Ғылым – әрқашанда биікте тұруға тиіс салалардың бірі. Елімізде бұл саланың қарқыны жылдан-жылға артып келеді.
Әділбек Тәжібаев, инженер-зерттеуші: Ғылымға жан бітсе, елге нәр бітеді
671
оқылды

Жақында Қазақстанда бұрын-соңды шығарылмаған, ғылымға негізделген электрмашиналары жарық көрді. Бұл жоба Қазақстан Республикасы Әділет министрлігі мен ҚазПатент ұйымы тарапынан жоғары бағаланып «Жас өнертапқыш» номинациясымен марапатталды. 

Еліміздегі ғылымның әлеуеті қандай? Инженерия саласында мамандар тапшылығы бар ма? Осы сұрақтар төңірегінде электрмашина құрастыру бойынша инженер-зерттеуші Әділбек Тәжібаевпен әңгімелескен едік. 

– Әңгімемізді өзіңіз жетекшілік еткен соңғы жаңалықтан бастасақ. Қазақстанда бұрын-соңды өндірілмеген электрмашиналарын жасап шығардыңыздар. Бұл жобаның ғылымға сүйеніп жүзеге асқанын да атап өттіңіз. Осы бастама туралы кеңірек айтып өтсеңіз.

– Жалпы алғанда, мен Alageum Electric компаниясында ғылымға не­гіз­делген инженерлік шешімдермен ай­налысамын. Нақтырақ айтқанда, трансформаторлар мен әртүрлі электр жүйелері сияқты өнімдерді өндіру барысында ғылыми тәсілдерді қолданамыз. Біздің әрбір жұмысымыз білім мен зерттеуге негізделген. Өндірісімізде толық циклді зауыттар бар – яғни, өнімнің ойластырылуынан бастап, оны жасап шығаруға дейінгі барлық кезең осы жерде жүзеге асады.

Электр құрал-жабдықтарын нарық талаптарына сай зерттеп, олардың өндірісте қолдану мүмкіндігін анық­тай­мыз. Әр шешім ғылыми талдау мен нақты есептеулерге сүйенеді. Әуе­лі тұтынушының сұранысын зерт­тейміз, содан соң техникалық бағдар­лама негізінде электромагниттік, элек­тродинамикалық, механикалық, сейсмикалық, жылулық есептеулер жүргізіледі. Бұл – өте мұқият әрі жауапты процесс.

Осыдан кейін әрбір бөлшек сызылып, өндірістік нұсқаулықпен бірге зауытқа жіберіледі. Зауытта біздің сызбалар мен технологиялық нұсқаулар негізінде құралдар құрастырылып, сынақтан өтеді. Тексерістен сүрінбей өткен өнімдер экономиканың түрлі салаларына жол тартады.

Бүгінде біздің компания шығаратын электр құрылғылары Қазақстан бойынша кернеуі  500 кВт-қа дейінгі барлық номенклатураны толық қамтиды. Сонымен қатар 20-дан астам елге экспорттап отырғанымызды мақтанышпен айта аламын. 

– Былтыр Президент ғылымға ерекше мән беріп «Бізге ғалымдар, инженерлер, өнертапқыштар қажет. Мамандарымыз әлемдік бәсекеге төтеп бере алатындай білімді, білікті болуы керек. Бір сөзбен, ғылыми әлеуетімізді арттыру қажет» деген еді жас ғалымдармен кездесуінде. Сіздіңше, қазіргі ғылыми әлеуетіміз қан­­дай? Елімізде қандай инжиниринг орталықтары бар? 

– Қазақ ғылымының әлеуеті бұрын­нан жоғары. Бұрындары елімізде ғылы­ми институттар көптеп жұмыс істейтін. Кейін түрлі себептермен олардың көбі тарап кетті. Қазір сол ғылыми дәстүрлер қайта жандану үстінде деуге болады.

Өндірісте жүрген ғалым ретінде жетістікті әртүрлі тұрғыдан бағалауға болады. Бірі ғылыми мақалаларымен, бірі алған патенттерімен есептейді. Университеттер үшін бұл – рейтинг пен көрсеткіш. Ал біз, өндірістегі ғалымдар, жаңалықтың нақты сұранысқа ие болуына, оны өндіріске енгізіп, коммерциялай алу мүмкіндігіне қарап баға береміз. Жас ғалымдарға осы бағытта тереңірек ойланып, еңбегінің нақты нәтижесін көруге тырысқан жөн дер едім. Себебі ғылым – тек теориямен шектеліп қалмай, нақты өндірістік шешімдерге, инновацияға ұласуы керек. Бұл өз кезегінде елдің экономикалық дамуына тікелей үлес қосады.

