Еліміз экономикалық ре­формалардың маңыз­ды кезеңіне аяқ басты. Себебі жақында Мәжіліс жаңа Салық кодексінің жобасын бірінші оқылымда мақұлдап, Үкімет пен депутаттар талай талқыға түскен ҚҚС-на қатысты ортақ консенсусқа келді.
Берік Бейсенғалиев, Мәжіліс депутаты: Жаңа Салық кодексі – қоғам сұранысы қамтылған жаңа қадам
465
оқылды

Бұл кодекс мемлекет қаржысын тиімді басқару мен тұрақтылықты қамтамасыз ету мақсатында қабылданып, шағын және орта бизнестің дамуына жаңа мүмкіндіктер ұсынуды көздейді. Қоғамда қызу талқыланған кодекс туралы «AMANAT» фракциясының мүшесі, мәжіліс депутаты Берік Бейсенғалиевпен сұхбаттасқан едік. депутат салық жүйесінің жаңартылуы және оның ел экономикасына әсері жайында әңгімелеп берді.

– Берік Тұрсынбекұлы, осыған дейін депутаттық сауалыңызда ҚҚС-ты күрт өсірмей, экономика секторлары бойынша дифферен­циалды мөлшерлеме енгізуді ұсын­ған едіңіз. Жаңа Салық кодексінде бұл шешім қаншалықты ескерілді? 

– Қосылған құн салығының (ҚҚС) базалық мөлшерлемесін 16%-ға дейін көтеру – бұл бюд­жеттік кірістерді арттыруға бағыт­талған маңызды қадам. Үкіметтің есептеуінше, осы өзгеріс арқылы жыл сайын қосымша 3 трлн теңге көлемінде кіріс түседі. Бұл қаржы әлеуметтік бағдарламаларды қар­жыландыруға, инфрақұрылым мен денсаулық сақтау саласын қол­дауға бағытталады.

Алайда мұндай шешімнің әлеу­меттік әсері де бар. Халықтың жүктемесін жеңілдету үшін әлеу­меттік маңызы бар азық-түлік тауар­лары, кітаптар және архео­логиялық қызметтер ҚҚС-тан бо­сатылған. Сонымен қатар ақы­лы медициналық қызметтерге жеңіл­детілген 10% мөлшерлеме бел­гіленіп, ал негізгі дәрі-дәрмек­терге мүлде салық салынбайды. Үкімет Қосымша құн салығынан босатылатын дәрілік заттардың әлеу­меттік тізімін анықтайды.

Мемлекет шағын бизнесті де ескеріп отыр: ҚҚС бойынша міндетті тіркеу шегі 40 млн теңгеге дейін көтерілді, яғни айналымы осы сомадан аспайтын кәсіп­керлер ҚҚС төлеуден босатылады. Бұл, әсіресе ауыл-аймақтардағы шағын дүкендер мен қызмет көрсету саласындағы кәсіпкерлер үшін тиімді болмақ.

Ал банктік қызметтерге ҚҚС енгізу – жүйелі және ұзақ талқы­ланған мәселе. Мұндағы мақсат – әділ салық салу саясатына қатысты қаржы секторының да үлесін арттыру. Дегенмен бұл банк өнімдерінің бағасына әсер етуі мүмкін. Ал банк операцияларына ҚҚС салынғаннан кейін бағасы­ның өсуіне жол бермеу үшін бәсе­келестікті қорғау агенттігі Үкімет­пен бірлесіп ағымдағы бағалардың дұрыстығына талдау жүргізеді.

Айта кету керек, бізде жұмыс тобында әлі де белсенді түрде тал­қыланып жатқан депутаттардың біраз ұсынысы бар, екінші оқы­лым­ға дейін олар бойынша да келісілген шешімдер табамыз деп үміттенеміз. Қазір депутаттардың бар­лық ұсынысын пысықтау жал­ғасуда. 

– Одан бөлек, жаңа Салық ко­дексінде қандай негізгі өзгеріс­тер бар?

– Жаңа Салық кодексі аясын­да бірнеше маңызды өзгеріс қо­ғам­да қызу пікірталас тудырды және жұмыс тобы осы мәселелер бойынша мынадай ортақ ше­шім­дерге келді. Мысалы, корпора­тивтік салық бойынша, әлеуметтік салада кезең-кезеңімен жаңа мөл­шер­лемелер енгізілетін болды. Бұл өзгеріс ең алдымен білім беру және медицина секторларын қам­тиды. Сонымен қатар арнаулы салық режимінде тыйым салын­ғандар тізімі енгізілді. Бұл шара биз­неске ашықтық пен тәртіп ор­натуды көздейді, себебі тыйым са­лынбағанның барлығына рұқ­сат етілді. Сондай-ақ ауыл шаруа­шылығы тауарын өндірушілер үшін қазіргі салық режимі сақ­талды, яғни олар үшін 70%-дық жеңілдік сақталады, бұл салаға оң әсер етеді. Ал өңдеу өнеркәсібі үшін корпоративтік табыс салы­ғының 20%-дық мөлшерлемесі сақталады. Бұл шешім саладағы салықтық жеңілдіктерді жоюды және саланың өзіндік бәсекеге қабілеттілігін арттыруды мақсат етеді. Осылайша, барлық тарап­тың келісімімен көптеген мәселе бойынша ортақ шешімдер қабыл­данды. Бұл жаңа Салық кодексі – қоғамдағы әртүрлі қажеттілік пен сұранысты ескеріп жасалған теңдестірілген қадам.

