлеу­мет­тік инфрақұрылымға әсер етеді. Мұны да ұмытпауымыз керек. Әрине, Шым­кент мен жаңа айтып өткен табыстың бәрі­не, ең алдымен еңбекқор, іскер әрі ұйым­шыл халқының арқасында жетіп отыр. Қазіргі алмағайып заманда бұл қа­сиеттер әр азаматтың бойынан та­­былуы керек деп санаймын, – деді  Мем­лекет басшысы.

Бағдарымыз айқын, жолымыз ашық

Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев әлем бетпе-бет келіп отыр­ған жаңа сын-қатерлерге қатысты пікір білдірді. 

– Баршаңызға белгілі, жаһан­дық сауда соғысының өршуі салдарынан дүниежүзінде күрделі ахуал қалыптасып келеді. Егер мұндай текетірес орын алса, оның зардабын барлық ел тартады. Оған еш күмән жоқ. Бұл ретте біз Пре­зидент Трамптың аталған қақты­ғысқа қатысы бар елдердің ұста­нымдарын нақтылап, мүм­­­кін­дігінше келіссөз бастау үшін 90 күн мораторий жариялау туралы байыпты шешімін құптаймыз. Сарапшылар елдердің бір-біріне қарсы тарифтер енгізуі әлем экономикасының құлды­рауына түрткі болып, халықара­лық сауда-саттықтың бүкіл ережесін тас-талқан етуі, тіпті оның соңы қарулы қақтығыстарға дейін ұласуы мүмкін деп ескертеді. Апта басында барлық негізгі ин­декстердің мәні төмендеп, мұнай бағамы барреліне 60 доллардан аспады. Алайда Америка билігі тарифтерді кейінге қалдыру туралы шешімін жариялаған соң, биржадағы бағалар өсті. Қазір жағдай біршама тұрақталғаны байқалғанымен, әлемдік қор нарығы мен шикізат биржалары бұрын-соңды болмаған мазасыз күйге түсіп тұр. Әлемнің қатаң тарифтік қақтығыстар саясатына көшкені анық. Әңгіме кезекті рецессия жайында ғана емес, жаһандық экономиканың іргесін шайқап, халықаралық қатынастар жүйесіне ауыр зардабын тигізетін дағдарысқа бет алғанымызда болып отыр. Біз қазіргі ахуалды мұқият сараптап, барлық қауіп-қатерді ескеріп жатырмыз. Ешбір қиындыққа қарамастан, Қазақ­стан жан-жақты жаңғыру жолы­нан ауытқымайды, стратегиялық бағдарымыз да өзгермейді. Біз инфрақұрылым, көлік, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, цифрлан­дыру және басқа да бағыттар бойынша ірі жобаларымызды жүзеге асыра береміз. Жұмыс тоқтамайды. Сондай-ақ, әрине, мемлекетіміз әлеуметтік міндет­темелерін орындайды, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент жаһандық ахуалға мейлінше бейімделіп жұмыс істеу, яғни әр қадамды мұқият ойлас­тырып, салмақты шешімдер қа­был­дау арқылы Қазақстан эко­номикасын түрлі сын-қатерден сақтап қалу маңызды екеніне тоқталды.

– Сондықтан Үкімет кез кел­ген мәселені алдын ала қарас­тырып, тиімді және батыл әрекет етуге тиіс. Еліміздің мүмкіндіктері мол, әлеуеті орасан зор. Қаңтар-наурыз айлары бойынша ішкі жалпы өнімнің өсімі 5,8 пайыз болды. Бұл – қазіргі күрделі жағдайда өте жақсы көрсеткіш деп күмәнсіз айтуға болады. Ұлттық экономикамыз негізінен көлік саласы, құрылыс саласы, өнеркәсіп және сауда-саттық есебінен дамып жатқанын атап өткім келеді. Бұл – өте маңызды жетістік. Сонымен қатар әлемдік дағдарыс күшейіп кеткен жағ­дайда еліміз Ұлттық қор резерві мен алтын валюта қорының мүмкіндіктерін қолдана алады. Осындай күрделі уақытта біздің кәсіпкерлеріміз де ерекше белсен­ді жұмыс істейді деп сене­мін. Себебі оларды ешқандай қиын­дық­қа қарамай еңбек ете алатын нақты істің адамдары деп есеп­теймін. Бізге қазір құр сөздің еш қажеті жоқ. Біз бәріміз бір ел болып тек табанды және тиімді жұмыс істеуіміз керек, – деді Мемлекет басшысы.

Президенттің айтуынша, Қазақстан халықаралық қоғам­дастықтың жауапты мүшесі ретінде ашық сауда, тауарлар мен қызметтердің еркін қозғалысы қағидаттарын берік ұстанады. Сондай-ақ еліміз барлық серік­тестерімен өзара сенімге, ашық диалогқа негізделген қарым-қатынас құрады.