Президент ғылымды ел болашағы­ның негізі деп атап өтті. Бұл – бір жағы­нан, жас ғалымдарға артылған сенім, екінші жағынан – үлкен жауапкершілік. Сондықтан бізге ғылыми әлеуетімізді күшейтіп, нақты нәтиже беретін жоба­ларға көбірек көңіл бөлу қажет деп са­наймын.

– Елімізде инженерияны оқытатын бірқатар жоғары оқу орындары бар. Алайда оқуын аяқтаған түлектердің көбі басқа саланың етегін ұстап жатыр. Оны қалай түсіндірер едіңіз? Теория мен практика қатар ұштасқан ба?

– Мен де жоғары оқу орнын тәмам­дадым. Бірақ өндіріс саласына қадам басқан сәтте, мүлде басқа талаптар мен ережелердің бар екенін түсіндім. Онда тек теориямен шектелу жеткіліксіз, әлемдік нарықпен бәсекелесе алатындай, әлдеқайда терең білім мен машық қажет болды. Тіпті, көп нәрсені қайтадан үйренуге тура келді.

Жалпы, университеттер толыққанды маман дайындап шығарады деп айта алмаймын. Керісінше, олар адамға ақ­паратты қабылдау мен талдай білу қа­білетін қалыптастырады. Егер бола­шақ инженер интернеттегі, ғылыми әдебиеттердегі мәліметтерді тиімді пайдалана білсе, сол ең үлкен жетістік болар еді. Қазіргі студенттер дәл осы машықты – ақпаратты іздеу, сараптау, қолдану қабілетін терең меңгеріп алуға тиіс. Бұл қабілет кейін өндірісте нақты нәтижесін береді.

– Инженерияның өзі сан тарауға бө­лінеді. Ал сол салалардың ішінде біз­­­ге қай бағыттарда маман тапшы? Бұл мәселені шешу үшін қандай нақты ғылыми қадамдар қажет?

– Қазір елімізде техникалық бағыт­тар – энергетика, көлік жасау, жер қойнауын игеру, тау-кен және мұнай салалары жақсы дамып келеді деп ойлаймын. Алайда осы салаларда ұзақмерзімді тұрақтылық пен сапалы дамуға қол жет­кізу үшін бізге отандық кәсіби инженерлер қажет. Өкінішке қарай, осы бағытта әлі де біраз ақсап тұрмыз.

Университет қабырғасынан шыққан түлек әлі толыққанды маман ретінде қалыптаспайды. Сондықтан өндіріс орындары жас мамандарды жұмысқа алуға асықпайды немесе еңбекақысы төмен қызмет ұсынады. Ал жас маман сол сәтте қаржылық жағдайға байланысты басқа, табысы жоғары салаларға ауысып кетіп жатады. Осылайша, алған дипломы кәдеге жарамай қалуы мүмкін.

Жалпы, инженер мамандығын үш негізгі бағытқа бөлуге болады. Біріншісі – өндірістегі инженер. Бұл салада бізде мамандар жеткілікті. Екіншісі – инженер-ғалым. Бұл – ғылыми зерттеу мен инновациялық ойды ұштастыратын бағыт. Үшіншісі – инженер-кәсіпкер. Бұл – инженерлік білімді кәсіппен ұштастырып, жаңа өнім, жаңа өндіріс ашуға қабілетті тұлға. Өкінішке қарай, елімізде осы екі соңғы санаттағы инженерлер әлі де сирек кездеседі.

– Өзіңіз қазіргі таңда қандай жұмыс­тармен шұғылданып жатырсыз? Алға қандай жоспар, мақсат қойып отырсыз? 

– Қазіргі басты мақсатымыз – өн­діріс саласына жаңа, инновациялық шешімдер енгізу. Энергетика саласына IT технологиялары мен жасанды интеллект құралдарын тиімді қолданып, жаңа нәтижелерге қол жеткізу. Жаса­лып жатқан электр құралдарының сапасын бағалап, олардың өміршеңдігі мен ресурсын арттыру. Өнімнің жаңа түрлерін игеру.

Елімізде жоспарланып, жүзеге асырылып жатқан ірі жобаларға, әсіресе баламалы энергия көздері – күн, жел және атом энергиясын игеру мен іске асыруға белсене қатысу.

Мемлекет тарапынан жалпы ге­не­рация көлемін екі есеге арттыру көз­­деліп отыр. Бұл – ауқымы кең, елеулі күш-жігер мен терең ғылыми зерттеуді қажет ететін жобалар. Сол себепті осы бағытта өзіміздің ғылыми және технологиялық шешімдерімізді ұсынып, нақты үлес қосу – алдағы басты межеміз.

– Әңгімеңізге рақмет!

Әңгімелескен Әсет ҚАЛИ