– Салық кодексі жобасында салықтардың саны қысқарып, әкім­шілендіру жеңілдейтіні ай­тылған. Оның бизнеске әсері қан­дай болмақ және осы өзгерістер көлеңкелі экономиканы азайтуға септігін тигізе ме?

– Жаңа салық жүйесінің жеңіл­детілуі шағын және орта биз­нес үшін өте маңызды артық­шылықтар ұсынады. Біріншіден, салықтар санының 12-ден 11-ге, алымдар санының 10-нан 6-ға дейін азаюы бизнестің әкімшілік шығындарын айтарлықтай төмен­детеді. Бұл – шағын кәсіпкерлер үшін үлкен жеңілдік, себебі бұрын аталмыш салықтар бойынша әр­қайсысына жеке есеп беру керек болатын. Енді бұл процесс жеңіл­детілді, соның арқасында кәсіп­керлер уақыт пен ресурсын үнем­дей алады. Екіншіден, салық ставкаларының 77-ге азайып, 128 са­лықтық жеңілдік алынып тас­тал­ды. Бұл бюджетке жыл сайын шамамен 1,3 трлн теңге қосымша табыс әкеледі. Бірақ бұл тек табыс емес, сонымен бірге салықтық әді­леттілік. Бұрынғы жүйеде кей­бір секторлар мен компаниялар негізсіз жеңілдіктерге ие болды. 

Сонымен қатар жаңа әкім­шілік жүйенің енгізілуі кәсіпкер­лер үшін үлкен қолдау. Атап айтқанда, салықтық есептілік те оңайлады, яғни, құжаттар саны 30%-ға азаяды. Бұрынғыдай фор­малды есептілік емес, нақты тәуе­келге негізделген тексеру жүйе­сіне көшеміз. Яғни, бизнес енді болмашы қателіктер үшін жаза­лан­байды. Камералдық бақылау­дың жұмсақ форматта ескерту ретінде жүргізілуі бизнес үшін өте маңызды өзгеріс. Бұрын кәсіп­керлер көбіне формальды бақы­лау­дың қатаң жүйесіне тап бола­тын, ал енді салық органдары олар­ға алдын ала ескерту жасайды. Бұл кәсіпкерлерге өз қателіктерін түзетуге уақыт береді. 

Одан бөлек, жаңа Салық ко­дексіне енгізілген жалтаруға қар­сы күрес шаралары отандық салық жүйесінде адалдық пен ашықтықты қамтамасыз етуге бағытталады. Біріншіден, салық­тық бұзушылықтары бар тұлға­лардың жаңа ЖШС тіркей алмауы бизнес қоғамдастығындағы тәр­тіпті күшейтпек. Бұл шағын және орта бизнесті адал жұмыс істеуге ынталандырады, өйткені салық­тық міндеттемелерді орындамау ұзақмерзімді перспективада олар­дың бизнесін дамытуға кедергі келтіреді.

Екіншіден, энергетиктерге ак­циздер енгізу энергетика сала­сында адалдықты арттырып, са­лық төлеуді күшейтеді. Бұл өзгеріс саладағы салықтық түсу көлемін ұлғайтып, бюджетке қосымша түсімдер әкеледі. 

Жалпы, бұл шаралар шағын және орта бизнесті заңсыз әрекеттерден сақтайды, адал бә­секелестікті қалыптастырып, салық жүйесінің тиімділігін арт­тырады. Сонымен қатар эко­номикадағы жалпы жағдайды жақсартуға ықпал етіп, кәсіп­кер­лер үшін салық жүйесінің қара­пайым және тиімді болуына мүм­кіндік береді. 

– Ал шағын бизнес үшін арнайы жеңілдетілген салық режимі туралы не айтасыз? Бұл режимнің ерек­шеліктері қандай және ол шағын кәсіпкерлерге қалай көмектеседі?

– Жаңа Салық кодексінде шағын бизнес үшін енгізілген жеңілдетілген арнайы режим – АСР (арнайы салықтық режим) шағын және орта бизнестің да­муына арналған маңызды қадам. Бұл режимнің басты мақсаты – салықтық ауыртпалықты азайтып, кәсіпкерлердің жұмысына тиімді жағдай жасау. Шағын бизнес – еліміздегі экономиканың маңыз­ды секторларының бірі, сон­дық­тан оның дамуына қолайлы жағ­­дайлар жасау мемлекеттің бас­ты міндеті. 