– Сауда-саттық – дамудың көзі. Жекелеген елдермен қатар, тұтас аймақтардың өзі сауданың арқасында өркендеп, көркейе түсті. Қазақстан Шығыс пен Батысты, Солтүстік пен Оң­түстікті жалғайтын сауда жол­дары­ның тоғысында тұр. Бұл – біздің географиялық ерекшелігіміз ғана емес, тарихи тағдырымыз деуге болады. Демек, біз еліміздің маңдайына жазылған осы стра­тегиялық мүмкіндікті ұтымды пайдалануымыз керек. Сон­дықтан Қазақстан аса маңызды халықаралық көлік-логистика жобаларын жүзеге асыру ісіне белсенді түрде қатыса бермек. Біздің негізгі мақсатымыз бәріне түсінікті деп ойлаймын. Біз тағдыр қосқан көршілес елдермен жемісті және жан-жақты ынты­мақтастықты нығайта береміз. Ұлт мүддесін бәрінен биік қойып, байыпты және байсалды сыртқы саясатты жүргіземіз. Қазақта «Көрші ақысы – Тәңір хақысы» деген сөз бар. Көрші мемле­кеттердің бәрімен тату-тәтті өмір сүріп жатырмыз. Біз қашанда бұл мәселеге айрықша мән береміз. Көршімізде өрт шықса, оның жалыны бізді де шарпиды. Сон­дықтан іргелес елдердің бәрінде тыныштық пен тұрақтылық бол­ғанын қалаймыз. Әрине, мұның барлығы – уақытша қиындықтар. Ең бастысы, біздің бағдарымыз айқын, жолымыз ашық. Алға қойған мақсаттарымызды мін­детті түрде іске асырамыз. Үкімет пен әкімдердің негізгі міндеті – қолға алған реформалар мен жо­баларды тиянақты жүзеге асыру. Сонда ғана ұлттық эко­номикамыз да тұрақты даму жо­лына түспек, – деді Президент.

Осы ретте Қасым-Жомарт Тоқаев салық реформасы жайын­дағы ойымен бөлісті.

– Жаңа Салық кодексін әзірлеуге тапсырма берген кезде мен мейлінше түсінікті, тұрақты әрі әділ салық саясатына көшу жөнінде міндет қойдым. Шын мәнінде, біз салық саясатын қатаңдатпаймыз, керісінше ретке келтіреміз. Қазіргі кодекс көп өзгеріске ұшыраған. Заңға тәуелді актілерге және жекелеген жағдай­ларда басқаша ереже қолданатын ерекшеліктерге толы. Кодекс оқып, түсінуге қиын құжатқа айналған. Соның салдарынан кәсіпкерлер мен мемлекеттік қызметкерлер оны әрқалай қа­был­дап, өз уәждерін алға тартады. Қаптаған жеңілдіктер мен салық режимдері кәсіпкер­лердің бір бөлігіне артықшылық берсе, тағы бірі оған наразы. Ол да негізсіз емес. Бастапқыда салық жеңілдігі экономиканың белгілі бір салалары мен бизнестің нақты санаттарын қолдау мақсатында енгізілген еді. Бірақ кәсіпкерлер жеңілдікті бас пайдасына жара­тып, салықтан жалтарып, бизнес­терін бөлшектей бастады. Мұндай жағдайға біз жол бере алмаймыз. Қазақстан жаппай офшор ай­мағына айналып кетпеуі керек. Мұның бәрі салықты басқару жүйесін күрделендіріп, салық жүк­темесі әділетсіз бөлінетін жағдайға әкеп соқты. Қазір Пар­ламентте мүлдем жаңа Салық кодексі қаралып жатыр. Аталған құ­жат бизнестің де, мемлекеттің де мүддесін ескеріп, кәсіпкерлерді салықты дұрыс төлеуге ынталан­дыруға тиіс. Қосымша салық түсімдері даму бюджетін ұлғай­тып, жаңа мектептер, ауруханалар және басқа да әлеуметтік нысан­дар салуға мүмкіндік береді. Ашық және тұрақты салық жүйесі еліміздің инвестициялық әлеуетін күшейтеді. Осының бәрі азамат­тардың әл-ауқатының жақ­саруына, тұтас экономиканың өсіміне, яғни, түптеп келгенде, бизнестің дамуына өте тиімді әрі пайдалы болмақ. Әрине, осындай күрделі кезеңде бізге ең алдымен ауызбіршілік керек. Халқымызда «Ырыс ынтымақты елге барады» деген жақсы сөз бар. Ұйыса білген ұлттың ұпайы түгел. Сондықтан жұртты ортақ мақсатқа жұмыл­дыру өте маңызды, – деді Мем­лекет басшысы.

Осы орайда Президент «Таза Қазақстан» акциясына айрықша тоқталып, бұл жоба аз уақыт ішін­де бүкіл елді біріктіріп, жалпы­ұлттық сипатқа ие болғанын атап өтті.

