Сұрапыл соғыстың жарасы әлі жазылған жоқ. Талай шаңырақты шайқап, ананы жесір, баланы жетім қалдырған қан майданның қасіреті де санадан өшпейді.
Соғыстың соңғы солдаты
491
оқылды

Десе де, «Жеңіс» деген ұлы көктемді жақындатқан батырларымыздың ерлігі ешқашан ұмытылмақ емес. Тек майдангерлеріміздің қатары жыл санап сиреп бара жатқаны жанға батуда. Міне, сондай соғыстың соңғы солдаттарының бірі – Тараз қаласының тұрғыны Мүтәліп Ережепбайұлы. 

Мүтәліп қария 1926 жылы 23 наурызда Талас ауданы Қарой ауылында дүниеге келген. Әкесі Ережепбай «халық жауы» атанып, 8 жылға сотталып, артынша атылған. Мүтәліп ақсақал анасы Бекпатша екеуі бұл қасіретті де бастан өткерген. Ардагер 1941 жылы Ұлы Отан соғысы басталғаннан кейін майдан да­­ласына аттануға өз еркімен бірне­ше рет өтініш жазады. Алайда тек 1944 жылы мамыр айында 18 жасында соғысқа аттанған. 664-ші мото­атқыштар полкі құрамында 3-ші Беларусь майданына әскерге шақыртылған. Аз ғана дайындықтан кейін Прибалтика майданында Кенигсберг қаласы маңындағы, Берлин қаласын алудағы шайқастарға қатысқан.

Соғыстан кейін ардагер әйгілі Брест сияқ­ты қалаларды қалпына келтіру жұмыс­та­ры­на қатысып, елге 1952 жылы бір-ақ оралады. Майдангер ІІ дәрежелі «Отан соғысы» орденімен, «Берлинді алғаны үшін» медалімен марапатталған. Ал елге келгеннен ке­йін 1956 жылы Талас аудандық «Кеңес» ат­қару комитетінде нұсқаушы, кадр және құпия бөлімдерінің меңгерушісі, 1958 жылдары аудандық «Ленин жолы» (қазіргі «Талас тынысы») газетінде жауапты хатшы, редактор қызметтерін атқарған. Соғыс ар­дагері – Талас ауданының «Құрметті аза­ма­ты». Жұбайы екеуі 3 ұл, 3 қыз өсіріп, бүгінде олардан 16 немере мен 43 шөбере сүйіп отыр.

Өткен жылы Мүтәліп қарияның өмірінде тағы бір тарихи оқиға болды. Беларусь Рес­публикасының Президенті Александр Лукашенко неміс әскерлерінің Беларусь жерінен шығарылуына 80 жыл толуына орай мерекелік медальдар дайындатқан. Брест қамалын қорғау және қалпына келтіру ісіне қосқан үлесі үшін «Неміс фашист әскер­ле­рінің Беларусь жерінен шығарылғанына – 80 жыл» мерекелік медалімен Мүтәліп қария да марапатталды. 

99 жастың жотасына келсе де, Мүтәліп қария өте тың. Хәлін сұрап келген адамдарды өзі жылы шыраймен қарсы алып, ендігәрі соғыс оты тұтанбауын тілеуде. 

– Өмір мен өлім арпалысқан соғыста бірнеше мәрте ажал аузынан аман қалдым. «Қырық жыл қырғын болса да, ажалы жеткен ғана өледі» деген осы шығар. Қан майданда аяғымнан ауыр жарақат алып, төсек тартып та жаттым. Алайда Аллаға шүкір, соғыстан аман оралып, туған өлкемнің дамуына там­шыдай болса да өз үлесімді қостым деп ойлаймын. Бүгінгі ұрпақ сол бір зұлмат жылдарды көрмесе екен деймін. Жаратқан сондай кезеңді ешкімнің басына бермесін. Мен куә болған қан майданды қазақтың ба­сына енді жазбасын. Егеменді еліміз дамып, халқымыз бай-қуатты ғұмыр кешсін! – дейді қария ақ батасын беріп.

Мүтәліп ақсақалдың жұбайы Тынышбала бастарынан қандай қиындықтар өтсе де жұптары жазылмағанын айтады. Сондай-ақ майдангер аталарын бүгінде ұл-қыздары мен немере-шөберелі мақтан тұтуда. 

– Жарты ғасырдан астам уақыттан бе­рі өмірдің ащы-тұщысын қатар көріп келе­міз. Түрлі қиындықтарды да бастан өткеріп, бар­лығына шыдадық. Бүгін міне, пер­зент­теріміз жетіліп, көз қуанышымызға айна­лып отыр. Ұл-қыздары үшін әкелері – даналықтың қай­­нар көзі, тарихтың тірі куәгері. Немере-шө­берелері де аталарын үлгі тұтып, ден­сау­лығының зор, өмір жасы ұзақ болуын тілей­ді, – дейді Тынышбала Нөгербекқызы.

Майдангердің:

«Қош келдің, үлкен ауыл тоқсан деген,

Жүріп келем жақсылар өткен жолмен.

Жамбыл жайлы бір еңбек жазып шықтым,

Үмітім бар Жамбыл жасына жетсем деген», – 

деп тоқсан жасқа келгенде жазған жыр жол­дары бар. Расында, биыл тоқсанның то­ғызына шыққан майдангердің тілеуі ­қа­был болып, жыр алыбы Жамбылдың жасына жетіп отыр. Ләйім, Мүтәліп қария ғасыр ғұмырдың да таңын атырсын деп тілейміз!

Саятхан САТЫЛҒАН,

Жамбыл облысы