АСР негізінде жұмыс істейтін кәсіпкерлер жеңілдетілген дек­ларацияны пайдаланып, салық төлеу процесін айтарлықтай оңай­­лата алады. Мұндай әдіс олар­дың салықтық міндет­теме­лерін түсінікті әрі жеңіл етіп, қағаз­бастылықты азайтады. Сол ар­қылы кәсіпкерлер уақытты үнем­деуге және ресурстарды бас­қа маңызды аспектілерге бағыт­тауға мүмкіндік алмақ. Сондай-ақ жеңілдетілген декларация бойын­ша салық есептілігі көп уақыт пен күш-жігерді талап етпейді. Бұл өзгерістер, әсіресе жеке кәсіпкер­лер үшін үлкен жеңілдік, өйткені олар ұдайы салықтық есеп беру­ден босатылып, өз ісін дамытуға көбірек назар аудара алады.

Сонымен қатар аталмыш ре­жимге қатысты тағы бір маңызды ерекшелік – оның шегі жылына 2,36 миллиард теңге көлемінде белгіленуі. Бұл сома  шағын және орта бизнестің айналымы үшін негіз ретінде қабылданған. Осы мөлшерден аспайтын кәсіпкерлер АСР-ді қолдана алады. Бұл деге­німіз, шағын бизнес кәсіпкерлері үшін салықтық ауыртпалық әл­деқайда жеңілдейтінін білдіреді. Бұрынғы жүйеде шағын бизнес үшін салықтық шектер әлдеқайда төмен болды, ал жаңа жүйе оларға кеңірек мүмкіндік беріп отыр. Мұндай өзгеріс кәсіпкерлікті да­мы­туға ықпал етеді және көптеген кәсіпкерге өз бизнесін заңды түрде тіркеп, тұрақты түрде жұмыс істеуге мүмкіндік береді.

ҚҚС салынбайтын секторлар туралы айтатын болсақ, үй дүкен­дері, шаштараздар және басқа B2C (бизнес – тұтынушы) сектор­ларында жұмыс істейтін кәсіп­керлер үшін қосымша жеңілдіктер қарастырылған. Әдетте ҚҚС мөлшері жоғары болса, баға қымбаттап, тұтынушылардың сұранысын азайтуы мүмкін. Ал бұл режимде ҚҚС-тың болмауы кәсіпкерлердің өнімдерін немесе қызметтерін арзандатуға мүмкін­дік береді. Сонымен қатар бұл ша­ғын бизнес өкілдеріне бәсеке­лестік қабілеттерін арттырып, на­рықтан өз орнын табуына ық­пал етеді.

Шын мәнінде, шағын бизнес үшін жеңілдетілген режимдердің енгізілуі – экономикалық даму үшін өте маңызды қадам. Себебі шағын кәсіпкерлер көптеген жұмыс орнын құрады, сол арқылы ел экономикасына айтарлықтай үлес қосады. Сондықтан шағын бизнесті қолдау шараларының басты мақсаты – кәсіпкерлердің салықтық жүктемесін азайту ғана емес, сонымен қатар олардың дамуына нақты жағдайлар жасау.

Шағын кәсіпорындар мен жеке кәсіпкерлер көбіне үлкен биз­неске қарағанда қаражат тап­шылығына және әкімшілік қиын­дықтарға жиі тап болады. Сон­дықтан оларға тиімді салықтық режимдер мен жеңілдіктер қажет. Аталмыш жүйе осы мәселелерді шешу үшін енгізілді, өйткені ол шағын бизнеске өз жұмысын оңай жүргізуге мүмкіндік береді.

Шағын кәсіпкерлерге жеңіл­детілген декларация, жоғары сома шегі мен ҚҚС-тан босатылған секторлар өз кезегінде кәсіпкерлік қызметтің тиімділігін арттырып, көптеген жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді. Бұл, өз кезегінде, еліміздің экономика­лық дамуын жеделдетіп, шағын бизнестің тұрақты түрде өсуіне жағдай жасайды деп сенемін.

– Жаңа Салық кодексінде кә­сіп­керліктен бөлек сән-сал­танат­қа салық енгізу ұсынылып отыр. Бұл қандай мүліктерге қатысты және оның басты мақсаты не?

– «Сән-салтанат салығын» енгізуді ұсынып отырмыз, бұл – қоғамда әділеттілік принципін күшейтудің бір жолы. Нақтырақ айтсақ, бұл салықтар құны 450 миллион теңгеден асатын жыл­жы­майтын мүлікке, 75 миллион теңгеден қымбат автокөліктерге, сондай-ақ яхта, ұшақ секілді сәнді мүліктер мен элиталық алкоголь өнімдеріне қатысты болады.

Басты мақсат – қарапайым азаматтарға ауыртпалық түсірмей, та­бысы жоғары адамдардың са­лықтық жауапкершілігін арттыру. Бұл – халықаралық тәжірибеде кең таралған әдіс, мысалы, дамы­ған елдердің көбінде сәнді мүлікке қосымша салықтар қарастырыл­ған.

Сонымен қатар бұл салықтың арқасында бюджетке қосымша түсім түседі және ол қаражат әлеуметтік маңызды салаларға – білім, медицина, инфра­құры­лымға бағытталады. Яғни, қоғам­да көп пайда көріп отырған адамдар өз үлесін көбірек қосады. Бұл  әділетті әрі уақыт талабына сай шешім деп есептейміз.

– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан 

Кәмила ДҮЙСЕН