– Осы бастамаға шымкенттік ағайын да белсене атсалысып жатыр. Былтыр қалада 200-ден астам аула мен қоғамдық орын тазартылды, 200 мыңнан астам ағаш отырғызылды. «Таза Қазақ­стан» айналаны тазалаумен не­месе сенбілікке шығумен шек­телмейді. Оның ауқымы және мағынасы өте кең. Тазалық дегеніміз – ең алдымен, ішкі мәдениеттің өлшемі. Еліміздегі әр азаматтың жаны таза, қолы мен ісі таза болса, шын мәнінде озық ойлы ұлтқа айналамыз. Осы маңызды істе Шымкент қаласы өзінің «шырайлы» деген атына сай болып, көш бастауы керек. Елімізде заң мен тәртіп біржола үстемдік құруға тиіс. Бұл – мән-мағынасы ерекше мақсат. Бауыр­жан Момышұлының «Тәртіпке бас иген құл болмайды» деген сөзі ешқашан маңызын жоғалтпайды. Заңды сақтап, тәртіпке бағына білсек, мақсатымызға жетеміз, кез келген дағдарысты еңсере аламыз. Қазіргі бұлыңғыр заманда елімізге заңға негізделген тәртіп ауадай қажет. Заңды бұзған азаматтарды міндетті түрде жауапқа тарту керек. Басқа жол жоқ. Осылайша, әділетті, қауіпсіз, қуатты және таза Қазақстанды құрып, өркен­деген ел боламыз, – деді Мемлекет басшысы.

Кездесу кезінде жұртшы­лықтың Шымкент қаласында Мәдениет және өнер универ­ситетін ашу жөніндегі ұсынысын Президент қолдады. Қасым-Жомарт Тоқаев қала әкімі Ғабит Сыздықбеков пен Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваға тиісті тапсырма берді.

1,4 млн шаршы метр баспана беріледі

Мемлекет басшысына қала­ның сәулеттік келбетін жақ­сартып, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын дамыту бағы­тында атқарылып жатқан жұмыс­тар жөнінде мәлімет берілді. Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылы Шымкент жұртшылығымен кез­десу барысында шаһардың бас жоспарын қайта қарап, көлік-логистика инфрақұрылымы мен инженерлік желілерін жаңғырту туралы тапсырма берген болатын. Мемлекет басшысына қаладағы Орталық стадионның, пери­наталдық орталықтың, пара­лимпиада­шыларға арналған спорт кешенінің, мектептердің және тағы да басқа әлеуметтік нысандар құрылысының перспективті жо­балары көрсетілді. 

Сондай-ақ Президентке жеке­меншік тұрғын үй кешендерінің бейберекет өсуіне шектеу қойып, 2035 жылға дейін көпқабатты үйлердің үлесін 60 пайызға жет­кізу жоспары жөнінде баяндалды. Биыл шамамен 1,4 млн шаршы метр баспананы пайдалануға беру көзделген. Оның ішінде 320 мың шаршы метрден астам пәтер мем­лекеттік бюджет есебінен салы­нады. Бұдан соң Мемлекет бас- шысы «Ақжайық» шағын ау­­­­данын­­дағы тұрғын үй кешенін арнайы барып көрді. Бұл жерде жыл соңына дейін 35 тұрғын үй кешені бой көтермек. 

Сапар аясында Президент «Тас­сай» индустриалды аймағын аралап көрді. Онда жалпы инвес­тиция сомасы 44,5 млрд теңге болатын 33 кәсіпорын ашылған. Со­ны­мен қатар қосымша 800-ге жуық жұмыс орнын қамтамасыз ететін 9 инвестициялық жоба іске асырыла бастаған.

Сонымен қоса, Мемлекет бас­шысы жеңіл өнеркәсіп, машина жасау, құрылыс және жиһаз өндірісінің өнімдері қойылған көрмемен танысты. Бұдан кейін Қасым-Жомарт Тоқаев ТМД нарығына автотрансформаторлар, маймен істейтін күштік транс­форматорлар мен реакторлар шығаратын Asia Trafo зауытының өндірістік желісін және трав­матология хирургиясында және остеосинтезге кеңінен қолда­нылатын дәке мен титан имплант­тарын шығаруға маманданған Marai E7 Group өндіріс алаңын аралап көрді. Сондай-ақ Пре­зидентке Шымкентте шыға­тын дәрі-дәрмектер мен меди­циналық бұйымдардың түрлері көрсетілді.

Мұнымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев №2 Оқушылар сарайын аралап көрді. Заманауи қосымша білім беру орталығында мультимедиа сыныптары, зерт­ханалар, шығармашылық студия­лары, коворкинг аумақтары қарастырылған. Мұнда ерекше қажеттілігі бар балалар да емін-еркін білім алады. Нысан Президенттің 2022 жылы қалаға келген кезінде берген тапсыр­масына сәйкес салынып, пайда­лануға берілген. Бүгінде Оқу­шы­лар сарайында 5 мыңға жуық бала алты бағыт бойынша 65 үйірмеге қатысады. Білім беру бағдар­ламасы жан-жақты дамы­ған, жаңаша ойлайтын әрі шығар­машылық қабілеті зор тұлға қалып­тастыруға бағытталған. Мемлекет басшысы орталықпен танысып шыққан соң оқушы­лармен әңгімелесті.

Мейір ЖАСЫН